Қазыбек Иса.  Дүбірлі түзетулерді түбірлі өзгерістерге жалғастыруымыз керек

"Демократия кемшіліксіз емес,

бірақ адамзат одан артық

ешнәрсе ойлап тапқан жоқ."

Уинстон Черчилль.

   

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен таяуда жарияланан Конституцияға өзгерістер енгізу жобасын талқылау  қоғамда зор дүбір туғызуда.  Әрине, билік бұтақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлісу ешкімді енжар қалдырмасы анық. Мемлекет басшысының айтуынша, президенттің 40 шақты өкілеттігі  парламент пен үкіметке берілмек.

Енді  екінші Назарбаев болмайды

Конституциямыз бойынша, бізде билік формасы президенттік басқару емес, тіпті, супер президенттік басқару екені белгілі. Елбасымыз өзінің үндеуінде атап өткендей, Тәуелсіздіктің бірінші 25 жылдығында күшті вертикаль президенттік билік жаңа мемлекетті құрудың  зор қиындықтарын еңсеру үшін керек болды. Бұл өзін ақтап,  міндетін толық өтеді деп ойлаймын. Біз енді дамудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. Бұл реформаның басты мақсаты - Президент өзінің билік өкілеттіктерінің біршамасын  парламент пен үкіметке береді. Парламенттің рөлін күшейту жайында  ең алғашқылардың бірі болып айтқан "Ақ жол" партиясы.  Парламенттің өкілеттігін кеңейту туралы біздің партияның саяси бағдарламасында да жазылған. Тіпті, 2005 жылы партия Конституциялық реформа керектігі туралы үш ай бойы талқылау да өткізген болатын.  Билік  бұтақтары  өкілеттігінің даму барысы - парламент пен мәслихаттардың барлық деңгейдегі атқарушы билік органдарымен арақатынасы, үкіметтің  қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігі  туралы мемлекеттік бағдарламаларда да жазылған. Бұл туралы президент Нұрсұлтан Назарбаев та  айтып өтті. Елімізді саяси модернизациялау үшін бізде барлық алғышарттар бар, көппартиялы парламенттің де алқашқы қадамдары жасалды. Мысалы, "Ақ жол" партиясы парламенттегі аз орындарына қарамай,  Қазақстанда көппартиялы жүйенің мүмкіндігін көрсетті.  Яғни, "ақжолдықтар" парламенттік пікірталастарда белсенділік танытты. Нұрсұлтан Назарбаев реформалардың мәні мемлекеттік биліктің барлық жүйесі жұмыстарының тиімділігінде деп атап көрсетті. Бізге  саяси жүйені модернизациялау - мемлекеттік жауапты шешімдер қабылдау барысына азаматтық күштердің белсене атсалысуы үшін қажет. Ол жалпы партиялық  жүйеде, партиялардың өз ішінде де реформалауды қажет етеді деп білемін. Болатын өзгерістер партиялардың бәсекелестігіне жалғасуы керек. Әрине, ол бәсекелестік әділетті болуы тиіс. Бұл модернизациялау тек  өзгерістердің басы ғана, бірақ президенттік басқару  әзірше сақталады, өйткені негізгі функциялар президентте болады. Бірақ келешекте Қазақстан  күшті, өкілетті парламент алдында есеп беретін жауапты, ашық үкіметі бар  парламенттік-президенттік басқару жүйесіне өтуі мүмкін. Егер келесі президент үшін  тиісті  жүйелер дайындалмаса, онда ол белгілі жағдайларда Тұңғыш президент үшін жасалған заңдармен жұмыс істеуі мүмкін, бірақ енді ешқашан екінші Назарбаев болмайды.  Сондықтан да, осындай "қарама қарсылықтарды"  шешетін және  саяси аренадағы, әлемдік саясаттағы да  ойыншыларды қанағаттандыратын  жаңа саяси құрылым  болуы керек. Ал бұл қазіргі саяси және  әлеуметтік-экономикалық  вектордың дамуын өзгертудің қажеттілігін мойындаусыз  мүмкін емес. Парламенттік басқару формасының ерекшелігі, оның  барынша демократиялылығымен қатар  орталықтандырылған жеке әміршілік басқару болмағандықтан,  әлсіз тұстары да бар. Сондықтан басқару формасының аралық буыны рөлін парламенттік-президенттік жүйе атқаруы мүмкін. Сондықтан да парламенттік республика жалпыхалықтық  талқылаудың, жария саясаттың, қоғамдағы келісімнің нәтижесі болуы керек. Қазіргі Конституция бойынша, үкімет құрылымын президент өзі анықтап,  министрлерді өзі тағайындайды. Енді  Президент бұны Мәжілістің келісімі бойынша (сыртқы істер министрі мен қорғаныс министрінен басқасын)  жасайды. Президент қазіргідей мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік органдарды қаржыландыру мен қызметкерлеріне жалақы төлеудің  біріңғай  жүйесін бекітпейді. Дегенмен, енді Үкімет мемлекеттік бағдарламалар мен қаржыландыру  жүйесін  президентпен келісуі керек. Президент сонымен қатар заң күші бар жарлықтар шығармайтын болады. Бізде қазір үкімет  президент алдында жауапты, ішінара кей жағдайларда ғана парламент алдында жауапты.   Енді  президент пен парламент алдында тең жауап беретін болады. Қазіргі Конституциямыз бойынша үкімет өзінің атқарған жұмысы туралы президент алдында есеп берсе, енді  парламент алдында ғана есеп береді. Бізге жекеменшікті «кие» тұтатын «нағыз капитализм» келе жатқан сияқты… Қазіргі заң бойынша жеке меншік иеленуге ҚР азаматтарының ғана құқы бар. Ал енді жаңа заң жобасының 26 бабының бірінші тармағы бойынша «Кез келген заңды мүлік иеленуші әркім жекеменшік иесі бола алады», яғни, «ҚР азаматтары» деген норманы «әркім» дегенге ауыстыруды ұсынуда. «Әркім» деген түсінікке азаматтығы жоқ шетелдіктер де кіреді емес пе? Жекеменшік туралы бұл норма көңілге қауіп ұялатады, өйткені Жер де «жекеменшік» категорясына жатады ғой. Бұл жерде жақсылап ойланып барып шешу керек. Біздің ойымызша, бұрынғы қалпында қалғаны дұрыс.. Конституциялық түзетулер жобасында бұрыннан қабылдауға да болатын өзгерістер де бар. Ақыр парламент пен үкімет өкілетттіктер мен жауапкершілікті де бірге алады екен - онда міндеттерді атқарып қана қоймай, нақты бағдарламалар мен участкелерге жауап берулері керек. Әлеуметтік-экономикалық сала толығымен үкіметке, министрліктерге, әкімдіктерге  беріледі, олар енді бұрынғыдай бәрін президентке сілтей салмайды,  бұл үшін толық көлемде жауап береді. Бұл өз кезегінде парламентке үкімет жұмысын бақылауға, облыстық атқару органдарын бақылау барысында  парламенттің рөлін көтеруге үлкен мүмкіндік береді. Енді көптеген мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай орындалып, "Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам"  Ұлт жоспары  нақты іске асуы керек. Бұл  Қонституциға өзгерістер енгізу  жобасын президенттің өзі бүкіл халықтық талқыға салуда. Алдағы реформаны талқылау - дер кезіндегі қажетті жәйт. Бүкілхалықтық  талқылау бізді азаматтық қоғамның жаңа деңгейіне шығарып, болуы тиіс  өзгерістер партиялардың, идеялардың жаңа жобалардың бәсекелестігіне жол ашуы керек.  Бұл түзетулер нақты жетістіктер мен табыстарға жеткізуі үшін ғылыми негізделген идеологиялық құжаттар, айқын белгіленген мақсаттар болуы тиіс. Сонымен қатар  тиімсіз  жоспарлар мен жалаң  декларациялар, бос ұрандарды  доғару керек. Бұл саяси, әлеуметтік-экономикалық саланың түзетулерінен басқа, мемлекеттік идеологияда, мәдениетте, жастар мен тіл саясатында, әлеуметтік және басқа да салаларда өзгерістер болғанын қалаймыз. Ұлт көшбасшысы қабылдаған "Мәңгілік Ел" патриоттық акты екінші Конституция ретінде қабылдануы тиіс, онда ұлттық идеология  мен ұлттық мүдделерді қорғау негіздері қаланған.  Бұл ең алдымен Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтсе де, ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда, әлі кеңестік империя  идеологиясына тәуелділіктен шыға алмай,  қосүрейден  арыла алмай  келе жатқандар  үшін керек. Бұл билікке де, қоғамға да қатысты. Еліміздегі өзгерістер тек  аталмыш  өкілеттіктермен ғана шектеліп қалмауы керек.  Негізгі заңымыздағы бұл өзгерістер еліміздегі келешек кешенді  өзгерістерді тудырады деп сенеміз. Қазір қоғам барлық салада өзгерістерді күтуде. Өйткені өкілеттіктерді бөлісу барлық салада реформаларға жетелеп, қарапайым халық өмірін жақсартуға бастайды.  

Әділ сайлау  - демократиялық мемлекеттің негізі!

Үкіметті сайлауда басымдықпен жеңген партия жасақтайтынын ескерсек, онда ең алдымен біз Сайлау туралы заңды өзгертуіміз  керек. Сайлау туралы әділ заң - демократиялық мемлекеттің негізі! Сайлау жүйесі әділеттіліке негізделмесе, бұл Конституциялық өзгерістердің жемісті болуы күмәнді. Сайлау туралы заң сайлау жүйесінің барлық партиялар үшін тең құқықты болуын қамтамасыз етуі керек. Сайлау барысындағы халықпен кездесудегі көптеген кедергілерді айтпағанда, ең алдымен сайлау комиссиясына бюджеттен жалақы алатын  қызметкерлер кірмеуі тиіс. Қазіргі біз сайлау сайын басымыздан өткеріп келе жатқан картинаға қарасақ,  демократиялық  сайлаудың  каррикатурасын ғана көреміз! Сайлау комиссиясының төрағасы – мектеп директоры, орынбасары- мектептің оқу ісінің меңгерушісі, мүшелері - мұғалімдер, арасына  екі-үш бюджет қызметкерін қосып қояды. Аудан әкімі мектеп директорына бұйрық береді, тіпті,  тапсырма орындалмай қалуы мүмкіндігін ескеріп, алдын-ала жұмыстан өз еркімен кетуі жөнінде арызын да жазғызып алады. Әкімшілік тапсырған партия немесе, үміткер төмен дауыс алып қалса, әлгі директор байғұс орнынан алынатынын біледі де, барлық заң бұзушылыққа барса да, бұйрықты орындайды. Сонымен қатар тағы бір маңызды жәйт - дауыс санау процесінде кез келген партия мен үміткердің сенімді өкілі дауыс санауға  қатыса  алуы керек. Қазіргі заң бойынша сіздің сенімді өкіліңізді дауыс санауға жақындатпайды да, алыстан  қарап отырады, шын мәнінде не болып жатқанын білуге қауқарсыз. Тағы бір айтарым, талқылау басталмай жатып, осындай ел болып күткен өзгерістерге сенімсіздік білдіріп жатқандардың шығып жатқаны таңғалдырады... Иә, әлеуметтік желілерде кері тартып, өзгерістерден "іліп аларлық ілік таппай" жатқандар да табылып жатыр.  Оу, біздің 25  жыл - ширек ғасырдан бері айтып, жазып, күтіп келе жатқан өзгерістердің басы осы емес пе? Президент ұсынып отырған Конституциялық өзгерістер - ел дамуының жаңа дәуірінің бастауы болуы керек. Билік қоғамның талабын ескеріп, жаңарып жатқан дүниемен бірге жаңа қадам жасады. Енді ол қадамның оңды болуына біз де, халық болып табанды талаптарымызбен өз үлесімізді қосуымыз керек емес пе? "Демократия кемшіліксіз емес, бірақ адамзат одан артық ешнәрсе ойлап тапқан жоқ"- демеп пе еді әлемге әйгілі саясаткер Уинстон Черчилль. Мемлекет басшысы жалпыхалықтық талқылауға бір ай мерзімді не үшін берді? Біз неге енді осындай мүмкіндікті  пайдаланбаймыз? Қай іске болса да, диванда жатып, қолды бір-ақ сілтеу - қолынан түк келмей, аузы ғана қимылдайтындардың тірлігі. Қай бапқа енгізілген  өзгеріс сізге ұнамады? Ендеше, сіз де өз ойыңызды айтыңыз, пікіріңізді жазыңыз. ұсынысыңызды жасаңыз.  Республикалық "Қазақ үні" газеті де,  республикалық үздік қазақтілді интернет-сайт байқауының жеңімпазы - Qazaquni.kz  ұлттық порталы да кез-келген құнды ой-пікір мен сындарлы ұсыныстарды сыни болса да,  жариялауға дайын.  Жазбасаңыз сізге серт!  Жарияламасақ бізге серт!  Қабылдамаса билікке серт! Қорыта айтқанда, Конституциялық дүбірлі түзетулерді түбірлі өзгерістерге жалғастыру үшін халық болып, қайрат көрсетіп, ел болып еңбек етейік!   Қазыбек ИСА,   "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары.   "Қазақ үні"  газеті