Министрлер конституцияның 26 бабындағы "әркім" сөзіне түсінік бере бастады
2017 ж. 08 ақпан
2252
1
Бүкіл елді алаңдатқан конституцияның 26 бабындағы "әркім" сөзіне министрлер пікір білдіре бастады деп хабарлайды 31 арна.
"Қазақстан Республикасы азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады" деген мәтіндегі Қазақстан азаматы сөзінің "әркімге" ауысуы халық арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Қалың бұқара мемлекет іргетасы саналатын Ата заңдағы "әркім" сөзін шетелдіктер қолданып, киелі жерімізге қол салады деп қауіптенеді. Ал заңгер, парламентте заң қабылдауда тәжірибесі бар экс-сенатор Уәлихан Қайсар 26 баптағы бір ғана сөзді екі тұрғыдан қарау керек деп есептейді.
"Егер осы 26 бапқа ұсынылып отырған өзгертулер қабылданатын болса, онда жер кодексінің бірнеше баптары өзгертілуі керек. Ал жер кодексінде шетеліктерге сатып алуға болады дегені конституцияға сәйкес кез-келген азаматқа сатып алуға болады дегенге ауысады", - дейді экс-сенатор.
Сондай-ақ, ақпарат және коммуникациялар министрі де үнсіз қалмады.
"Бұл бап елге келген, елде жүрген шетелдік ааматтар көлік сатып алса, сол көлікке мемлекет тарапынан заңды түрде қорғайды деген сөз. Бұл дүниежүзілік практикада бар", - дейді Дәурен Абаев.
Ал, жер реформасы жөніндегі комиссияның құқықтық мәселелер тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан бұл бапты сол қалпында қалдыру керектігін айтады.
"Менің ойымша, бұл ұсыныс өте күмәнді. Өйткені, латифундизм деген ұғымды біз жойып тастауымыз керек. Жер халыққа тимей ауылда жұмыссыздық болады", - деп қайырды сөзін ол.
Үкімет мүшелері Конституциядағы өзгерістер халықтың пікірін ескеріп қабылданады деп отыр. Ал, әзірге 26 ақпанға дейін жұрттың өз ұстанымын әлеуметтік желі арқылы білдіруіне немесе Астанаға хат арқылы жолдауына құқығы бар.