Ахметов пен Ермегияев түрмеде жұмыспен қамтылды
2016 ж. 24 қазан
2675
0
Серік Ахметов пен Талғат Ермегияев түрмеде ресми түрде жұмыспен қамтылып, колонияда ай сайын жалақы алуда деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
«Сотталушы Талғат Ермегияев пен Серік Ахметов жұмыспен қамтылды. Олардың айлық жалақысы істеген жұмысының көлеміне қарай төленеді. Қайрат Жамалиев болса, әзірге жұмыссыз», - дейді ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев.
Оның айтуынша, сотталушылар өздерін тәртіпті ұстап, түрмедегі барлық мәдени-қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуда.
Ермегияев пен Ахметов қандай жұмыс атқаратынын ІІД айтпады. Дегенмен мұны түзету мекмесінің нөмірі арқылы оңай анықтауға болады.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияев Астанадағы ЕЦ 166/10 қатаң режиміндегі колониясында жазасын өтеп жатыр. Мұндағы сотталушылар негізінен металмен жұмыс істеп, жиһаз жасайды, тігін тігеді. Жалақысы – 20-30 мың теңге.
Ал экс-премьер Серік Ахметов Қарағанды облысының Қарабас ауылындағы 159/18 түзету колониясында жазасын өтеуде. Колонияның басшысы бұған дейін Серік Ахметовтің шаруашылық бойынша жұмыскер екенін мәлімдеген.
Еске салсақ, Талғат Ермегияев 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда жетекшілік қызмет ету құқығынан өмір бойына аластатылды.
Ал экс-премьер Серік Ахметов 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ахметовтің де мүлкі тәркіленген.