Трамптың тәмсілдері
2017 ж. 22 қаңтар
2147
0
Әлеуметті әлеуеттендіру әдебиеті
Батыста барша бұқара ілтипатына ие болған бестселлерлердің өзі жеке нарық іспетті. Бүгін ұлықтау рәсімі өтіп жатқан АҚШ-тың жаңа президенті Д.Трамптың жазған дүниелері де дүние жүзіне кең тарап, әйгілі миллиардер табысының елеулі бөлігіне айналып келді. Мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт елде сайлау науқаны қызып тұрған сәтте дүкен сөресінде тұрған сондай бір жинақты қолға алғанбыз. «Жеңімпазша (Чемпионша) ойла» деп аталады. Саясатта да жеңіске жеткен тұлғаның жетістіктерінің сыр-сипаты, тамыр-нәрі неде деген сауалға осы кітаптан біраз жауап тапқандай болғанымыз рас. Бұл осыдан 8 жыл бұрын жарыққа шыққан кітап болғандықтан, америка қоғамындағы бүгінгі №1 тұлғаның сол кездегі ой жүлгесі саясаттан іргесін алшақ салғанын айта кеткіміз келеді. Ал орыс тіліндегі аудармасы жуырда ғана жарияланды.
Әлемдегі ең әйдік құрылыс магнаты, Манхэттендегі миллиондаған шаршы метр жылжымайтын мүлікке иелік еткен оның есімі ең алдымен бренд ретінде де миллиондаған долларға бағаланғанын айту керек. Өмір жолында сан сүрініп, сан құлағанымен ол көздеген биігін бағындырып келе жатқан ерекше адам. Саясатта да солай болғанын бүгінгі кезекті президенттікке сайлану салтанатынан көріп отырсыздар. Аңыз-адамның аталған жеңістері – америкалық арманның қай кезде де жүзеге асатынының көрінісіне айналып отыр. Біз осы орайда АҚШ-тың жаңа президентінің кез-келген адамға күш-жігер беретін көсем-кітабының кейбір ойларымен бөлісуді жөн санадық.
Жинаққа алғысөзді бизнесмен, мотивациялық дәрістердің шебері Роберт Кийосаки жазған екен. «Көбіміздің таныстарымыз тексере келгенде үш түрлі адам болып шығып жатады. Олар бір нәрсені ойлайды, басқа нәрсені айтады, ал ісі мүлде бөлек. Ойы мен сөзі, әрекеті арасында алшақтық көп. Мен мұндай жандардың да сәттілікке жеткенін, алайда өзіне қарама-қайшы өмір сүретінін көрдім, дейді алғысөз жазушы. Ал Д.Трамп публикада қандай болса, өмірде де сондай. Бірбеткей, ойы мен сөзі һәм іс-әрекеті бір арнадан табылады, бір-бірін толықтыра түседі.
Р.Кийосаки 1980 жылдары ірі бизнесінен айрылып қалған соң, өзін жолы болмаған жан сезінеді. Әрине, бұл жердегі ең үлкен жоғалту – ақша да, дүние де емес, өзінің күш-жігері еді. Яғни, кәсіпкер барлығын біліп тұрады, бірақ бірқатар себептермен оны жүзеге асырмайды. Құлықсыз. Кийосакидің соңғы онжылдықтағы жұмысы билікті сатып алуға құрылған болатын. Бұл түптің түбінде тоқырауға ұшыратты. Сол себепті, дұрыс ойлауға оралу үшін ол өзінің оқи бастағанын, ұлы тұлғалардың ой-пікірлерін көкейге тоқи бастағанын айтады. Біртіндеп, іскерлік өмірі де қалпына келе бастайды. Ал 1987 жылы қор нарығы қатты құлаған кезде Д.Трамптың «Келісімді бекіту өнері» атты кітабын қолына түсіреді. Барлық істі ысырып, тың туындыны оқып шықққаннан кейін Дональдтың ойы, сөзі мен іс-әрекеті арқылы бизнес әлемі басымдықтарын жаңаша көруге мүмкіндік туғанын айтады. Бұл жеміссіз болған жоқ. Р.Кийосаки біраз уақыт өткенде қайтадан қаржылық тұрғыдан бостан болуға қол жеткізеді. 1997 жылы Д.Трамптың «Қазығын тапқан шеберлік» кітабы арқылы кәсіпкердің соны ойларына тағы да тереңдей түскен ол «Аздаған адамдар шындықты ашық айта алады, ал өзінің қателіктері мен сабақтары, үздіксіз талпыныстары туралы бірен-саран адам ғана айта алады» деп жазды. Әлбетте, Д.Трампты халыққа жақындатқан да оның осы білгенін ортаға салатын бүкпесіздігі болса керек.
Сүйікті авторымен алғаш рет 2004 жылы кездескен Р.Кийосаки арада екі жыл өткенде Д.Трамппен бірге «Біз неліктен сіздің бай болуыңызды қалаймыз?» атты кітап жазды. Бұл да бестселллерге айналды. Ал 2009 жылы жарыққа шыққан «Жеңімпазша (Чемпионша) ойла». Магнаттың өмір мен кәсіпкерлік туралы ағынан жарылуы» кітабына алғысөз жазу үлкен құрмет екенін, бұл жинақтың жеңімпазша ойлауға үйреткенін жеткізеді.
Автор аталған кітабында адамды сәттілікке жетелейтін идеяларын топтастырған. «Менің бұқаралық ақпарат құралдары қалыптастырған кейпім – өзіне өте сенімді, жайдары, тез тіл табысатын, кейде бетсіз, десе де қарапайым шыншыл адам. Мені өткір, турашыл болғаным үшін жақсы көреді. Мені өткір, турашыл болғаным үшін ұнатпайды» дейді ол өзінің мінез-құлқы жөнінде. Расында, бұған дейін Д.Трампты кей әрекеттері үшін шоумен, арсыз адам ретінде көрсек, кей мәлімдемелерінен алмастай кесек турайтынына да көз жеткізетінбіз.
Әр ұсақ-түйекке дейін көңіл көзінен қағыс қалдырмайтын қасиет – нысанаға жетудің негізгі жолы. Д.Трамптың көшбасшылыққа ұмтылушыларға, өз өмірін сәттілік пен жетістік формуласымен құрушыларға айтар ақылы – проблеманы табу, ой талқысына салу және бөлу арқылы қортындысын, шешімін шығару. Бұл кез-келген мәселеден жол табуға көмектеседі. Әрине, оны түпкілікті зерттеуге, білуге уақыт пен күш жұмсауға тура келеді.
«Мектепте оқып жүргенімде, әкем Фред К.Трамп апта сайын танымал тұлғалардың айрықша ой орамдарын жіберіп тұрды. Басым бөлігі көшбасшы, өмірде жеңімпаз болу туралы еді. Бұл ой-пікірлер мені көп дүниеге үйретті. Әлі күнге дейін мұндай тәмсілдерге көңіл аударып отырамын» дейді автор.
Шын мәнінде, әйгілі америкалық кәсіпкердің құрылыс саласының өкілі болғанымен шығармашылық ізденіске ие екенін әрі оны бизнесте тиімді пайдалана білетіндігін байқауға болады. Мәселен, осы кітабын жазарда ол еңбекқор жазушы Стивен Кингтің қазіргі заманғы новеллаға арналған очеркін байыптап оқып шыққанын айтады. С.Кингтің бір новелласы америкалық қоғамдағы беделді О.Генри сыйлығын алған болатын. Кинг «Нью-Йорк Таймс» газетінде жариялаған мақалада новелла табиғатын саралап, оның оқырмандарға емес, әдебиетшілер мен сыншыларға арналып жазылатынын тұжырады. Яғни, кітапты не үшін жазамын, оны кім оқиды деген сауал туады. Қысқа әңгіме нарығы өте тар, сол үшін де новеллашылар жиі бой көрсете бастады. Бірақ олар оқырманға оқу рахатын сыйлаудан қашықтап кететінін таратып айтқан Кингтің жазбасы ой саларлық. Сондықтан да олардың туындысы сөренің төменгі жағында қалып қояды.
«Мәселен, мен құрылыс саларда онда кім тұратыны туралы ойлаймын. Барша кәсіпкерлерр сияқты демографиялық көрсеткіштерді зерделеймін. Менің жобамды білу үшін оны нарықта ілгерілетумен айналысатын адамдардың қызығушылығын арттыруға тиіспін, дейді Д.Трамп. Расында, оның есімі жоғары сапа кепілі іспетті. Сондықтан, ол сыншыларды таңғалдыруға жұмыс істесе, өзін ғана емес, өзгені де алдағаным деп білемін дейді. Яғни. Өзіңе, өз еңбегіңе адал болу – үлкен құндылық. Ұмытпаңыз: құндылықты қорғау қажет!
Ол шығармашылықты инновациямен де байланыстырады. Мысалы, Стив Райх есімді композитордың «тазалау» атауына ие болған тарихын тарқатады. Айталық, С.Райх – автокөліктердің әйнек тазалағышының ырғағынан басқа ештеңеге ұқсамайтын, тактіге бір жағынан келетін, бір жағынан келмейтін дыбыс туралы идеяның авторы. Бұның мәнісі былай болған-ды: жаңбырлы күндердің бірінде көлік кептелісінде тұрған композитордың көңілі әйнек тазалағыштың ырғағына ауады. Бұл ырғақ музыкалық композицияның негізіне айналады. Осылайша, ол заманауи музыканың дамуына өте ықпал еткен композитордың бірі болды. Яғни, жаңашылдықтың жарқын үлгісі деп қабылдауға болады.
Пифагордан бастап Леонардо да Винчиге дейінгі ойшылдар қолданған «алтын ағын» атанған сандар мен әріптердің құдіретіне суық санамен үңілуі де Трапмтың үнемі өзін-өзі дамытып келе жатқан тұлға екенін танытатындай. Сөйтеді де: «Тылсымға тым сүйенуге де кеңес бере алмаймын, өмір дұрыс ойлау мен табанды еңбекті талап етеді» дейді. Сондай-ақ біздің ештеңені құра алмайтынымызды, бір уақытта біз үшін құрылған дүниені жинай білу, яғни мүддеңізге сай келмесе де үздік жинаушы және өнертапқыш болуға үндейді. Жүйке жұмыссыз отырмауын қадағалау қажет дегенді айтады. Сәттіліктің кілті де сонда.
Табыстың тағы бір сыры – ұжымдық жұмыс. Жаһандық деңгейде қарасақ, біз – бір команданың мүшелеріміз. «Бірге жиналу – басы, бірге қалу – өсу, бірге жұмыс істеу – табыс» деген Генри Фордтың сөзі бар. Қазіргі уақыт командалық жұмыстың бұрынғыдан да өзекті, сәттілікпен және тіршілік ету мүмкіндігімен тікелей байланысты өрбуде. Бұл ретте магнат NBS телеарнасында бір үдеден табылып жұмыс істеген рухтас адамдар туралы толғанады. Мәселен, Том Брокоу – америкалық танымал тележүргізуші, жазушы. Көптеген марапатқа, құрметке ие тұлға. «Кандидат» шоуы енді экранға шығып, рейтингке алғаш ие болғанда Д.Трампты Yankees ойынына Дж.Стрейнбреннер ложасына шақырады. Қонақтар арасында Том Брокау де бар екен. Ол иығымнан қағып: «NBS-ке жасаған жақсылығың үшін рақмет, Дональд!» деді. Сөзінен командалық рухтың тамаша самалы есіп тұрды. Біз бұл желі үшін бірге жұмыс істедік, ол маған өзіне жасаған жақсылығы үшін ризашылығын айтты. Оның жүзінен «олар» сөзі «бізге» айналғанын түсіндім. Әрине, ол өте танымал, бірақ, аталған бағдарламаны жасау жалғыз өзінің қолынан келмейтінін білді, деп жазады автор.
Д.Трамптың айтуынша:
…командалық рухты жеке және кәсіби өмірде қолдау өте жақсы, ол тіпті күтпеген нәтижелерге де алып келеді. Мүдделес, пікірлестермен бірге бір жолда келе жатқанның өзі адамға ерекше сезім сыйлайды. Сондықтан тиісті күш-жігеріңді командаға бер де, оның маңызды, ықпалды қатысушысы бол!
…жаңа идеяға, жаңа білімге әрдайым ашық болу өте маңызды. Барлығын білемін деушілік – алдыңдағы ашық тұрған есік пен мүмкіндіктерді жабу. Бұл есіктің әр күні жаңалық пен шалқар шабыт сыйлауы үшін ашық тұрғаны абзал. Кейде мен әр таңның қандай қуаныш сыйлайтынын күтемін, бұл – жаңа күнді жақсы бастаудың жолы.
…ешқашан ғылымды зеріктіреді, ал оқуды ауыр салмақ болады деп ойламаңыз. Бұлар шынымен де ішкі тәртіпті талап етеді. Бірақ күтпеген оқиғаларға кенелтеді. Немесе сізді жаңа жолға даярлайды. Менің өмірлік ұстанымыма (кітабымның атауына – «Жеңімпазша ойла») назар аударыңыз. Ойлау – бірінші қадам. Осы мүмкіндікті пайдалану және дамыту үшін қолыңыздан келгеннің барлығын жасаңыз және үлкен тосынсыйлар күтіңіз!
Міне, АҚШ-тың жаңа президенті әлемнің алпауыт елінің басшылығына да осы іспетті ой, сөз және іс-әрекет бағдарламасымен жеткені күмәнсіз. Ең ғажабы, бұл формуланы барлық адамның жүзеге асыруына болады. Шыққан шың – адамның ішкі ойы мен іс-әрекетінің нәтижесі. Жинақта жетістікке жетудің, өзіңді тұлға ретінде дамытудың, ішкі қуатыңды игерудің және оны тиімді пайдаланудың басқа да сан алуан жолы жеке өмір мен тәжірибе мысалдары арқылы өріледі. Бүгінгі тілмен айтқанда, мотивация – құлшыныс оятады, жігерді арттырады. Бізге керегі де – осы!
Думан АНАШ,