Отаршыл орыс атам қазақты қалай қырды?!.
2016 ж. 31 шілде
3999
1
Батыс-Сібір генерал-губернаторы патшаға жазған хатында айтады: «Қазақтың даласында сексеуіл деген ағаш өседі. Шеге қақсаң кірмейді, балтамен шапсаң жарылмайды. Бірақ, өзін ғана бір қатты нәрсеге ұрсаң, быт-шыт болады екен. Біз осыны қазаққа қолданайық». Міне, Ресейдің саяси басты сызығы осы болып келе жатыр. Қазақтарға үлкен облыстарды билетті.
Мысалы, Батыс Қазақстанда сұлтан билеушілер деген болды. Тек қана төрелерден қойылды. Ол үлкен губернияны билеп отырды. Орта жүзде аға сұлтан деген шықты. Ол да бір үлкен облысты билеп отырды. Бірақ олардың артында орыстың бір өкілі тұрды. Солар арқылы айтқанын істетіп отырды. Ол кезде Оңтүстік Қазақстан түгелдей Қоқан хандығына қарайтын. Ондағы билік рудың негізінде құрылады. Рудың басшысын датқа қояды. Сонда 19-ғасырдың бірінші жартысында біз үшке бөліндік. Батыс сұлтан билеушілерге, Орта аға сұлтандарға, Оңтүстік датқаларға бағынды.
Бұндай билікті «ұзын арқан, кең тұсау» деп бағалауға болады. Ол не демек? Атты ұзын арқанмен байлап қояды, одан ары кете алмайды. Осыны «ұзын арқан, кең тұсау» дейді. Бұл жүйе 1867 жылға дейін келді. 1867 жылдан бастап бізді, Орта Азияның бәрін түгелдей жаулап алды. Қытаймен шекараны бекітті.
Содан кейін Патша үкіметі 50 жылдай зерттеу жүргізе келіп, қазақты қалай ұстаймыз деген мәселеге тоқтады. Олар қайтадан алдыңғы әдіске сүйенді. Сөйтіп, болыстық жүйені алып келді. Болыс жаман деп жүре бергенімізбен, оның тамырын ашпағанбыз. Бір болыс 12 ауылдан тұрады. Онда 2 мыңға жуық үй болады. Сол 12 ауыл төртке бөлінеді. 4 би болады, 4 ауылнай болады, елубасы, онбасы дегендер болады. 12 ауыл бір рудан болмайды. Міндетті түрде әртүрлі рудан болады.
Міне, қазақтар болыс, би, ауылнай, елубасы мен онбасы болуға таласып, өзара қырқыса бастайды. Сол билікке итше таласқан қазақтың мінез-құлқы өзгеріп кетті. Екі сөйлемейтін қазақ өтірік айтатын болды, арыз жазуды білмейтін қазақ арыз жазушы болып шыға келді. Жала жабу, қым қуыт партиягершілік айтыс-тартыс көбейді. Бұның нәтижесі не болды дегенде, қазақ мінез-құлқы жағынан бұзылды.
Мекемтас Мырзахметов,
qazaquni.kz