Саясат Бейісбай: Қазақстанның мінсіз мемлекетке айналуы мүмкін бе?
2016 ж. 26 желтоқсан
6208
1
Адамзат баласы әлімсақтан қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын, мамыражай тыныш заманды армандаған. Жер бетінде молшылық, тыныштық болса екен, ешкім бір-бірімен соғыспаса екен, қысқасы, мінсіз заман орнаса екен деп, соны аңсаған. Сондай дәулетті мемлекет орнатқысы келгендер ежелден-ақ тарихта ұшырасады. Ол туралы тарихшылар мен ғалымдар әр кез айтып, жазып қалдырыпты.
Қазақ-британ университетінің ғылым докторы Нұрышева Гүлжаһан Жұмабайқызы, Алматы Мемлекеттік университетінің проректоры, философ-ғалым Ақтолқын Құлсариева және басқа ғалымдар осы мәселені ара-тұра зерттеп, ойларын ортаға салумен келеді. Олардың ұдайы зерттеп, пайымдауларынша, Аристотель, Платон, Әл-Фараби, берісі Абайлар мінсіз мемлекет қалыптастыру мен соны басқаратын халыққа жайлы, адал басшылар болса деп армандаған.
Демек, мінсіз мемлекет - адамзат арманы. Жоғарыда айтылған ойшылдардың ілімі баршамыз үшін,соның ішінде қазақ үшін де үлкен сабақ. Тарихтан белгілі әлгі ғұламалар мемлекетті басқарудың жолдарын, ізгілікті дамыту арқылы жүзеге асыруға болатындығын меңзеген. Мәселен, Платон асыл қасиеттерді бойға сіңіру қажеттігін, парасаты мол азаматтар одағы керек екендігін түсінген. Кейін осы ойды Әл-Фараби жалғастырыпты. Әбу-Насыр Әл-Фараби оны Ұстаз немесе Илхам деген.
Мінсіз мемлекетті басқаратын адамның өзі алдымен сол орынға лайықты жан болғаны абзал. Ең алдымен, ол адам асқан әділетті болуы тиіс. Адамдар адалдықты, әділдікті арман етеді. «Әділет, әділ» деген сөздер көп айтылады. Сондықтан да балаларына «Әділет» деген есім береді. Патшалардың қара қылды қақ жарған әділетті, турашыл болғанын қалайды. Осындай мемлекет басшысына лайық патшаның бойында бірнеше (онекі) қасиет табылуы тиіс. Алдымен, дене мүшесі сау, денсаулығы мықты, есте сақтау қабілеті күшті, мейлінше зерек, зерделі, заттың бір қасиетін көре отырып, бүкіл ойын шебер жеткізе білетін, жұртты бірден баурап алатын шешен болуы керек. Шындық үшін күресетін, әділетті, алайда бірбеткей болмауы керек. Қажет кезінде (Шыңғысхан секілді) өзгелерді де тыңдай білетін, содан іске пайдалы жерін алып, қорытынды шығаратын адам басшыға лайық.
Жалпы, түбінде жер бетінде әділдік орнайды, әділдік жеңеді.Әй бірақ әділдік ылғи кешігіп келетінін қайтерсің. Әділдік тек күнде ғана бар ма дерсің кейде. Өйткені күн шуағы сен кім болсаң да - құл болсаң да, күң болсаң да, әлемді билеген әмірші болсаң да бәріне бірдей төгіліп тұрады ғой.
Көп мәселені ақылды адамдар шешуі қажет. Неге мемлекет басшысын халық болып сайлайды? Өйткені, сол халықтан ең ақылды, ең білімді, көзқарасы ерекше, табиғаты басқаша, талабы артылып тұрған адам таңдап алғысы келеді. Солай болуы керек. Сонда ғана президенттер бірімен бірі тіл табысады. Сонда ғана президенттер халықтың игілігін ойлайды. Сонда ғана Жерде өрт, түрлі апаттар, алапат жарылыстар болмайды.
Жердегі барлық халықтың ой-пікірі бір. Қарапайым халық қашан да соғыс болмаса екен, өлім болмаса екен деп тілейді. Сол үшін жақсы саясаткерді сайлауы керек. Өйткені, көп жағдайда мәселе бір кісінің қолында болады. Ел билеген адам асып-тасып, көкірегін көтеріп кетпеуі тиіс. Әйгілі Аяз би секілді тәубасына келіп отырса. «Жеттім деген –жығылады, толдым деген төгіледі».
Ежелгі түркі жазбаларындағы деректердің мәліметі бойынша батыс Түрік қағанатына жатқызылатын ру-тайпалар қазіргі қазақ даласын мекендегені және Білге қаған мен Күлтегіннің осы ұланғайыр жерді сыртқы жаудан қорғағаны белгілі. Көне жазбаларға қарағанда, биліктің басты міндеті жұртының қамын ойлау, халқын асырау, қорғау, күш-қайратын мемлекет мүддесіне жұмсау екендігі аңғарылады. Сонымен қатар ерлікті, тәуелсіздікті, бостандықты жоғары құндылық ретінде таниды.
Платон мен Аристотелдің көзқарастарына сүйене отырып, оны өз елінің ерекшеліктеріне сай бейімдеп пайдаланған, «қайырымды қала» деген атпен мінсіз мемлекет туралы ой қаузаған Әл-Фараби қала бастығының кемшілігін тікелей айтпай, жанамалап, өсиет, уағыз тұрпатындағы мақал-мәтелдер арқылы астарлы тәсілмен жеткізіп түзетуге болатынын айтқан. Мұны біз демократиялық үрдіске өзіндік үлесін қосатын, тәуелсіз баспасөз ісін дамытатын тұжырым жасау мақсатында, яғни қазіргі БАҚ жүйесінде сөз бостандығының мәдениеті ретінде қабылдап, түсінуіміз керек.
Саясатты өнер ғана емес, ол білім мен даналық деп таныған Жүсіп Баласағұн мемлекет басқарушы тұлғаны халықтың бақылауында болуы керек деп білді. Қазіргі таңда дәл сондай бақылаушының міндетін тәуелсіз баспасөз ғана атқара алатындығын ескерсек, оның көп ойлары мен пайымдауларының бүгінгі күні де өз мәнін жоймағанына көз жеткізуге болады. Адамдар арасындағы қарым-қатынасты жайсаң мінезбен сабақтастырған Махмұт Қашқаридың зорлық жүрген жерде әділдікке орын қалмайтынын айтқаны қазіргі демократияның талаптарымен толық үндеседі. «Ақылмен арыстан ұстауға да болады, ал, күшпен тышқан да ұстай алмайсың» деп артында өсиет қалдырған ғұлама әміршіл-әкімгерлік жүйеден бас тартып, демократиялық даму жолын таңдаған тәуелсіз ел үшін ғибрат боларлық ескірмес қағидалар ұсынды. Әкімнің барлық іс-әрекеті халықтың көз алдында болатындығын айтқан ғұламаның сөзі қазіргі жариялылықты, ашық қоғамды, БАҚ-тың бостандығын меңзегендей әсер қалдырады. Тіпті «Әмір жат елден өзіне арнап сарай соқтырып қойса, бұл жаман ырым. Бұл түбі басына қиын-қыстау күн туа қалса, қашып барып паналаймын дегенді білдіреді. Бұл халқының алдында жасаған сатқындығы» - дегеннің өзінен-ақ, елдегі кейбір лауазымды тұлғалардың Батыс банктерінде құпия есепшоттар ашып ақша салғандарын, шет елдерде зәулім ғимараттар тұрғызғандарын меңзегендей.
Адамдардың Жаратқан ие алдындағы теңдігін айтқан ежелгі заман ұлы ойшылы Қожа Ахмет Иссауи «Диуани хикмет» кітабында халық бұқарасына зәбір көрсеткен әмірлердің, бектердің, қазылардың әділетсіздігін сынаған, бұл дүниенің жалғандығын ескерткен.
Дулатидің ел бастаған әмірлерге қоятын талаптары да демократиялық қағидаларға толықтай сай келеді. Айталық, әмірші өзін өзгелердің көзқарастарымен байқау, мұсылмандықты қадір тұту, сән-салтанат, қызық думанның соңына түспеу, қарапайым адам ретінде өмір салтын ұстану, халыққа қатігездік көрсетпеу, өзіне қарсы жұрт наразылығын тудырмау, жұртын орынсыз қауіп-қатерге ұшыратпау, діндар адамдармен ақылдасу, дандайсу мен жемқорлыққа салынып, халықты өзінен үркітіп алмау, аса қатал әскер басылары мен уәзірлердің рахымсыз әрекеттеріне жол бермеу, күрделі істің түйінін тауып, көрегендікпен шешім қабылдау. Осылайша Дулати өз тұсында бір елдің ғана емес, жалпы адамзат құндылығына негізделетін әлемге ортақ мәселелерді көтергендігімен журналистиканың басты категориясының бірі болып табылатын сөз бостандығы іліміне елеулі ықпал ететін өсиет қалдырды. Тәуелсіз БАҚ-тың биліктің ісіне жасайтын бақылауы, көрсетер ықпалы жоғарыда айтылған қағидаларға негізделсе халықтың нағыз досына, шынайы жанашырына айналмақ.
Ел басқарған тұлға ашуға бойын билеткізбейді, халық қамын жейді. Оның жемісті еңбегі ақыл-оймен, терең парасатпен үндеседі, ел көңілінен шығады. Сонымен қатар елді ізгілігімен мойындатқан басшы күш-жігерін халқына арнайды, арды биік ұстайды, байлықтың соңына түспейді дейді. Дәл осындай адал басшы ғана елді өз соңынан ерте алмақ. Халық сеніміне ие болудың жолы - әділдік, ізгілік, қайырымдылық болса, мұны да қазіргі демократиялық құндылықтан бөліп қарауға келмесі анық. Халқы қолдаған басшы текті, көпті көрген, жұрттың бос қолпаштауын керек етпейтін адам және ол туралыққа, әділдікке, шындыққа ғана жүгінетінін айтады ғұлама Дулати.
* Меніңше, Платон өзінің мінсіз мемлекет туралы диалогтарын жазғанда, Әл-Фараби құт дарыған қала тұрғындары туралы толғағанда, Мор Утопияны ойлап тапқанда, Кампанелла күн қаласы туралы қиялдағанда, сол сияқты, Асанқайғы да Жерұйығын іздеп зар илегенде елінің жарқын болашағын көз алдына елестеткені күмәнсіз,- деді жас ғалым Ақтолқын Тұрлыханқызы. - АҚШ Конституциясында архаика жеткілікті, ағылшындардың әлемдегі ең ірі колониялар солардікі болғанына қарамастан өздерін «Мейірімді қартаң Англия» (Добрая старая Англия) деуі, француздардың «Әсем Франциясы», жапондардың «Күншығыс елі», Ресейдің «Киелі Русінен» (Святая Русь) бастап, қазіргі «Ұлы Ресейіне» (Великая Россия) дейін, қытайдың «Аспан асты империясы», «Айдаһары»…. – барлығы да тұнып тұрған архаикалық бейнелер. Оларға қарап ешкім архаикалық рәміз-сөздер оларды артқа тартты демесі мәлім. Ендеше, неге бізге «Жерұйық Қазақстан» бейнелі атауын мәдени-саяси дискусияға салмасқа?!
...Мейiрiмдiлiк тамырын жайған қоғамның алмайтын қамалы, бағындырмайтын шыңы болмайды. Мейiрiмдiлiк – мiне, бiзге керегi. Әл-Фараби бабамыз «адамдардың бақытқа жетуi, олардың рухани жетiлуiне тәуелдi. Халық өркениетке жету үшiн, бойына алдымен мейiрiмдiлiк пен қайырымдылықты сiңiрiп өсуi керек» деген екен. Сол үшiн де бiзге жаңа ұлт қалыптастыруымыз парыз. Бүкiл қоғамда мейiрiмдiлiк пен қайырымдылықты насихаттап мұқтаж жандарға көмегiмiздi аямауымыз керек. Мемлекеттiң ең үлкен наградалары мейiрiмдiлiк пен қайырымдылықпен айналысатын адам-дарға берiлсе ғой шіркін.
Алаш көсемi Ә.Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету бiлiмнен емес, мiнезден» деп айтқан екен.
Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі жаңаша ойлайтын, тың пікірлері қалыптасқан, жоғарыда аттары аталған ғалымдар кейінгі ұрпақ, жастар санасына өзіндік ойлар тастайды.
Қазақстанның ел болып жаңаруына, өзіндік даму жолын қалыптастыруға гуманистік дәстүр, рухани фактор, этносаралық қарым-қатынас мәдениеті ерекше ықпал етеді. 2015-2050 жылдар аралығында қазақ халқының өз мемлекетінің дамуына қосар үлесі еселемек, жауапкершілігі анағұрлым артпақ. Алдағы кезеңде «Қазақ мемлекеті» деген мәртебе оралмақ. Кезінде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекет атауын қалай атаймыз дегенде сол тұстағы Қазақ ССР Жоғарғы советінің депутаты болған, өзі Ресейде туып өскен заңгер ғалым Николай Ильич Акуевтің айтқаны көңілге дөп қонған еді. Олкісі Қазақ ССР-і деген бұрынғы атаудың екі «СС»-ын, яғни Советтік Социалистік белгілерін алып тастасақ, Қазақ республикасы болады деп, ұтымды ұсыныс айтқан.Сол тұста оған ешкім қарсылық білдіре де алмас еді. Амал нешік, сол ұсыныс өтпей қалды...
Енді біздің алдымызда «біз кімбіз, қайда барамыз және қандай мемлекет болғымыз келеді?» деген мәселелер әлсін-әлсін ойға орала береді. Қазақ елі Еуроазиялық кеңістікте шығыс пен батыстың дәнекері ретінде қос өркениеттің үлгілерін үйлестіріп келді. Басты жетістік - Қазақстан ХХІ ғасырда шынайы тәуелсіз әрі өзіне сенімді мемлекет деңгейіне көтерілсе екен дейсің.
Мінсіз мемлекет орнату мақсатында түрлі қоғамдық формацияның да алар орны ерекше. Соңғы жылдары капиталистік жүйе де тұйыққа тіреліп, әлемде жаппай дағдарыс орнауда. Күйзелу мен тоқырау әлемді жайлап, ел торыға бастаған. Болашаққа, капитализмге деген сенімсіздік те үдей түскен. Бәлкім жаңа формация керек шығар бүкіл әлемге.
Міне, соңғы бірнеше жыл көлемінде дүние жүзінің білгір де білікті экономистері, әлемдік дәрежедегі саясаткерлері мен оқымыстылары жаһанды жалпағынан жайлаған экономикалық дағдарыстың шығу себебі мен одан құтылудың тиімді жолын іздеп, шарқ ұруда. Алайда, әлі күнге дейін аузы дуалы сарапшылар нақты бір ортақ мәмілеге келіп, дағдарыстың басты себебін де, оған қарсы тұрар тиімді амалды да тап басып айта алмай отыр. Ал құрлықтың бәрін құрсаулаған дағдарыс диагнозы дұрыс қойылмаған аурудай барған сайын асқынып барады. Сонымен, «Кім кінәлі?», «Не істеу керек?»…
Марксизм тірі өлікке айналып, капитализм жалпақ жаһандағы жеңісін паш етті. Капитализм идеологтары батыс әлемі кедейліктен құтылды, адам үшін қажеттіктің бәрі жасалды, еркін рынок жүйесі салтанат құрды деп даурықты. Жиырма жылдан кейін жағдай мүлде өзгеріп шыға келді. Сол жылдар Кеңес одағының құлағанынан есеңгіреп қалды ма, әйтеуір капитализм өзі үшін бұрын-соңды тарихта болып көрмеген қолайлы жағдай орнаса да, оңалмас күйзеліске ұшырады.
Ал сексенінші жылдары қалыптасқан Қытайдың жүйесі социализм артықшылықтарын да лақтырып тастамай, капитализмнің де құндылықтарын бойына сіңіріп, өзіндік қытай моделін орнықтырды.
Түркияда бай мен кедейдің арасында айтарлықтай айырмашылық байқала бермейді. Ол мемлекетте негізінен орта буын қалыптасқан. Рас, бұл елде туризм де дамып кеткені шындық. Қарапайым халқының өзі шетінен еңбекқор. Құрығанда көшеде су сатып, жағажайда дөңгелек нанын саудалап жүргендері. Ауыл жұрты шетінен еңселі жеке үйде тұрады. Жағдайлары тәуір. Осыдан шығар, әлеуметтік дүмпу жоқ. Әрбір түрік өз елін мақтаныш тұтады. Мінсіз мемлекетке айналмаса да, мұсылман елдерінің ішіндегі өзгелер санасатын нағыз «бағымсыз жумһриятқа» әлдеқашан айналып үлгерген.
Біздің еліміз жүріп келе жатқан жабайы капитализм жолы да болашағы күмәнді бұл жүйенің барлық кемшіліктерін бойына жинаған. Ал Еуропадағы байлар мен кедейлердің табыс айырмашылығы 5 есе деңгейде ғана екен. Бұл ретте мамандардың пайымдауынша, елімізде мүмкін болатын әлеуметтік сілкіністердің алдын алу үшін шұғыл мерзімде орта тап қалыптастыру керек екен.
Бұл тұрғыда тағы бір мәселе алаңдатады. Әсіре діншілдік, соқыр фанатизм де мінсіз мемлекет құру жолындағы үлкен кедергілердің бірі. Бұл соңғы 20 жылда жастар бойына дарыған дерт. Ал орта, жоғары буын өкілдері негізінен атеизм тәрбиесінде болды. Шыңғысхан заманында ол басқарған мемлекетте Ислам, Будда, Христиан, Тәңіршілдік – бәрі болғаны тарихтан белгілі.
Тоқсаныншы жылдардан кейін біраз жастардың бес уақыт намаз оқып, өздері түсінбесе де Құран сүрелерін жаттап алуы әдетке айналды. Құдай осы екен деп жастардың дені әсіре діншілдікке салына түсуі де алаңдатады. Елімізге белгілі діндар азамат Мұрат қажының өзі де кей әсіредіншіл жастардан қауіптенеді. Кейінгі жылдары кейбір жастар арасында өздерінен үлкен жоғары буын өкілдеріне наразылық танытып, тіпті ата-анасына қарсы шығып жататындар көбейді. Ал оған қарсы керісінше аға буын өкілдері балаларының көзсіз діншілдігіне қарсылық білдіріп жататынын жиі кездестіруге болады. Қыздар болса тұмшаланып, орамалмен бүркемеленіп алатынды шығарды. Жасөспірім бозбалалар сақал өсіріп, басынан кепешін тастамайтындар көбейді.
Жалпы, Ислам дінінде ешкімге зорлық жоқ. Ендеше адамды күштеп, орынсыз уағыз тарату да жарасатын тірлік емес. Негізі идея – имандылық, адамгершілікте жатса керек. Демек, мінсіз мемлекет қалыптастыру барысында діннің алатын орны да орасан.
Шамасы, адамдарда мінсіз қоғам құруға тойымсыздық, билікқұмарлық секілді жаман әрекеттер кедергі болатын шығар. Өзара көмек, жанпидалық, өз міндеттерін ғана атқарып, басқалардың ісіне араласпау, қарақан басын ғана емес, қоғам мүддесін алға қою секілді қасиеттер жоғары бағаланса ғана мінсіз мемлекет құруға болар ма еді.
Платон философиясының өте маңызды бөлімі – адамзаттың арманынан шығатын "Мемлекет” туралы ілім. ... Мұндай мінсіз мемлекетті ең ақылды, білімді адам, яғни, Платонның ойлауынша, философ басқаруға тиіс. ... Сонымен, дүниедегі бірден бір әділетті, мінсіз мемлекет қандай болуы керек?
Өз заманында пәлсапашы ғұламалар жеке бастың бақыты, мол байлығы болғанымен, өзгелер кедей болса, сен бәрібір бақытты бола алмайсың деп пайымдаған. Демек, басшылар мен қосшылары қанағатшыл, имандылықтан аттамайтын, әділетті, елі үшін қызмет көрсеткеннен ләззат алып, өздерін бақытты санайтын болса шіркін! Ал қарапайым жұртшылық билік басындағы беделді азаматтарын құрметтейтін, мақтаныш тұтатын, іштерінде бүйректен сирақ шығарып, жік салатындары жоқ, мамыражай әрі дәулетті елді, мінсіз мемлекетті армандайтыны хақ.
Саясат БЕЙІСБАЙ,
qazaquni.kz