Премьер-министр Тасмағамбетов пен Маминнің міндеттерін бөліп берді
2016 ж. 01 қазан
7077
6
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев өз орынбасарларының нақты міндеттерін бөліп берді деп жазады primeminister.kz.
Құжатқа сәйкес, премьер-министрдің қарауына экономикалық, қаржы, фискалдық және кедендік саясат, мемлекеттік бюджетке қатысты стратегиялық мәселелер, мемлекетаралық қарым-қатынас мәселелері және халықаралық ынтымақтастық, шетелдік инвестицияларды тарту және инвестициялық ахуалды жетілдіру және басқалары кіреді.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің міндеттеріне экономиканы және аймақтық саясатты жедел басқару, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану, құрылысты дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, көлік инфрақұрылымын және логистиканы дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, энергияның жаңартылатын көздері, көмір, атом өнеркәсібі және ядролық энергетиканы дамыту мәселелері бекітілді.
Сонымен қатар, ол төтенше жағдайларға және жұмылдыру жұмыстарына, әскери-өнеркәсіптік кешенді, шағын және орта бизнесті дамыту, жылу беру маусымдарына дайындадық және оны өткізу, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі мәселелеріне және басқаларына жауапты.
Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік жаңғырту, әлеуметтік саясат, жұмыспен қамту, дін, спорт, мәдениет, демографиялық және көші-қон саясаты, мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруды үйлестіру және басқа мәселелер бекітілді.
Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, су ресурстары, орман шаруашылығы, жануарлар әлемі және басқа мәселелерге жетекшілік етеді.
Премьер-министр кеңсесінің басшысы Ерлан Қошанов премьер-министрді және үкімет басшылығын ақпараттық-талдау, құқықтық, ұйымдастырушылық, хаттамалық, құжаттамалық, материалдық-техникалық және өзге де мәселелерді қамтамасыз етуді іске асырады.