Қырғызстан Атамбаевтың атышулы сұхбатына қатысты мәлімдеме жасады
2017 ж. 21 ақпан
2985
7
Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанды қырғыздардың өліміне қатысты деп айыптаған Алмазбек Атамбаевтың сөзіне түсініктеме берді деп хабарлайды NUR.KZ.
"Кемелова Қазақстан тарапына Атамбаевтың сөзі 2010 жылғы оқиғаларға қатысты екенін жеткізді. Сәуірдегі оқиғаларға байланысты екі ел арасындағы шекара жабылуы тұрғындарға ыңғайсыздық тудырған", - делінген хабарламада.
Оның айтуынша, заңды түрде шекараны кесіп өту мүмкін болмағандықтан, бір топ жастар Қазақстанға Шу өзені арқылы жүзіп бармақшы болған.
"Сондай-ақ, ата-анасы медициналық тексеруден өткізу үшін шекарадан өтпек болған сәбидің қайтыс болғандығы туралы дерек тіркелді", - делінген Қырғызстан СІМ баспасөз хабарламасында.
Динара Кемелованың хабарлауынша, шекараның жабылуына байланысты дәрі-дәрмек шектеліп, ауыр сырқатқа шалдыққан адамдардың өлімі тіркелген.
"Қазақстаннан әкелінетін дәрі-дәрмекке тосқауыл қою елдегі жағдайды одан әрі ауырлата түсті. Шекараның жабылуы ел азаматтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын төмендетті", - делінген хабарламада.
Қырғызстан тарапы Атамбаевтың сұхбатына қатысты шу көтеруді доғарып, ортақ келісімге келуге және әріптестікті одан әрі нығайтуға шақырған.
Еске сала кетейік, Euronews арнасына сұхбат берген Алмазбек Атамбаев Қазақстанды өз отандастарының өліміне кінәлі деп айыптаған болатын. Атамбаевтың бұл сөзі ел арасында үлкен дау тудырды.