Назарбаев: Мен туралы жазылған өлеңдер мен түсірілген фильмдер маған ұнамайды
2017 ж. 24 наурыз
6105
7
Мемлекет басшысы Н. Назарабев өзіне арналған өлеңдер мен фильмдер көңілінен шықпайтыны туралы айтты. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
Президенттің БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында Esquire.kz сайтының шеф-редакторы Гүлнәр Бажкенова: “Соңғы уақытта сіздің құрметіңізге өлеңдер жазылып, кино түсіріліп, ескерткіштер қойылып жатыр, депутаттар да түрлі ұсыныстар жолдап жатыр. Конституцияның 91-бабын өзгерту арқылы тұңғыш президенттің мәртебесін бекітіп те қойды. Менің сауалым қарапайым ғана: Сіз бұған қалай қарайсыз? Сізге бұл керек пе? Әлде мұның бәрі соларды жасап жатқан адамдарға қажет пе?”, – деп сұрады.
“Бір сөзбен ғана айта аламын: маған мұндай нәрселер керек емес. Мен бұл туралы үнемі ашық айтып жүрмін”, – деді президент.
Ол Марк Аврелийдің “Ескерткіш соғу арқылы, келер ұрпақ сені есіне алады деп ойлама” деген сөзін келтірді.
“Кезінде Лениннің, Сталиннің ескерткішін шуылдап қолдағандар қазір не болды. Сол қолдаған адамдар әлгі тұлғаларды өздері құлатып тастады. Кейін президенттіктен кеткен кезде, мен келер ұрпақтың шешіміне әсер ете алмайтын боламын”, – деді Назарбаев.
“Мен бір нәрсеге ғана келісімімді бердім, ол Назарбаев атындағы университет. Бұл еліміздегі барлық университеттерге үлгі болатын ерекше оқу орны. Бұған барша қоғамның, үкіметтің назарын аударып, дұрыс даму жолында болу үшін келістім. Бұл университет тек жоғарғы оқу орны ғана емес, Қазақстандағы ғылыми орталыққа айналды. Және солай қалады”, – деді президент.
Елбасы өзге ұсыныстардың ешбіріне ешқашан келісім бермегенін қадап айтты.
“Сол себепті тағы да қайталап айтайын, маған бұлар керек емес. Маған бұл ұнамайды. Саясат туралы, әрбір адам мен оның істері туралы, қандай адам болды, қандай әке, қандай ана, артына қандай із қалдырды, әңгіме осы жағында болуы тиіс. Жаңа Қазақстан мемлекетін құру үшін маған халықты басқарып, картадан орын табу керек болды. Осы елдің астанасын нөлден бастап құрып, жоқтан бар еттік. Міне қараңыздар. Астана – еліміздің мақтанышына айналды”, – деді Назарбаев.
Соңғы жылдары елімізде Нұрсұлтан Назарбаев туралы бірнеше сериялы фильмдер түсіріліп, бірқатар кітаптар жазылған. Тіпті оның атын ел астанасына, әуежайға, басқа да нысандарға беру де ұсынылды. Алайда мемлекет басшысы Астананың атын ауыстыру туралы ұсынысқа қарсы шығып, қолдамады.
Еске сала кетейік, Елбасы туралы Дүкенбай Досжан, Несіпбек Айт бастаған бір топ қаламгер романдар мен өлеңдер жазса, отандық режиссерлер "Балалық шағымның аспаны", "Көшбасшы жолы" секілді бірнеше фильмдер мен сериалдар түсірген.
Дереккөз: Караван