24 мың қазақ қызы қытайға тұрмысқа шықты деген деректі Шахановқа кім айтқызды?
2016 ж. 03 шілде
3426
11
24 мың қазақ қызы қытайларға тұрмысқа шыққан деген мәлiмет шындыққа сәйкес келмейдi. Ресми дерек бойынша, Қытай мен Қазақстан азаматтары арасында 774 неке ғана тiркелген.
Бұл туралы Қызылорда облысында өткен Жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысында саясаттанушы Нұрлан Жәлелов айтты, деп хабарлайды BNews.kz.
Саясаттанушының айтуынша, жер мәселесi саясиланып кеттi,ал шындығында, бұл таза экономикалық мәселе.
Саясаттанушы жер мәселесінің саясиланып кеткеніне қынжылыс білдірді. Әсіресе, елге беделі бар ағаларымыздың жалға ақпараттардың жетегінде кеткеніне өкініш білдірді.
«Өткенде теледидардан көрдiк, үлкен ағамыз Мұхтар Шахановтың айтқан мәлiметi бойынша, 24 мың қазақ қызы қытайларға тұрмысқа шыққан. Осындай үлкен ағамыздың аузына бұл санды салып беру дұрыс емес. Менiң қолымда ресми мәлiмет бар, 2008 жылдан 2016 жылдың 20 мамырына дейiнгi дерек бойынша, сегiз жылда Қытай мен Қазақстан азаматтары арасында 774 неке тiркелген. Оның iшiнде 413-i Қазақстан Республикасының қазақ азаматы, 361-i Қытайдың қазақ азаматы. Сонда бұл Қазақстанның қазақтары мен Қытайдың қазақтары арасындағы неке болып отыр. Бейресми тексерiлмеген мәлiметтердi ағамыздың аузына салып, халықты дүрлiктiру дұрыс емес», - дедi ол.
Айта кетейiк, бүгiн Жер реформасы жөнiндегi комиссияның Қызылорда облысында көшпелi отырысы өтiп жатыр. Бұған дейiн Астанада үш, Ақмола мен Алматы облыстарында екi отырысы өткен едi.