БАҚ: ҰҚК запастағы полковнигі Үш әріп пен полицияның былықтарын әшкереледі
2017 ж. 14 ақпан
4012
2
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігінің Ақтөбедегі құрылымдарында сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау бұрқ етті.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі Арат Нарманбетов «Диапазон» басылымына бұл масқара оқиғаға қатысты өз көзқарасын білдірді.
Айта кетелік, 10-ақпанда пара алды деген айыппен Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу басқармасының қызметкерлері ұсталған болатын. Тергеуде келтірілген деректерге сүйенсек, олар Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметінің сұрауға тартылған адамдарынан шекараны бақылау бөлімінің бастығына қоқан-лоқы көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тартамыз деп қорқытып, 2 миллион ақша сұраған. Ал шекараны бақылау бөлімінің бастығы Қазақстанға келу мерзімі өтіп кеткен әскери қызметкерлерді шекарадан заңсыз өткізген көрінеді.
— Біздің кезде мұндай бассыздық өте сирек орын алатын. Ал қазір құқық қорғау органдарында жемқорлық дегенді жиі кездестіресіз. Тіпті, бұл қалыпты өмір салтына ұласуда. Әрине, қорқынышты. Ондай адамдарда Отанға деген адалдық, махаббат деген болмайды.
Қазір жұмысқа тұрған кезден бастап-ақ, ақшаны қалай жасау керектігін айтатын ақылгөйлер табыла кетеді.
Егер мен бұрын істеген жерімнен қазіргі жағдайдағы жұмысқа ауысқан болсам, ол арадан менің тірі шығуым екіталай. Өйткені белшесінен былыққа батқан жүйе мені өзі-ақ „тұншықтырып„ тастар еді. Мені керексіз қылып лақтырып жібереді немесе істі қылып, көзіме көк шыбын үймелетеді.
Бұл — ауыз жаласқан жүйе, оған қарсы шыққандарды, тіпті өз адамы болса да, ешкім аямайды.
Запастағы полковниктің айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі бір-бірімен күндес құрылымдар, сондықтан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Ішкі істер министрлігі құрылымының көмегіне жүгінуді жөн көргені таң қаларлық жағдай.
— Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Ішкі істер министрлігіне өз әріптестерінің үстінен арызданады. Бұл ақылға сыймайтын дүние ғой. Егер ол басқа құрылымға арызданса, демек өз ішінен қолдау таппағаны ғой. Бұл менің жағдайымды еске түсіреді, Рахат Әлиевпен соттастым емеспін бе? Ол кезде мен тергеушілерден де, прокуратурадан да, соттан да қолдау таба алмадым.
Демек, бұл арадағы жағдай жәй әшейін нәрсе емес, оның артында үлкен мәселе тұр.
Шекарашылар Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанындағы айырықша бөлімге арыздана алатын еді. Не болмаса прокуратураға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке шағымдансын. Қалай дегенмен де сыбйлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұл істі қолға алғаны жақсы болды.
Нарманбетов Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері өз әріптестерінен, ал олардан Ішкі істер министрлігінің өкілдерінің пара талап етуінің өзі өте масқара жағдай екенін айтады.
— Білмеймін, бұған қалай бастары жеткен? Ішкі істер министрлігі өкілдері Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерін бопсалады дегеннің өзі жаға ұстататын жағдай.
Погондағы адамдар погондағы адамдарды бопсалайды. Бұл деген жетер жерімізге жеткендік қой. Бұдан артық не бар енді?
Қалай дегенмен де бұл істің әрбір бөлшегін жіберіп алмай, тыңғылықты зерттеу керек, — дейді Арат Нарманбетов.
Оның пікірінше, құқық қорғау органдарында ешқандай қадағалау да бақылау да жоқ, барлығы бетімен кеткен. Сондықтан тура осы мәселеге прокуратура көңіл бөлсе екен, дейді запастағы полковник.
— Мен әріптестерімнен бұл ведомствалардың ішінде бақылау деген атымен жоқ екенін жиі естимін.
2011 жылы Ақтөбеде теракт орын алғаннан кейін күш құрылымдарына қосымша көлік пен техника алу үшін қаражат бөлінді делінді. Бірақ ешқандай да техника алынбаған. Өйткені 2016 жылы тағы да теракт орын алғанда лаңкестермен күресте тағы да автобус пен техника жетіспейді. Сондықтан да мен күш құрылымдарындағы жағдай жақын арада түзеледі дегенге онша сенбеймін.
Олар өз ішінде тәртіп орната алмайды, ол қолдарынан келмейді, сондықтан Бас прокуратураға бұл құрылымдардың ішкі мәселесіне баса назар аударуды сұраймын!
Дереккөз: 365info.kz