Елден кетіп қалған Ермек Нарымбаевқа іздеу жарияланды
2016 ж. 22 шілде
2034
4
Жақында Ермек Нарымбаевтың елден кеткендігі туралы ақпарат тараған болатын. Артынша оның Украинадан баспана тауып, Киев қаласында тұрып жатқандығы айтылған болатын.
Қоғам белсендісі Ермек Нарымбаевқа іздеу жаряланғандығы туралы хабарламаны Алматы қаласы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Манас Тұяқбаев таратты – деп хабарлайды Baq.kz порталы.
Департамент басшысының айтуынша, қазір «бастапқы іздестіру іс-шаралары» жүргізіліп жатыр, Нарымбаевтың кетіп қалғаны расталатын болса, онда «тиісті шаралар қабылданатын болады» дейді. Алайда, Нарымбаев елден кетіп қалғанын растап қана қоймай, тіпті ол туралы Киевте баспасөз мәслихатын өткізіп үлгерген еді.
«Бақылау қызметі бөліміне тіркеуге тұрғызған уақытта оған түсіндіру жұмыстары жүргізілді, бірақ ол ашуланып, сот жүктеген жауапкершіліктерді дұрыс қабылдаған жоқ. Оған жазаның негізгі мерзімі толық өтелмейінше немесе бақылау уақыты аяқталмайынша, Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынатыны туралы жазбаша ескертілді», — деді департамент өкілі.
Нарымбаевтың Украинаға кетіп қалғаны 14 шілдеде Айдос Садықовтың Facebook -те Нарымбаевпен Киевте бірге түскен суретін жариялаған уақытта белгілі болған еді. Нарымбаевпен бірге Киевке тағы бір белсенді Мөлдір Әділова барған. Әділова биыл 21 мамырда «жер мәселесі» бойынша митинг кезінде ұсталғандардың бірі. Нарымбаев пен Әділова Киевте баспасөз мәслихатын бірге өткізіп, Қазақстанда қудалауға ұшырағандарын және саяси баспана сұрайтындарын мәлімдеді.
Ермек Нарымбаев 2015 жылдың аяғында Мұрат Телібековтың «Ветер с улицы» кітабынан Facebook’тегі парақшасында үзінді жариялағаны үшін ұлтаралық араздық туғызды деген айыппен сотталған болатын. Жазасын өтеу мерзімі кейін еркіндігін шектеу жазасына алмастырылған еді.