ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН ӘКІМ
2017 ж. 25 қаңтар
5741
0
Іскер басшы, әділ басшы келсе – ел үшін құт. Әкім халыққа жақын болса дейміз. Бірақ әрдайым солай бола бермейді. Жансейіт Түймебаевтың Оңтүстікке әкім болып келгеніне қуанғандармен қатар кейбір күдіктенгендер де болды.
Күдіктенгендердің ойында әрдайым саяси бағыттағы қызмет атқарып келген адам шаруашылығы мен индустриясы ерекше қарқынмен дамып келе жатқан үлкен аймақты басқара ала ма деген қауіп болса, қуанғандар – оны білетіндер, қоян-қолтық араласпаса да сырттай оның атқарған істеріне кезінде риза болғандар.
Сонымен жаңа әкімнің іске кіріскеніне де жүз күннің жүзі болыпты. Халықтың да бойы үйреніп, тілек-шағымдарын айтып, тіршілік өз ырғағымен жүре бастады. Әрине, әкім келе салып облысты бір күнде өзгертіп жібере алмасы белгілі. Оған да сол аймақты алға жылжытатын жоба-жоспар керек, оны іске асыратын қаржы керек. Жаңа әкімнің бұл бағыттағы алғашқы бастамалары халықтың көкейінен шыға бастағанын алдымен айтқымыз келеді. Келе сала облыс аудандарын аралап, ірі өндіріс орындары мен шаруашылықтарда болып, олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Қазір еліміздің үшінші мегаполисі болып саналатын Шымкент қаласының да бас жоспарын ой елегінен өткізіп, кей жерлерге өзі барып, қаланың тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп шықты. Қолға алған үлкен шаруасының бірі «Туған жерді түлету-перзенттік парыз» деген акция аясында осы өңірден шыққан ғалымдарды, мәдениет және өнер қайраткерлері мен істің көзін тапқан кәсіпкерлерді жинап, салихалы кеңес өткізді. Бұл кеңес осы жерде туып, осы жердің топырағынан нәр алған танымал зиялылардың елді дамыту турасындағы ойларын білуімен, ұтымды ұсыныстарын ортаға салуымен құнды болды.
Жаңа әкімнің келгелі қолға алған жұмыстары көңіл көншітерліктей. Мысалы, білім саласы бойынша: өңірге қажетті мамандар дайындау, облыс бойынша жоғары оқу орындарының ассосациясын құру, облыстың ЖОО бірлескен технопаркін ұйымдастыру, белгілі бір салалар бойынша жұмысшы мамандықтарын игеру, екі дипломдық жүйені іске асыру, облыстық бюджеттен гранттық жобалар ұйымдастыру, студенттерге арналған жатақханалар салу, бітірушілердің жұмысқа орналасуын қадағалау. Қарап отарсақ осының бәрі бұрыннан ойымызда жүрген, бірақ іске асырудың сәті түспей келген мәселелер. Оның өзі көп жылдар бойы ұстаздық қызмет еткен, елімізде білім мен ғылым саласын басқарған бұл саланы жетік білетін маман ретінде Жансейіт Түймебаевтың аузымен айтылып, жолға қойылуы бізді қуантады.
Ал облыстың ауыл шарушылығы, индустрияландыру салалары бойынша жылыжайларды кеңейту, таулы аудандарда жаңғақ өсіруді қолдауы, мақта шаруашылығына көңіл бөлуі, суармалы егіс аумағын кеңейту, мал, құс етінің өнімдерін өңдейтін шағын кәсіпорындар ашу туралы ойлары әкімнің нақты істің адамы екенін танытса керек. Облыс халқын жұмыспен қамту мақсатында қала маңындағы өнеркәсіп аумақтарында шағын зауыттар мен фабрикалар салу, онан шыққан өнімдердің өз облысымызда арзандатылған бағамен сатылуын қамтамасыз ету сияқты бастамалары шынында да қарапайым халық үшін өте қажет.
Біздіңше осынау болашақта атқарылатын үлкен істердің бәрі әкімнің іскерлігін, қабілет-қарымының зор екенін аңғартса керек. Бірақ ойға алған іс бар да, оны жүзеге асыру екінші мәселе. «Сүйер ұлың болса сүй, сүйенерге жарар ол» деп ұлы Абай айтқандай, халық тарапынан да белсенді әкімге қолдау көрсеткеніміз жөн. Көп болып береке-бірлікпен кіріссек алмайтын қамал болмайды.
Сандыбай БОРАНБАЕВ,
ф.ғ.д, доцент,
Жолдасбек МӘМБЕТОВ,
ф.ғ.к, доцент.
qazaquni.kz