Ислам Каримовтің кенже қызы әкесіне не болғанын айтып берді
2016 ж. 29 тамыз
5375
1
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің қызы Лола Каримова-Тилляева мемлекет басшысының миына қан құйылғанын мәлімдеді.
«Алып-қашпа әңгімелердің тарап кетуін болдырмау үшін өз парақшамда сіздермен отбасымызда орын алған ауыр жағдайды бөліспекшімін. Сенбі күні таңертең миына қан кетуіне байланысты әкем аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Оның жағдайы тұрақты деп бағалануда. Қазір қандай да бір болжам айтуға ерте. Халықтан әртүрлі қауесетке жол бермей, отбасымыздың құқығына құрметпен қарауды өтініп сұраймын. Әкемнің амандығын тілеп дұға еткендерге алдын ала алғыс білдіремін», - деп жазды Лола Каримова-Тилляева.
Кеше мемлекеттік телеарнадан президент Каримовтың ауруханаға түскені туралы ресми түрде хабарланған деп жазады Азаттық.
Бірақ президенттің сырқаты қандай екені айтылмаған еді. Ресми ақпаратқа сәйкес жергілікті дәрігерлер Каримовті "медициналық тексеруден өткізу мен емдеу шаралары біразға созылатынын" айтқан.
Бейресми дереккөздері Ташкентке шетелдік дәрігерлер келіп, Ислам Каримовтың резиденциясының маңында қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін айтады.
Сарапшылар Өзбекстан тәуелсіздік алған 25 жылдан бері билік Каримовтың денсаулығы туралы ақпаратты бірінші рет көпшіліке жариялап отыр дейді.
Ислам Каримов 1 қыркүйекте Өзбекстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шараларда көп алдына шығады деп жоспарланған.