Еліміздегі мемлекеттік қызметкерлер арасында қыз зорлап, адам өлтіргендер бар
2016 ж. 31 шілде
2539
0
Ақтөбелік шенеуніктермен кездесуге Астанадан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың өзі келді деп хабарлайды Ақтөбе-ақпарат.
Ол өз сөзінде жемққорлықпен сотталғандар арасында Ақтөбедегі әкімшіліктің қызметкерлері баршылық екенін айтты.
Жемқорлықпен күресетін ұлттық бюро басшысының оң қолы Қытайда қылмыс жасаған мемлекеттік қызметкерлердің өлім жазасына кесілетінін, біздің елде мұндай азаматтарға беріліп жатқан жазаның ең ауыры 15 жылға бас бостандығынан айыру екенін тілге тиек етті.
Жемқорлық бойынша жауапқа тартылып жатқан мемлекеттік қызметкерлердің, өкінішке қарай, жыл сайын азаймай отырған мәлімдеген Шпекбаев мемқызметкерлердің басынан «сипап» отырып, қатты ескертулер айтты.
Қылмыстарын қайталап, ескертулерді елемей келгендерге арнайы жасалған бейнежазба арқылы темір тордың ар жағындағы әріптестерін көрсетті.
Мемлекеттік қызметкерлердің өз лауазымын асыра пайдаланған әрекеттері, олардың қолға түскен кезіндегі жазба мен соңында жасаған ісіне өкініп, түрмеде отырып сөйлеген сөздері тыңдалды.
«Бұл өздеріңіздің бұрын бірге жұмыс істеген әріптестеріңіз. Сондықтан мысал ретінде осы кісілерді көрсетіп отырмыз. Жемқорлықтың соңы не болатынын барлығыңыз білесіздер. Мемлекет ақшасын иемдену, қызметін асыра пайдаланудың кесірі бас бостандығынан айрыруға әкеледі»,-деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев.
Алик Шпекбаевтың айтуынша, өткен жылдың жарты жылдығында әкімшілік қызметкерлерінің қатысуымен 35 қылмыстық іс жасалған.
«Адам өлтіру, ұрлық, қыз зорлау, бұзақылық, мемлекет қаржысын ұрлау деректерінің бәрі әкімшіліктің беделіне нұқсан келтіріп тұр. Кадрлар таңдалғанда жауапты мамандар қайда қараған? Әйтеке би ауданында қыз зорлаған фельдшер он жылға бас бостандығынан айырылды, Ырғыз ауданында адам өлтірген мұғалім бостандығынан айрылды. Айтылған жағдайдан нәтиже шығару керек»,-дейді Алик Шпекбаев.
Шпекбаевтың баяндамасын тыңдаған ақтөбелік шенеуніктер ауыр күрсініп шықты.