Мұхамедиұлы Facebook желісіндегі парақшасының бұғатталуы туралы: Мені біраз шындықты айтып қояды деп қорқады
2016 ж. 30 қараша
2405
2
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook желісінде өзінің аккауынтын бұғатталуы туралы мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Екі күннен соң парақша қайтып ашылды. Менің ойымша, біраз шындықты айтып қояды деп қатты қорқып кетті ғой деймін, сол үшін де мені бұғаттады", - деді министр.
Мұхамедиұлы Facebook желісіндегі парақшасын өзі жүргізетінін және кешкі уақыттарда жазбалар қалдыратынын айтты.
Еске салайық, таяуда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook әлеуметтік желісінде жеке парақшасын ашқан болатын.
"Қадірлі достар! Мен мәдениет пен спортқа қатысты нақты ақпараттарды бөлісуге, сондай-ақ, осы саладағы барлық маңызды мәселелерді талқылау үшін Facebook әлеуметтік желісінде парақша ашуды жөн көрдім. Сонымен қатар, осы парақша арқылы жас режиссерлермен, суретшілермен, әртістермен, әншілермен және де көптеген дарынды тұлғалармен тілдесуге әрі байланыс орнатуға дайынмын. Себебі біздің қасиетті жеріміз талантты жандарға кенде емес. Өзімнің достарыма сапалы «кері байланыс» пен қолдау білдіргендері үшін зор алғысымды білдіремін. Барлық ой-пікірлерді жеке өзім оқуға және мүмкіндігінше жауап беруге тырысамын", - деп бастады министр алғашқы жазбасын.