"Көк тудың желбірегені" өлеңі авторы Қазақстанда оралмандарды қалай кемсітетінін айтты
2016 ж. 10 желтоқсан
8389
12
„Оралмандар қашқындар, оралмандар сатқындар, оралмандар сауатсыздар„ дегенді қазақтың қазақ жерінде топтаса түсінен қауіптенгендердің әдейі шығарғаны, дақпырты деп білемін
«Неге солай?» бағдарламасында оралмандардың бүгінгі қоғамдағы орны туралы сөз қозғалды. Студия қонақтары — мәдениет қайраткері, ақын, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы Алмас Ахметбекұлы мен журналист Фариза Байелі.
Бар мәселе шешілуі үшін қазақ топтасуы керек
Фариза Байелі: — Қытайға, сол секілді елден жыраққа кетіп, қайтадан оралған қандастарымыздың 70 пайызы — сауатсыз. Оның үстіне, менің естуімше, оларға мемлекет 1 миллион теңгеге дейін ақша, үй-жай береді. Бірақ оның барлығына бірдей оралман ағайын қол жеткізе алмай жүр. Дегенмен ауылдың қазағы осыған қарап: „Біз кімнен кембіз„ деп оларға қызыға қарап, көре алмайтын секілді. Содан соң да
кезінде қашып кеткен, енді осындай сатқындарға неге жағдай жасау керек деп түңілетін сияқты.
Алмас Ахметбекұлы: — Өкінішке қарай, қоғамда ондай пікір бар. „Оралмандар қашқындар, оралмандар сатқындар, оралмандар сауатсыздар„ дегенді қазақтың қазақ жерінде топтаса түсінен қауіптенгендердің әдейі шығарғаны, дақпырты деп білемін.
Қазақ мәңгілік ел болу үшін, Қазақстан ұлттық мемлекет ретінде қалыптасып, дамуы, оның топырағының тұтастығы үшін өзінің, болашақ ұрпағының, өткен ата-бабасының мүдделері топтаса түсуі аса маңызды. Мұндай қуатты мемлекеттің пайда болуы біреулерге ұнамауы мүмкін. Сондықтан қазақтардың топтасуын алдын алу үшін түрлі әрекеттер болды деп ойлаймын. Соның бірі — оралмандарды кемсіту, ағаш басына ілу, „дайын асқа тік қасық„ болды деген дақпыртты таратудан туады.
Бүгінге дейін Қазақстанға 1 миллион қазақ келді. Бұл Қазақстандағы негізгі ұлттық құрамды — қазақтың санын 10 пайызға арттырды.
Қазақстанның гүлденуіне мүдделі ұлт — қазақ. Қазақ топтаса түсуі керек. Сонда қазақ тілінің де мәселесі шешіледі. Қазақстанның тұтастығына деген қауіп те сонда сейіледі.
Оралман деген ол мен, бірінші буын ғана. Мүмкін, мен өмір бақи оралман боп кетермін, бірақ Қазақстанда туған менің балам оралман емес, Қазақстанның азаматы!
Фариза Байелі: — Менің құрбыларым бар. Олар сөйлеу тілін біледі, бірақ жаза білмейді, қол қоя алмайды. Соны көргенде менің жүрегім ауырды.
Орысша білмейді, орысты көрмеген. Қытай тілін біледі. Бейімделулері қиынырақ.
Сондықтан олардан мұғалім шыға қоймайды. Біреуі, мысалы биші.
Пенде болғаннан кейін әртүрліміз ғой. Басында Қытайдан келген қандастарымыздың бір қулық қасиеттері болған. Мен білемін, ауылда сол үшін бір-екі отбасын қарақытай деп атап кеткен… Жалпы, лауазымды қызметтерде шетелден келген қандастарымыз жоқ. Мүмкін біз білмейміз бе?..
Оралмандар неге шенеунік болғысы келмейді?
Алмас Ахметбекұлы: — Сырттан келген соң, оларда ұқыптылық, сақтық, жинақылық деген бар. Себебі қоныс аударып келді, жаңа қонысқа келді. Бала-шағаларын орналастыру керек, оқыту, мал табу, жан бағу, отбасын асырау керек. Содан кейін де олар қарыз сұраса бермейді, есік алдында көлігі тұрса да бензин сұрайды. Мұндай мінез бар.
Маған бір жігіт: „Көршім бар оралман, көлігіңмен бір жаққа барып келейік десем, бензин сұрайды„ деп айтты. Енді ол сен үшін бензин шығындайды деймін ғой. Ол сен секілді тұрақты орында емес, енді ғана көшіп келді, елең-алаң, сондықтан ақшасын түгесіп қойғысы келмейді.
Міне, осы секілді пысықтығы, ұқыптылығы жағынан бір айырмашылықтар көріп, бір сүйкімсіздеу образдар шығып қалатыны рас.
Дәл өз басым депутат та, министр де болғым келмейді. Неге?..
Өйткені шетелдегі қазақтардың көбі жеке кәсіпкерлікке бейімделіп келеді, соған құлшынып тұрады. Жеке кәсіпкерлік деген не? Егер кәсібі жақсы жүретін болса, ол мемлекеттік қызметкерден әлдеқайда бай, әлдеқайда еркін адам. Мен мемлекеттік қызметкер болсам, осы араға сұқбат беруге келе де алмас едім. Ондайда басшылығымнан рұқсат сұрауға тура келеді. Ескерту алуым да мүмкін.
Шетелден келген қазақтың өзінде мемлекеттік қызметкер боламын деген талпыныс шамалы.
Қытай консулдығы күніне 300-400 адамға виза береді
Жан Ахмадиев, жүргізуші: — Қытайдан шекара асу қиын. Оған кем дегенде 2 жыл керек көрінеді. Бұл қаншалықты рас?
Алмас Ахметбекұлы: — Осыдан 3-4 ай бұрын Үрімшіде болдым. Марғұлан деген азамат келген екен консульдыққа. Күніне 300-400 адамға виза беріп жатырмыз дейді. Бір жылдық көп реттік виза беріп жатыр. Ал енді кезекте тұрғандар мәселен, 300-400 мың адам. Немесе 10 мың, 20 мың, 30 мыңдап кезекте тұр. Ал олардың кезегінің алшақтығына байланысты виза 6 айдан, 7 айдан кейін келеді, яғни ондай проблема бары рас…
Дереккөз: 365info.kz