Б. Сапарбаев: Біз елдің бірлігін көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек
2016 ж. 26 қыркүйек
3010
3
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына жұмыс сапарымен барған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жастарды жұмыс істеуге шақырып, ата-анасының зейнетақысына жан бағып отырғандарды сынады.
Ақтөбедегі құқық қорғау органдары аудандарды аралауға кірісті. Әйтеке би ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жанына облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай, облыстық ІІД бастығы Махамбет Абисатовты және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің өкілін ертіп барды. Халықпен кездесу кезінде өңір басшысы бірлікті сақтауға, ауыл жастарын ерінбей еңбек етуге шақырды. Балаларын зейнетақымен асырап отырған қариялардың ісі қате екенін айтты.
«Балалар сіздердің зейнетақыларыңызға күн көретін болса, олардан түк те шықпайды. Бәріміз де ауылдан шыққан азаматтармыз. Жеткен жетістігіміз еңбектің арқасында. Екінші айтарым, біз елдің бірлігін сақтауымыз керек. Еліміздің 25 жылдағы жеткен жетістігі осы. Бірлігімізді көзіміздің қарашығындай сақтасақ, ұрпағымыздың алдында міндеттерді атқарған боламыз»,- деді ауыл халқына Б.Сапарбаев.
Кейін ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін бірлесе жұмыс істеу қажет екенін айтты. Ұлттық салт-дәстүрді сақтау, ата-баба жолымен жүріп, жат ағымның жетегінде кеткендермен бірлесе күресу нәтижелі болатынын жеткізді.
«Ауданда діни проблема жоқ, бірақ мәселелер, жат ағымда жүрген азаматтар бар. Аудан әкімшілігіне, ауыл әкімшілігіне тапсырма берілген. Дегенмен жеке дара айналысатын болсақ, жақсы нәтижеге жетпейміз. Жұмысты бірлесе істеген жөн. Ата-бабадан келе жатқан дәстүріміз, салтымыз бар. Біз соны ұмытпауымыз, сонымен жүруіміз қажет. Бірақ арамызға іріткі салатындар да бар. Қазақстанның дамып, халықтың әл-ауқатының көтеріліп жатқанын көре алмайтындар кездеседі»,- деді өңір басшысы.
Қазір Әйтеке би ауданындағы мешітте жоғары білімді діни қызметкер жұмыс істеп жүр. Маман «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде білім алып, ауданға еңбек етуге келген.
«Есепте тұрған дәстүрлі емес бағыттағы дін ұстанушы азаматтар тұрақты бақылауда. Аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жергілікті полиция қызметі әкімдікке берілген соң бөлімнің материалдық-техникалық базасын нығайту қолға алынды»,- деді аудан әкімі Бердалин.
Айта кетейік, аудандағы тұрақтылықты сақтау мақсатында қоғамдық-саяси кеңес отырысы өткізіліп отырады екен.