Назарбаев кезінде Ельцинді ұрып жықпақ болыпты
2016 ж. 19 қазан
6915
9
Slon Magazine мен Егор Гайдар Қорының «КСРО (СССР) қалай құлады? Басты тұлғалардың айтуымен» деген бірлескен жобасының бұл жолғы қонағы Гүржістанның бұрынғы премьері Тенгиз Сигуа (суретте) болды, деп жазады shyn.kz.
Қызықты әңгіме өрбіпті. Біз үшін сұқбаттың Елбасымыз Н.Назарбаевқа қатысты үзігі елең етерлік екен. Соны тәржімалап назарларыңызға ұсындық.
» – Иә. Мен Ельциннің қасында отырдым. Сосын біз телефон арқылы кәнігі достар секілді жиі хабарласып тұрдық. Ол алғашқы минуттан-ақ «сенге» көшті. Тенгиз, Тенгиз дейтін. Тағы бір оқиға есімнен кетпейді. 1992 жылғы мамыр айындағы Ташкентте өткен ТМД саммиті. Гүржістан ТМД-ның мүшесі болмаса да мені шақырды, себебі, онда кеңестік мүлікті бөлу мәселесі талқыланатын еді. Біткен соң мейрамханада аста-төк қонақасы берілді. Бәрі отыр. Делегация басшыларын сәл жоғары отырғызған. Ортаға Ресейдің патшасы жайғасқан. Бір жағында Назарбаев — Қазақстан, мен, Тер-Петросян – Армения және тағы басқалар; екінші жағында – ел қожайыны марқұм Кәримов, одан кейін марқұм Гайдар, ресей премьері. Ұлттық киім киген бикештер ас-су тасып, билеп жүр. Қарасам, Ельцин арақты үлкен стақанмен ішіп отыр. Шамамен жарыт сағаттай өткен соң бикештер қайта кіріп биледі. Кенет Ельцин орнынан атып тұрды, — еңгезердей, — үстел үстіндегі ағаш қасықтарды алып қасында отырған президенттердің басынан соға бастады. Біреуінің, сосын екіншісінің басынан соқты. Мына жағында — Каримов, мына жағында — Назарбаев. Ұрғанын өз көзіммен көрдім, бәрі көрді. Гайдардың түрі әлі есімде. Қысқасы, зал сілтідей тынды. Назарбаев атып тұрып, орысша балағаттап жіберді. Ол қысқа бойлы, бірақ, мығым, жас кезінде спортпен көп шұғылданған. Ананы салып жіберуге сәл қалды. Мен Ельцинді ұрмасын деп құшақтай алдым. Мына жақтан өз адамдарымен Коржаков жүгіріп келді…».