Әлихан Байменов: Мемлекеттік қызметкерлердің түнгі он бірге дейін жұмыс істеуі еңбек өнімділігіне кері әсер етеді
2016 ж. 29 қыркүйек
3292
3
Мемлекеттік органдардың біразында қағазбастылықтың шын мәнінде мазмұндық өлшемі жоқ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов мәлімдеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақыты аяқталса да, кеңседе түнге дейін қалуы - мемлекеттік органдардың менеджментіндегі өзекті мәселенің бірі. Бұл ретте бірнеше мәселе бар. Біріншіден, лауазым иелері арасында жауапкершілікті шектеуді жетілдіру керек. Министрліктің ішінде кім стратегиялық бақылаумен айналысады, кім күнделікті басқарумен айналысады деген министр орынбасарлары мен жауапты хатшы арасындағы аражікті одан ары нақтылау керек. Екіншіден, мемлекеттік органдардың біразында әлі де қағазбастылық басым және осы қағаз айналымын талдайтын болсаңыз, оның біразы өзінен өзі туындаған, шын мәнінде мазмұндық өлшемі жоқ қағаздар. Сондықтан қадағалау әрі бақылау жүйесінде жоғары органның төменгі органды қадағалағанды жай ғана формальды емес, стратегиялық нәтижелерге қол жеткізуге екпін қойылуы керек. Бұл әлемдік үдеріс»,-деді Ә. Байменов.
Оның сөзіне қарағанда, кейбір лауазым иелері жұмыстан кейін жиналыстар өткізгенді ұнатады. Осы ретте бұл жиналыстардың да нәтижелілігіне назар аудару қажет. «Мемлекеттік органдардың басшылар үшін менеджмент, оның үстіне жобалау менеджменті, уақыт менеджменті секілді біліктіліктерін көтеру курстарын өткізу керек деп ойлаймын. Егер мемлекеттік қызметкерлер түнгі сағат 10-11-ге дейін жұмыс істейтін болса, олардың жұмыс уақытындағы еңбек өнімділігі күрт төмендейтінін зерттеулер анық көрсетіп отыр. Олар 6-7 сағатта жасайтын жұмысын атқаруға қауқарсыз болады. Ол үшін қызметкерлерді нақты іске жұмылдыра білу керек. Бұл мемлекеттік органдардың ішіндегі менеджментті жетілдіруге қазір басты назар аудару керек екенін және мемлекеттік қызметтегі корпоративтік мәдениетті жетілдірудің маңыздылығын аңғартуда. Сонымен қатар қарамағындағы сарапшылардың білімін шешім қабылдағанда дұрыс пайдала білуге мән беру керек», - деді ол.
Сөз соңында Ә. Бәйменов жоғарыда аталған қадамдар арқылы қажетті жүйелерді жетілдіру нәтижесінде мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге ықпал ететінін атап өтті.