Коллектор келе жатыр...
2016 ж. 26 қыркүйек
4298
7
Бұрындар тәртібі нашар, тілазар баланы «Қожа келе жатыр!» деп қорқытушы еді. Өйткені қожаның қалтасында пышағы болатынын, онымен құлағыңды, керек болса басқа да аса қажет мүшеңді кесіп алатынын барлық бала жақсы білетін. Қазіргі балалардың қожадан қорқатынын көрген емеспіз. Есесіне сол балалардың өзі енді ата-анасын «Коллектор келе жатыр!» деп қорқыта алады. Заман қалай өзгеріп, дүние қалай дөңгелейді десеңізші...
Мәжілістің кезекті отырысында депутаттар атышулы коллекторлық қызмет туралы құжатты қарап, оған «Ақылға қонымсыз заң жобасы» деген баға берді. Бұл шынынтуайтында біздің мәдениетті депутаттарымыздың жеңіл-желпі, сылап-сипап айтқандағы анықтамасы. Одан қаттырақ айтуға депутаттық этика жібермейді, әдепсіздік болады. Ал, борышкерлерге салсақ – «Тойымсыз қаныпезерлердің киллер туралы заңы» деп турасын айтар еді. Өйткені, алған баспанасын несиесін уақытында төлемегені үшін әй-шай жоқ бір күнде тартып алса киллерден, рэкеттен қай жері кем? Басындағы ең қымбат барын алғаны - жанын алғаны емес пе?! Борышкерлердің көшеге шығып ереуілдетуіне етіміз үйреніп алды. Несиесін өтей алмай, өзіне өзі қол жұмсағандар да аз болған жоқ. Содан да болар, бұл заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге қатысты депутаттық жұмыс тобының отырысы қызу, тартысты өтті.
– Банктің ала алмай жүрген несиесінің жартысын өндіріп беруші коллекторге төлейтінін түсіне алмаймын, одан да борышкерге сол 50 пайызын кешіре салмаймыз ба?- деді депутат Зағипа Балиева. Балалардың мәселесін басты назарда ұстайтын халық қалаулысы сол сияқты сәбилері бар отбасылардың қарызын коллекторлар арқылы өндіріп алуға жол бермейтін заңды қабылдау керектігін талап етті.
– Қазіргі кезде азаматтар коллекторлық қызметті қоқан-лоққымен ақша табатын рэкэт сияқты қабылдайды. Бұл заң коллекторлық қызметті қорғау үшін емес, олардың борышкермен қарым-қатынасын реттеу және жүйелеуге бағытталған. Бүгін айтылған ұсыныс-пікірлерді жұмыс тобында ескеретін боламыз,- деді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков түпкі ойын түрлендіріп түсіндіруге тырысып.
Бұның алдында да Ұлттық банктің ұсынған коллекторлық туралы заң жобасын депутаттар жүн-жұрқасын шығарып, әбден сынап кейін қайтарған болатын. Сөйтіп Ұлттық банк өкілдері «Бәрін түзедік, қарызгерлердің қамын қарастырдық» деп өлердегі сөзін айтып екінші рет келген-ді. Бірақ оң өзгерістерді байқамаған депутаттар бұл жолы да өз алған беттерінен қайтпады. Бұдан бөлек, жұмыс тобына қатысушылар көп балалы аналар мен 3 топтағы мүгедектерге де жеңілдік қарастыру керек деп отыр. Тіпті, Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы болмағандықтан, коллекторлық қызметке мүлдем тыйым салу керектігін де айтып салды.
Кейде көпшіліктің сынына ілініп қалатын депутаттарымыздың бұл жолғы берік бағыты мен тайсалмас талабын бес миллионнан аса қазақстандық борышкерлер қол соғып қолдағанын айтпасақ-та болар.Тіл-көзден сақтасын, демалыстан оралған депутаттарымызды танымай қалдық. Осылай белсенділік танытып отырса нағыз халық қалаулылары болып шыға келеріне күмән жоқ. Құдай соған жеткізсін! «Темірді қызған кезінде соқ» демекші, депутаттарымыз тың күшпен қызмет етіп жатқанда көпшіліктің көкейіндегі банктерге бағытталған кейбір сұрақтарды да айтып қалайық. «Банк кімге қызмет етеді, кімнің арқасында пайда тауып отыр? Әлде біздің банкирлер шетелден қарызға ақша берген капиталист байлардың қызметшілері ме? Біздің білуімізше Халықаралық даму қаржы орталығынан небары 1 пайызбен қарыз алады екенбіз. Әрине, мемлекет пен үкіметтің кепілдемесімен. Мемлекет халықтың өмірін жеңілдету үшін, баспаналы болсын, қажет тауарларын алсын деп банктерге қаржы бөліп, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Сонда 20-25 пайыздық мөлшерлеме қайдан пайда болды? Бұндай жоғары пайыз әлемнің бір елінде жоқ. Әлде үкімет сондай тапсырма беріп отыр ма? Олай болса бұл банктер солардың еншісіндегі қаржылық мекеме демеске амалымыз жоқ. Өтірік-шын көрсеткен қосымша қызметтерін қосқанда бұл мөлшерлеме одан да асып кетеді. Коллекторларға қайтарған қарыздың жартысын беретіндей олар банктің жан дегендегі жалғыз қарындасынан туған жиендері ме? Коллектор деген қайдан пайда болған қызмет түрі? Қарызды күштеп қайтаратын құқықты оларға кім беріпті? Борышкерлерді соншалықты қылқындыратындай олар бір жаққа қашып кете ме? Қарызы мен айыппұлы барларды шетелдерге шығармайды емес пе? Халықты қыса бергенше, несие пайызын түсіріп, қанағаттық көрсеткен дұрыс шығар. Тойымсыздықтың түбі жақсылыққа жеткізбейді» деген ойларын білдіреді біздің редакциямызға хабарласқан оқырмандарымыз. Қарапайым адамдардың зары банкирлерлердің бүйрегін бұрмасын білеміз. Құлақтары бітеліп, құлқындары кеңейген банк қызметкерлері депутаттардың дуалы аузынан шыққан сөзге назар аударады деп үміттенеді көпшілік.
Ия, бұл заң жобасы да жұртты шулатқан «Жол жүру ережесінің» жолын құшқан секілді. Шикі заңның бірнеше қайнауы ішінде жүр, халық қамы мүлдем қарастырылмаған. Ал, халыққа керек емес заң кімге қажет? Бұл туралы Елбасының өзі айтқанын жақсы білесіздер. Бірақ Елбасының сөзін елеп жатқан банктерді көрмедік. Банктердің білетіні – жоғары үстемемен несие беріп, байыған үстіне байи түсу және қарыз болып қалғандарды қылқындыру ғана. Сондықтан да болар банктен қолдау тапқан коллекторлар заң-зәкөніңе түкіріп қойып, сол баяғысынша «қызметін» қызу атқарып жатыр. Амалсыздан қарыздың қамытын мойнына ілген еліміздегі бес миллионнан аса борышкерлер «Қашан коллектор келіп қалады екен?» деп есіктерін күні-түні құлыптап, қалтырап отыратын болды. Тіпті телефондарын да өшіріп қоятын жағдайға жетті. Әлемде жоқ жоғары пайызбен несие таратып, өз халқын тонаған тойымсыз банк өкілдері енді қандай жоба алып келеді екен? Кешірерсіздер, осы жерден әңгімемізді кілт доғаруға мәжбүрміз. Есігімізді тепкілеулеріне қарағанда бізге де коллекторлар келіп қалғанға ұқсайды...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz