Мәсімовті "билік ауысуының модераторы" деп атауда...
2017 ж. 22 қаңтар
3832
1
ҚАЗАҚСТАНДА БИЛІК ҚАЛАЙ АУЫСУЫ МҮМКІН?
ҚАЗАҚСТАНДА БИЛІК ҚАЛАЙ АУЫСУЫ МҮМКІН?
Жапонияның Diplomat газетіндегі "Қазақстанда билік өзбекстандық жолмен ауысуы мүмкін бе?" деген мақалада Қазақстандағы билік транзитінің болжамды сценарийлерін былтыр тұңғыш президенті Ислам Каримовті жерлеген Өзбекстанмен салыстыра талдаған. Мақалада билік тармақтары арасында өкілеттерді бөлу туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасынан кейін құрылған жұмыс тобының желтоқсанның 13-інде өткен алғашқы отырысы және Қазақстан билігінің маңызды қызмет орындарындағы ауыс-түйістер туралы да жазған.
"Қазақстан үкіметінде ауыс-түйіс жүргізуге көрші Өзбекстандағы оқиғалар түрткі болды" деп жазады Diplomat. Бұл қадамдар Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның саяси жүйесін алдағы билік транзитіне дайындау үшін Өзбекстан тәжірибесін қолдануды ұйғарғанын" көрсетуі мүмкін. Бірақ екі елдің арасындағы айырмашылықтарға байланысты билік транзитінің өзбекстандық сценарийін "Қазақстанда іске асыру айтарлықтай қиын болады".
[caption id="" align="aligncenter" width="610"] ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов (ортада) арнайы жасақпен бірге. ҰҚК шығарған видеороликтен скриншот.[/caption]Мысалы, "Қазақстанда Назарбаевтан кейін ең ықпалды саясаткерге айналған Кәрім Мәсімовті" ҰҚК төрағасы қызметіне тағайындау "өтпелі кезең тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болуы мүмкін". Бір жағынан, Өзбекстанға қарағанда, Қазақстанда ҰҚК-нің ықпалы "едәуір кем", өйткені Қазақстан қоғамы "ашықтау". Ал екінші жағынан алғанда, Кәрім Мәсімовтің ұлты жартылай ұйғыр болғандықтан, оны президент қызметіне кандидат ретінде емес, көбінесе "билік ауысуының модераторы" ретінде қарастыратын тәрізді. Бірақ тіпті Мәсімов транзитті қамтамасыз ету беделін иеленген күннің өзінде, оның президенттіктен үміткер жаңа кандидатқа қатысты "жоспары Назарбаевтың ойындағыдан өзгеше болуы мүмкін".
"Нұрсұлтан Назарбаев – өте тәжірибелі әрі сұңғыла басшы. Қазақстан саясатындағы қазіргі билік тепе-теңдігі түпкілікті ме әлде уақытша конфигурация ма, мұны ешкім айта алмайды" деп жазады Diplomat. Түбінде транзиттің қай сценарийі таңдалса да, Қазақстан қоғамы мен саяси истеблишменті жаңа проблемаға тап болады. Сондықтан "тұрақтылықты сақтау" негізгі басымдыққа айналады деп жазылған мақалада.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ROLLS-ROYCE БЕРГЕН ПАРА
АҚШ әділет департаменті сайтында жарияланған хабарда "Rolls-Royce plc шетелдегі коррупциямен күрес туралы заң бойынша қозғалған істі жабу үшін 170 миллион доллар төлеуге келісті" делінген. Мақала премиум-класына жататын көліктер шығаратын британдық Rolls-Royce компаниясы арасында Қазақстан да бар алты елдің шенеуніктерін сатып алу үшін пара берген деген айыппен Ұлыбритания, АҚШ және Бразилия билігінің бастамасымен қозғалған тергеу ісін реттеу үшін 800 миллион доллардан асатын үлкен айыппұлдың бір бөлігі ретінде 170 миллиондай доллар төлеуге келіскенін хабарлайды. Rolls-Royce компаниясы Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Ангола, Ирак, Таиланд және Бразилия елдерінде де пара беру практикасын пайдаланғаны тексеріліп жатқаны жазылған. Мақалада әділет департаменті өкілі Эндрю Уэйсменнің "Rolls-Royce бәсекелестерін жеңіп, келісім-шарттарға отыру үшін пара беру практикасын бүкіл әлем елдерінде бірнеше мәрте пайдаланған" деген сөздерін келтірген.
Мысалы, Қазақстанда шамамен 2009-2012 жылдары "Rolls-Royce комиссиялық төлемдердің кемі бір бөлігі Қазақстан мен Қытай үкіметтерінің екі елдің арасында газ құбырын тарту жөніндегі бірлескен жобасына ықпал ете алатын шетелдік шенеуніктерге пара беру үшін пайдаланылатынын біле тұра қаптаған кеңесшілерге шамамен 5,4 миллион соманың комиссиясын төлеген" делінген мақалада. Бұған қоса, "2012 жылы компания Қазақстанда жергілікті дистрибьюторды оның жартылай иесі Қазақстан нарығында Rolls-Royce компаниясының жұмысын жалғастыруға қатысты шешім қабылдауға өкілетті жоғары лауазымды қазақстандық шенеунік екенін біле тұра жалдаған. Мемлекеттік бірлескен кәсіпорын Rolls-Royce компаниясына көптеген келісімдерін сол кезде берген" деп хабарланды.
АРЗАН МҰНАЙ МЕН ҚАЗАҚСТАН
Bloomberg сараптамалық агенттігі сайында Қазақстан ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы, ал қазір әлі құрылмаған "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқарушы Қайрат Келімбетовпен сұхбатын жариялаған. Келімбетов қаржы орталығының жұмысы, Қытайдың "Жаңа Жібек жолы" бағдарламасына Қазақстанның қатысуы туралы айтып берген.
Агенттікке берген сұхбатында Келімбетов Қазақстан мұнай бағасының құлдырауы мен санкциялардан зардап шегіп отырған Ресей экономикасындағы рецессия ушықтырған қиын экономикалық ахуалды еңсеруге тырысып жатқанын айтады. Келімбетовтің айтуынша, Қазақстан монетарлық саясатында инфляциялық таргеттеуге бет бұрып, экономиканы диверсификациялау, ұлттық компанияларды жекешелендіру бағытында реформаларды жоспарлайды және жаңа қаржы орталығын құруды көздейді. Қазақстан үш жылдық бюджетті мұнай баррелінің бағасы 40 доллар шамасында болады деген болжаммен жоспарлаған.
Қазақстанның банк секторындағы қиын жағдайға қатысты сұраққа Келімбетов "қазір бұл тақырыпты үкімет, ұлттық банк және банктер қоғамдастығы талқылап жатыр" деп жауап берген. Оның айтуынша, елдің банк секторы мұндай дағдарысқа бұрын да - 2008-2010 жылдары тап болған. Келімбетов ол кезде үкімет қаржылай көмек бөліп, төрт жүйе құрушы банкке көмектескенін еске салған.
Дереккөз: azattyq.org