Бас прокурор студент кезінде тауық қорада тұрғанын есіне алды
2016 ж. 09 қазан
2866
3
Бас прокурор Жақып Асанов студент кезінде тауық қорада тұруына тура келгендігін жасырмады. Ол кез-келген қиындықты артықшылыққа айналдыруға болатынын айтуда. Бұл туралы NUR.KZ порталы aktobetimes.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мен де студент болдым. 80-жылдары ҚазМУ-ға ауылдан оқу қуалап келген жігіт едім. Сол кезде маған жатақханадан орын тимей қалған. Амалсыз туысымда қонуға тура келді. Оның өзінде мен үшін тек бойымнан да кіші балконынан ғана орын табылды. Бір рет түнегесін ол жерге қайтып бармаймын деп шештім. Вокзалдарда түнеп жүргенімді ата-анама айтпадым. Олардың көңілін түсіргім келмеді. Университетте мен секілді баспана іздеп жүрген жігіттерді жолықтырдым. Үшеуіміз бірігіп, 20 рубль жинадық. Ол кезде пәтерді жалға беру деген әңгіме болмайтын. Ақыры бір әже кішігірім бөлме беретін болды. Барсақ, ол бөлме емес, қабырғалары сырланған, едені бетоннан құйылған бұрынғы тауық қора екен. Ортасында тұрған пешті қоссаң бөлме қайнап кетеді, өшірсең бірден тастай болады. Оны түнделетіп бақылап отыруға тура келетін", - деп қиындықтарды еске алды прокурор.
Тауық қораға қайтып оралмас үшін прокурор барлық бос уақытын кітапханада өткізетін болған.
"Дәріс біткенде бәрі жылы үйлеріне кететін. Ал үшеуіміздің тауық қораға қайтып барғымыз келмей, қала аралап жүретінбіз. Ақыры оларға кітапханаға баруды ұсындым. Ол жер жылы әрі тамағы да қымбат емес еді. Сұлу қыздар да бар дегендей... Ол кезде 17 жастағы жігіт едік. Ақыры кітапханадан үйге әбден қараңғы батқанда оралатынбыз. Оқуымыз да түзеле бастады. Мен көптің арасынан ерекшелене түстім. Мені оқытушылар байқап, қайда тұратынымды сұрады. Екі жігітпен тауық қорада тұратынымды білгесін, деканмен сөйлесіп, жатақханадан бөлме тауып берді. Менің айтпағым, кез-келген қиындықты артықшылыққа айналдыра білу керек", - деп ойын түйді ол.
Прокурор екі баласына да лайқыты тәрбие берген. Ұлдары 15-ке толғанында Асанов олардан жеке шығуын талап еткен көрінеді. Бірі интернатқа барса, енді бірі жағдайы төмен отбасының қолына барған. Бүгінде Жақып өз ісінің маманы болып отырған ұлдарын мақтан тұтады.
Елена Рышкинаның материалынан аударылды.