М. Тайжан: Салафизм - қазаққа жат идеология, оған тыйым салу керек!
2016 ж. 21 қыркүйек
4138
3
Мұхтар Тайжан, Болатхан Тайжан атындағы қор президенті
- Әңгімені Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысынан бастастақ. Аймақтарда өтуі тиіс кезекті отырысы тағы да өтпейтін болды. Қалай ойлайсыз, комиссияның жұмысы сұйылып кеткен жоқ па?
- Оны уақыт көрсетеді. Өйткені, шынында да өткен аптада отырыс болған жоқ, осы аптада да болған жоқ. Келесі аптада да болмайды. Сөйтіп, комиссия отырысы төрт апта қатарынан өтпеді. Бұл нені білдіреді? Меніңше, билік әрі қарай не істейтінін білмей отыр. Себебі, Атыраудағы жер мәселесі бойынша өткен халықтың бейбіт шеруінен билік қатты соққы алды. Жер мәселесінде халықтың табалы нақты болды. Біздің де талабымыз сол - халық талабы. Сондықтан билік тығырыққа тірелді. Әрі қарай бұл мәселенің қалай өрбитіні уақыт еншісінде.
- Жер мәселесіндегі биліктің әрекетінде бір қарама-қайшылық бар. Атыраудағы митингіден кейін комиссия құрылды. Алайда, сол митингіге шыққан азаматтарды ұстап, істі қылды. Яғни, бір жағынан митингіге шыққандардың талабын орындады – комиссия құрды, сөйте тұра митингі ұйымдастырушыларды істі қылды. Осы қарама-қайшылықты қалай түсіндіруге болады?
- Біз комиссия отырыстарында Атыраудағы бейтіт митингіден кейін қамауға алынған азаматтарды босатуды үнемі айтып келеміз. Олардың бірде бірі қамауда қалмауы тиіс. Қазіргі уақытты істі болған жігіттерге тағылған айыптардан «мемлекеттік құрылымды құлатуға тырысты» деген айып алынып тасталды. Бірақ, «жалған ақпарат таратты, заңсыз митинг ұйымдастырды» деген айыптар әлі бар. Сіздің айтып отырғаныңыз рас. Әрине, биліктің әрекеті логика сыймайды. Біз де, халық та оларды босатуды талап етіп отырмыз.
- Сіз айтып отырған талаптарға билік құлақ асып, оларды босатуы мүмкін бе?
- Мүмкін.
- Өткенде «Нұр Отан» партиясы мүшелері жер-жерлерде жер мәселесі бойынша үгіт жасап жүр дедіңіз. Осыны ашып айтып беріңізші.
- Иә, ол туралы жаздым. Комиссия әлі бір шешімге келген жоқ. Отырыстар өтпей жатыр. Ал, «Нұр Отан» партиясы мүшелері үгіт-насихат жасап жүр. Мұны қалай түсінуге болады? Олар нені насхаттап, үгіттеп жүр? Бұл әрекет – ақылға қонбайды.
- Жер мәселесінен экономика мәселелеріне ойыссақ. Халықтың зейнетақы қорындағы қаражатынан билік «экономикаға инвестиция» деп қаражат алды. Қарапайым адамға биліктің осы әрекетін экононист ретінде қалай түсіндірер едіңіз?
- Халықтың ақшасын неге сұраусыз алғанын билік түсіндіруі тиіс. Мұндай тәжірбие өзге елдерде бар дегенді естімеппін. Әр адам биліктен зейнетақы қорындағы қаражатын неге сұраусыз пайдаланып жатқанын түсіндіруін талап етуге құқылы.
- Сіз әлеуметтік желіде Ресейдің Қазақстанға іс-әрекетіне, саяси-экономикалық қадамдарына қатысты үнемі сын айтасыз. Сіздің ше, Ресейден Қазақстанға келетін қандай қауіптер бар?
- Ресей – агрессивті ел. Екі жыл бұрын Қырымды алды. Оның алдында Оңтүстік Осетия. Ал, Қытай соңғы отыз жылдың ішінде ешкімге, ешқандай агрессия жасаған жоқ. Қытай саудагер ел. Айырмашылығы сол, Ресей қарумен, Қытай ақшамен келеді.
- Біз қайсысына көбірек қауіптенуіміз керек?
- Ресейден, әрине. Қытаймен саудаласу, саудаласпау біздің таңдауымызда. Ал, Ресей қарумен келеді де тартып алады. Сұрамайды. Саудаласпайды.
- Бірақ, Қытайдың Қазақстанға қатысты ұстанып отырған экономикалық саясатының астарында қауіп-қатер бар ма?
- Бар, әрине.Алайда, ол қауіп-қатерлерді болдырмау өз қолымызда.
- Дегенмен, халықтың билікке деген сенімі өте төмен ғой.
- Халық сеніміне ие болу үшін билік әр істе адал болуы тиіс. Заңның барлық механизмдері жұмыс істеп, әділдік болуы шарт. Сонда билік халық сеніміне ие болады.
- Халықты айтқанда, елдегі ұлтаралық саясат та еске түседі. Осы саясат туралы не дейсіз?
- Ұлтаралық достық, жақсы қарм-қатынас, өзара түсіністік мызғымас үшін Қазақстан азаматтары түгелді мемлекеттік тілді меңгеруі керек.
- Конституцияда орыс тілінің ресми тіл деген статусы бар ғой. Ол кедергі болмай ма?
- Жоқ, мемлекеттік тіл біреу ғой. Кім орысша сөйлейді? Үкімет. Үкімет қазақ тілін білмейді. Министрлердің бәрі білмейді деуге болмайды, әрине. Сондықтан, қоғамда Үкіметке қарап, орысша сөйлейді. Оның ішінде БАҚ та.
- Дос Көшім бір мақаласында Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысынан қоғам күткендей шешім бола қоймас деген ойын айтты. Сіз қалай ойлайсыз?
-«Үмітсіз шайтан». Біз комиссия оң шешіп қабылдау бағытында жұмысты жалғастырып, үмітпен қарауымыз керек. Егер біз комиссиядан шықсақ, билік өзіне ыңғайлы шешім шығарады.
- Осыдан бір-екі жыл бұрын Сіз саясаттан кеттім дедіңіз. Қазір жер реформасы жөніндегі комиссияда белсенді жұмыс істеп жатырсыз. Бұл Сіздің саясатқа қайта оралғаныңыздың белгісі деуге бола ма?
- Комиссиядан кетіп қалайын ба? (күлді). Мен ол кезде «Қазақстанда Жаңаөзен сияқты оқиға қайталанса, сепаратизм пайда болса, саясатқа қайта келемін» деп айтқанмын. Ондай оқиғалардың Құдай бетін әрі қылсын! Ал, жер мәселесі қоғамды толқытқанда мен қалай үйде отыра аламын. Мен саясаттан кеткенмін деп отыра беруім керек пе еді? Жерден айырылып қалсақ, бизнес не керек? Жер кетсе, ештеңенің болашағы болмайды! Сондықтан мен қоғамдық жұмысқа қайта оралдым, сосын комиссияға шақырды.
- Мемлекеттік және жекеменшік БАҚ та комиссия жұмысының насихатталу барысына көңіліңіз тола ма?
- Бастапқыда комиссия жұмысынан көп ақпарат беріліп тұрды. Соңғы кезде азайды. Бұл да саясат. Бірақ, түбі халық бәрібір жеңеді.
- Халық жеңуін жеңеді ғой, бірақ мемлекеттік БАҚ комиссия жұмысын біржақты көрсететін сияқты көрінбей ме Сізге?
- Иә, сенімен келісемін. Мемлекеттік БАҚ комиссияның алғашқы отырыстарында бізді жақсы берген еді, кейін мүлдем бермей кетті. Неге? Өйткені, саясат өзгеріп бара жатыр. Бұл да бекер. Өйткені, қалай да қалай халық жеңеді.
- Елдегі діни жағдайға да қатысты ойыңызды білсек. Сарапшылар «Билік Ақтөбдегі оқиғадан сабақ ала алмады» деді. Яғни, сол кезде теріс діни ағымдарға заңмен тыйым салу керек еді, бірақ олай болмады дегенді меңзеді. Неге әлі күнге тыйым салынбай отыр, оның себебі неде деп ойлайыз?
- Мемлекеттік саясат кез келген салада әлсіз. Осы діни салада да әлсіз. Әрине, тыйым салуы керек еді. Сосын Саят Ибраев сияқты тұлғаларды босатып және жастар арасында өте күшті үгіт-насихат жасау керек. Салафизм қазаққа жат идеология. Қазақ жүз жыл бұрын айтты ғой «Сақалы бар мұрты жоқ, шапаны бар, ұлты жоқ». Жастарға осыны түсіндіру бағытындағы жұмыспен ешкім айналысып отырған жоқ.
- Сіз мемлекеттің кез келген саласындағы саясатымен келіспейсіз?
- Көңілімнен шықпайды.
- Сіз, қолыңыздан келгенше, нені өзгерткіңіз келеді?
- Біріншіден, биліктің, қоғамның көзқарасын өзгерту.Өйткені, ең бастысы ол – идея, үгіт-насихат. Бәрі үгіт-насихаттан басталады. Біз де осы үгіт-насихатпен айналысуымыз керек. Себебі, бұл бағыт түбі нәтиже береді. Қарап отырсаң, фейсбук бес жыл бұрын қандай еді? Қазір қандай? Айырмашылық бар ма? Бар. Ал, фейсбук ол қоғамның айнасы. Үгіт-насиахт болса, үлкен қару.
- Билік жер мәселесінен қатысты митингілерден соң, комиссия құрды. Және жергілікті әкімшіліктердің, министрліктердің жанынан қоғамдық кеңс құрды. Осы бағытпен барып, билік саяси күштерге алаң ашып беруі мүмкін бе?
- Жоқ. Ешқашан. Бұл жүйе ештеңені өзгерте алмайды. Бұл жүйе тек қана құлайды. Құлағанша, ештеңені өзгерте алмайды.
- Ал, құлағанша еш өзгеріс болмайтын жүйенің көзқарасын қалай өзгертпексіздер?
- Бұл жүйе құлаған соң, басқа жүйе орнайды ғой. Міне, сол жүйеге қоғам дайын болуы тиіс. Яғни, көзқарасы өзгерген, жаңарған күйде болуы керек.
- Сіз бір жазбаңызда жаңа жүйені екі жылда қалыпқа келтіруге болады дедіңіз. Мұны қандай негізге сүйеніп айттыңыз?
- Польша деген ел бар. Ол елде коммунитсік жүйе құлағаннан кейін екі жылдың ішінде капиталистік, демократиялық жүйе құрды. Біз де солай жасай аламыз.
- Осы жүйеден кейін Қазақстанда қандай жүйе орнайды деп ойлайсыз?
- Ұлттық демократиялық жүйе орнайды. Қандай да отар ел бостандық алған соң, бірінші компрадорлық элита болады. Содан кейін ұлтшыл элита келеді. Сондықтан, қазіргі компрадорлық элита бәрібір кетеді. Қазіргі демографиялық үрдіс, жаңа буынның қандай екенін көріп отырмыз. Бұл бәрібір өзгеріске алып келеді.
- Ұлттық мемлекеттік жүйе құруға қоғам дайын деп ойлайсыз ба?
- Әрине, дайын! Егер әділ әрі ашық сайлау өтсе, Парламентке ұлттық күштер көп дауыспен өтеді деп ойлаймын. Ондай өзгерістерге халықтың сана-сезімі, қоғамның ішкі сұранысы бәрі де дайын деп ойлаймын. Әрі ондай ұлттық күштерді бастайтын азаматтар қазір де бар. Келешекте одан да көп болады.
- Демек Сіз қазіргі жүйеден кейін Қазақстанда ұлттық мемлекет орнайды дегенге сенесіз?
- Иә, сенемін!
- Өзіңізді сол жолда қызмет етіп жүрмін деп есептейсіз?
- Дәл солай.
- Cәттілік тілеймін! Рахмет, әңгімеңізге!
Сұхбаттасқан - Өміржан Әбдіхалықұлы
abai.kz