Алматы әкімі қазақтардың еуропалықтарға қарағанда әлдеқайда бай тұратынын айтты
2017 ж. 20 ақпан
3330
12
Алматы әкімі Бауыржан Байбек қазіргі уақытта көлігі бар болу байлықтың белгісі емес екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Қала басшысының айтуынша, Алматы халқының саны 1,5 есеге өссе, көліктер саны тоғыз есе өскен.
"Кеңес кезінде адам көлік сатып алса, бай дейтін, ал сатып алмаса, жағдайы жоқ деп есептелетін. Бізде осы парадигма әлі де бар. Азаматтар көліктің абырой емес екенін түсінбейді, бұл қозғалыс құралы. Кейде метромен жүру ыңғайлы, арзан әрі тиімді. Кешкі уақытта көлікпен жүруге болады. Осыны зерттеу көрсетіп отыр, таяуда реформаны халыққа таныстырып, талқылап, өткіземіз. Көліктер кептеліс қана туғызбайды, сонымен қатар, зиянды заттардың 80 пайызын шығарады", - деді Бауыржан Байбек халыққа есеп беру кездесуінде.
Айта кетейік, "Қазгидромет" РМК мәліметінше, төрт жыл ішінде ластану индексі 22 пайызға төмендеген. Ал энергетика нысандарынан шығатын зиянды заттар 2016 жылы 8 пайызға азайыпты.
Байбектің айтуынша, қоғамдық көліктердің 60 пайызы экологиялық таза.
Сонымен қатар, Алматы әкімі қазақтардың еуропалықтарға қарағанда әлдеқайда жақсы тұратынын сөз етті. Бұл туралы nur.kz хабарлады.
"Неге екенін білмеймін, көбісі 1500 теңгеге сыра сатып алып ішеді. Бірақ, Шымбұлаққа барып демалуды қымбат санайды. Егер адам дұрыс тамақтанбаса, әр жұма сайын қонаққа барып, майлы тағамдар жесе және оның үстіне ыстық шай ішсе, онда оған ешкім де көмектесе алмайды.
Сөйте тұра біз өзіміздің нашар өмір сүріп жатқанымызды алға тартамыз. Несие мен қонақ күтуге көп ақша кететінін айта берсек те, қазақтар еуропалықтарға қарағанда әлдеқайда бай тұратынын ұмытпау керек. Ешбір еуропалық азамат шашылып той жасамайды, тіпті 50 адамға да", - деді Байбек.