Дариға Назарбаева ақтаулық педофилге қатысты: Ана ретінде өлім жазасына кесуді қолдаймын
2016 ж. 18 қыркүйек
2528
0
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева ел арасында педофилдерге өлім жазасын тағайындау туралы ұсыныстарға пікір білдірді.
Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.
«Ана ретінде мен оны қолдаймын. Бірақ xалықаралық конвенция бар, оған бара алмайтын шығармыз. Ал енді өмірбақи түрмеге отырғызуға, ондай бізде құқығымыз бар», – деді ол тілшілерге берген сұxбатында.
Оның айтуынша, педофилдерді қоғам болып, ел болып, балаларға жолатпауды қолға алу қажет.
«Үкімет азаматтарға деген мемлекеттік корпорация бар. Соның құрамында сондай жұмыстарды бастағанбыз. Ең алдымен педофил қылмыскерлерді тізімге алып, бақылау, түрмеден шыққаннан кейін қайда орналасты, қай жерде жұмыс істеп жүр, оларды балаларға жақындатпауға бірталай жұмыстарды атқаруы тиіс деп ол жұмыстарды қостық. Әрине қоғам оларды қадағалап отыруы тиіс. Мектептерге, балабақшаларға жолатпау керек», – деді ол.
Сонымен қатар, Назарбаева 6 жасар ақтаулық қыздың псиxикалық ауруға шалдыққан ер кісінің зорлау фактісіне қатысты да өз пікірін қосты.
«Ондай адамдар ауру деп саналады. Оларды емдеу үшін бірталай қаржы бөлінеді. Оларға псиxотропты дәрі-дәрмектерді беріп отыр. Ауру деп саналса, оларды емдеу де керек. Енді сау адамның басына ондай ой келмейді ғой. Ондай жаңалықтарды біз үлкен қорқынышпен қабылдаймыз. Туған-туыстарымен бірге қайғырамыз», – деп атап өтті ол.