Жириновский Алматыдағы Масанчи көшесін өзінің есімімен атауды ұсынды
2016 ж. 11 шілде
4644
12
Қазақстаннан арнайы келген РЛДП көшбасшысы Владимир Жириновский қазақстандық журналиске сұхбат беріп, сөз арасында Алматыдағы Масанчи көшесі өзінің атымен аталса еш қарсылық білдірмейтінін айтып қалды.
Сұхбатты Дала мен қала басылымы назарларыңызға ұсынады.
– Сіздің Қазақстанға деген көзқарасыңыз қандай? Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін мойындайсыз ба? Оның үстіне Алматы сіздің туған қалаңыз ғой…
– Алма-ата (Жириновскийдің сөзі, авт.) менің туған қалам. 18 жыл Қазақстанда тұрдым.
Ресейде ешбір адам Қазақстанның статусына күмән келтірмейді. Оның шекарасына көз алартпайды. Кейбір журналистер біздің сөзіміздің өңін айналдырып жібереді.
Былтыр «Эхо Москвы» радиосында Плющев деген журналистке сұхбат бердім. Украинаны талқыладық. Донбасс бәрі кірді. Бір кезде ол «Украинадан кейінгі кезекте кім тұр?» деген сұрақ қойды. Менен сұрағаны ғой…Мен болсам «бұл туралы кейін, кейін…біз қазір Украинамен айналысып жатырмыз» дедім.
Қазақстанға қандай ақпар жетті? «Украинадан кейінгі ел Қазақстан болады» деп естіді. Біз тек Украинаның тағдырын, Донбассты, азаматтық соғысты ғана талқыладық.
Қазақстанға мүлде басқа ақпар жетті. «Мен Украинаны бітіріп алайық, одан кейін Қазақстанға кірісеміз» деп айтыппын. Мұндай мүлде болған жоқ. Бұл мәселені ешкім көтермейді. Қазақстанмен байланысымыз өте жақсы. Оның жетекшісі Нұрсұлтан Әбішұлымен жақсы сыйласпыз.
Қазақстан күн тәртібінде тұрған жоқ. Шекараны өзгерту туралы мәселе көтерілмейді. Біз тату көршіміз.
Қазақстанда көршілеріңіз Қырғызстандағыдай (Ош облысы) немесе Тәжікстандағыдай (Ауғанстанмен шекаралас) мәселелер жоқ. Бірақ, біреулердің Қазақстан мен Ресейдің арақатынасына көлеңке түсірмек ойы бар.
Айталық, Армения. Ол жақта тұрмыстық қылмыс болды. Әскери базадағы орыс солдаты бірнеше армянды өлтірді. Бұдан кейін іле шала бір орысты өлтірді. Не үшін? Қақтығыс туғызу үшін. Армения Кедендік одаққа қосылмау үшін. Мұны біздің ортақ жауларымыз жасап отыр. Айталық, Самарқан мен Бұқара үшін Тәжікстан мен Өзбекстанды араздастырып қойған да солар.
Қазақстанмен ешқандай мәселе жоқ. Журналистер тек асырып айтады.
Қазақстанда ешқандай шаруамыз жоқ. Арандатып отырған журналистер. Батысшыл журналистер… Олар ТМД, Кедендік одақ елдерін ұрыстырып қойғысы келеді. Бұған назар аудармаңыздар.
Әрине, егер ұлтараздық қақтығыстар туындаса (Қазақстан туралы мұндайды естіген жоқпын) біз тиісінше Үкіметтен ол жақтағы бауырларымызды қорғауды талап етеміз. Айталық, Молдавияда, болмаса Балтық елдерінде орыстарды ел азаматтары деп есептемейді. Қазақстанмен мұндай жағдай болған жоқ.
Ресейліктер Қазақстанды қатты құрметтейді. Оның ішінде мен де бармын.
Қазақстан менің кіші отаным. Алматыдағы Масанчи көшесін менің атыма берсе қарсылығым жоқ. Мен оқыған №25 мектепке менің атымды берсе тіпті қатып кетер еді. Мен тұрған үйді мұражайға айналдырса…Болашақта дегенім ғой. Есесіне сіздерге туристер келеді. Бұл сіздерге пайда.
– Тек қана журналистер емес, жақында Ресейдің мемлекеттік архивінің директоры: «ешқандай 28 панфиловшылардың ерлігі болған жоқ!» деді. Тарихта панфиловшылар да, генерал Панфилов та болған. Бірақ, әлгі директор «олар ерлік жасаған жоқ!» дейді. Бұған не дейсіз? Бұл да арандату ма?
– Оны тағы да дұрыс түсінбедіңіздер. Батырлар болған. Панфиловшылардың барлығы батыр. Бірақ, архивтерге олардың ерлігін дәлелдейтін материалдар жетіспейді. Бәлкім, біздің сарбаздар кейін шегінген шығар… Мұндай да болуы мүмкін. Бірақ, жалпы алғанда ерлік жасалды. Мәскеуді қорғап қалды.
Олар архившілер оларға дәлел керек. Сіздер мұны ауыр қабылдайсыздар. Ешкім де панфиловшылардың ерлігіне күдіктенбейді.
Сол сияқты ешкім де Қазақстан шекарасына күмән келтірмейді. Бірақ…Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Санкт-Петербургке императорға барып, қазақтарды қорғап қалу туралы өтініш айтты ғой. Бұл Ресеймен шекаралас аймақ. Біріншіден, жай ғана көмек сұраған жоқ, қазақтардың Ресейдің қол астына қарағысы келетінін айтты. Мұндай жайттарды да жасыруға болмайды. Осылайша Қазақстанның солтүстігіндегі қазақтар Ресей империясының бағыныштылары атанды.
Сіздер біздің сөзімізді ауыр қабылдайсыздар. Тарихтың қырлары көп. Фактілер жетіп артылады.
Бастысы, Қазақстан біздің ең жақын әрі ең тату көршіміз.
– Қазақстандағы жүзеге аспақ реформалар туралы не ойлайсыз?
– Барлық реформаларға байсалдылықпен және сақтықпен қарау керек. Бұл ем, дәрі сияқты. Реформа елдің экономикасын жақсартуы да құрдымға кетіруі де мүмкін. Реформа жасағанда кальканың қажеті жоқ. Яғни, біреуден көшіру пайда әкелмейді. Мысалға, Батыстан, АҚШ-тан. Ол жақтағы жағдай бөлек. Жалпы соңғы 30-40 жылда қолға алынған реформалардың көпшілігі сәтсіз аяқталды…Себебі, көпшілігі көшірме. Реформа елдің өз ішінен шығуы керек. Көшірілмеген. Түпнұсқа болса нәтижесі де болды. Батыстан үлгі алудың қажеті жоқ.