Асқар Мырзахметов: Жер неге сатылмауы керек?!.

Жер реформасы туралы комиссияның кезекті, көшпелі отырысы Қызылорда облысында өткені белгілі. Алтыншы отырыстың алдында ғана Ақорданың пәрменімен комиссияның басы бүтін жетекшісі және Үкімет басшысының орынбасары атанған әрі Ауылшаруашылық министрі Асқар Исабекұлы аталған комиссияның қазіргі жұмысына көңілі толмайтындығын білдірді.

Ауылшаруашылық министріне комиссиядағы көп мырзаның көпіріп сөйлегені ұнамаса керек, «жерсәбетке» сөзден іске көшу керектігін ашық айтты. Ұрандатып сөйлегендердің ұртын басуға бек ниетті екендігін де жасырмады.

«Біз бүгінгі отырысты басқаша форматты өткізуге тырыстық. Енді лажы болса, қайталап айта бермей, сол туындап отырған проблемалар, көтеріп отырған мәселе бойынша қандай шешім қабылдауымыз керек? Қолданыстағы заңдарды қалай жақсартуымыз керек? Соның ішіндегі халықтың да көкейінде жүрген мәселелерді қалай оңтайландыру керек? Осы мақсатта ұшы шығып тұрған мәселелерді топтастырып, осы жиынға дайындадық. Бірақ, бұл ұсыныстар бойынша ешқандай талқылаулар болған жоқ. Біз күткендей осы жердегі тауар өндірушілер, комиссия мүшелері нақты ұсыныстар білдіре ме деп едік, ондай ұсыныстар айтылмады. Тағы да сол айтылып жүрген мәселелер қайта-қайта айтылды. Оның үстіне кейбір мәселелерге келгенде нақты ұсыныс емес, сол ұрандатылған, популизмге жақындау сөздер айтылды. Сондықтан біз осыған жақсылап көңіл аударуымыз керек сияқты»,-деді Асқар Мырзахметов.

«Аталған комиссия саяси алаңға айналдыру үшін құрылмағандығын» және бір мәрте ескерткен Ауылшаруашылық министрі, вице-премьер Асқар Исабекұлы Жерді сату және шетелдіктерге жалға беру туралы екіұшты пікір білдірді.

«Жалпы біз айтамыз, «сатылмасын, сатылмасын», деп. Ал неге сатылмасын? Сіздер айттыңыздар ғой, сату мен жалдың айырмасы қандай деп. Айырмасы – сатылғаннан кейін оның егесі болады. Өздеріңізге өздеріңіз қарсы аргумент айтып отырсыздар. Жерді сатқан кезде – сыбайлас жемқорлық болады деп. Ал енді оны жалға бергенде жаңағы сыбайлас жемқорлық болмай ма?! Ол болуы мүмкін ғой. Біз екеуінің айырмасын көріп отырмыз. Мындағы тауар өндірушілер де айтып отыр. Оны да ескеруіміз керек. Шын мәнінде жаңағы екінші деңгейлі банктер жалға алып отырған жерге несие беру үшін кепілдік сұрайды. Екеуінің айырмасы жер мен көктей. Ал енді ол жердің егесі болмайтын болса, біз ол жерлерге қай жақтан қаржы тартамыз? Қай жақтан инвестиция тартамыз? Сыбайлас жемқорлық деп қалдыңыздар. Жаңағы шаруа қожалығының иесі ол жерге ақша салудан қашуы да мүмкін. «Несіне мен ол жерге ақша салуым керек, егер ол жерді 1-2 жылдан соң шенеуніктер тартып алатын болса», деуі де мүмкін ғой. Сондықтан мұндай мәселелер бар, біз оны ескеруіміз керек»,-дейді Асқар Исабекұлы.

Түйін: Асқар Исабекұлы өз ісінің кәсіби шебері екенін ОҚО-ны басқарған кезінде, Бас партияда басшылық қызметте жүргенінде дәлелдегені рас. Ауылшаруашылығының маманына Президент ҚР Ауылшаруашылығы министрлігін басқаруды тапсырғанда жұрт Асқар мырзадан қоғамдағы өте нәзік тақырыпқа айналған «Жерді сату мен оны шетелдіктерге жалға беру» мәселесінде көп үміт артқан. Арнайы құрылған комиссияның тізгінін нық ұстағанда да халық «халықшыл» министр Жерді латифундистер мен шеттен келетін шүрегейлерден қорғап қалады деп сенді. Әуелде 75 мүшеден құралған, кейін белгілі, белгісіз себептермен қатары сиреген комиссияның алтыншы отырысында Асқар Мырзахметов мырза «Жер неге сатулмауы керек» деп шыққанда дүйім жұрттың сенімі селдей аққаны да жасырын емес. Сонымен, Мырзахметов мырзаның «Жер мәселесінде»ұстанымы қандай? Министр мырза жоғарыдағы сөзімен нені меңзеп отыр?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz