БАFА АСПАНДА, БІЗ – ЖЕРДЕ...
2011 ж. 27 қаңтар
1977
0
Егеменді ел болғанымыз дамыған, дамушы елдер қатарына қосылып, тарпаңдардың арасында бой көрсетуімізден аңғарылып-ақ тұр. Алдымызды орап сан қамал аттатпас асу, бедерлі белес кездескенін де естен шығармауымыз керек. Қиқу заманның қиыны қарымынан айрылды. Күн астында қыраны самғаған көк туымыз желбіреп, қанатты екі пырағы елеуреген елтаңбамыз бейне бір батырдың сақадай сайланып, жолға аттанар сәтін көрсетіп тұрғандай ме қалай... Десе де, тәуелсіздіктің таңы атқан бүгінгі заманның қоғамы нарықты өзгеден жоғары қойып, «көңілдің құтын бергенше, өңірдің сүтін бер» деп байбаламын салып әлек. Қайда барсаң да алдыңды кес-кестейтін «қалта мекендеушілерінің» я бары, я жоғы уайымдатып ала жөнеледі. Бар болса қайда сақтайтының мәселеге айнала қойса, жоқ болғанда жотадан жорытып жоғын іздететіні көңілге кірбең түсіреді. Иә, расында, жастар қаласы деп, алысты қармап айтар сөзіміз бар да, ісіміз жоқ. Жоқ деймін-ау, қайта керісінше болып шыға келеді. Меніңше, қала «тарпаң ірілердікі». Өйткені жағдайдың барлығы да соларға жасалғандай...
Мен неге мұндай шешім жасадым?
Концерт көретін әдет әр адамға керек-ақ. Мен де сол ермекпен Республика сарайына (қазіргі жөндеу құрылысынан бұрынырақта) барып, осы мақалаға негіз боларлықтай жәйттің куәгеріне айнала кеттім. Ата-аналарымыздың айтуы бойынша кеңес кезінде өмірдің барлығы рақат, бай демей кедей демей, бар адам баласына теңдей жағдайдың болғанына сеніп те қаламыз. Қызыл шақа сомының қазіргіге шаққанда қанша құн екенін білмесек те, бізге бір тиын-тебен сияқты елестейді. «1 сомға асханадан тойып шығатынбыз ғой» деп марқайған үлкендерге қарап ойланып та қалғайсың. Бүгінгінің ұшып тұрған бағасымен зат алып жатқаныңда тіпті неге ерте тумадым деп те ойлап қаласың ғой ақыры. Студент қалтасы бәрін көтере бермейді, таңын атырмастан жолына төлеп, болмашы ғана екі нан ортасына шұжық қосылған «гәмбургеріне» құртып, кешін батырмастан тағы да басқа қажеттіліктерге ақша шығарады. Дәл осы уақытта білімін де алуы керек, осы уақытта күнін де көруі керек, осы уақытта балғын өмірді де сүріп үлгеруі керек. Неткен сынақ өмір дейсің таңдана.
Концерттің дәл ортасында антракт жарияланған сәт көптің аздап тынығып алуына мұрша берері даусыз. Ойыма әлдене түскендей «буфет» деген жазуы бар қабырға бойымен асыға жүре бердім. (Қазақшасы қайда екен?) Сондағы таң қалғаным, болмашы ғана шайдың бағасы 150 теңге болғаны. Шайдың өзі мынадай құн сұраса, өзгесін сұрап қажеті бар ма? Десе де, журналист деген халық әрқайда да тек қызық үшін әрбір мәселеге мұрын сұққыш келеді ғой. Сол әдетке басып, қағазға оралған үш тал «вафлидің» бағасын сұрай салғаным мұң екен, тағы да састырды. Оның құны – 300 тенге болып шықты! Бұған не дерсіз? Көше дүкендерінде бар жоғы отыз бес тенгенің затын төрт-бес есе көтеріп мұнда сатқандары барып тұрған мәдениетті түрдегі ұрлық қой деп қорыттым ойымды. Мұнымды сатушыға сездірмей бейне бір «тоқпын» дегенді кескінмен түсіндіргендей болып шегіншектей бердім... Қызығы қызық-ақ, бірақ сол сәтте менің басымда шайқасқан шыжық болғанына ешкімнің күмәні бола қоймас. Мен секілді қаншама жастың басынан өтті екен бұл жағдай?
Осы орайда тағы бір айтар жайт. Мерекенің уақытында жол жүрудің де қиынға соғатыны белгілі. Жолаушының «жетсем» деген арманына жекеменшік көлік иелерінің көтерме баға айтуы заңдылық сияқты. Ал мемлекеттік көліктерде жол жүру құны не мақсатта жоғарылайтынына қандай сылтау айтса да ақтап ала алмаспыз. «САЙРАН» қалалық автобекетіндегі жағдай айтпай-ақ түсінікті шығар. Жүріс платформалары мен тұрақтарында улап-шулап базар-саттық етіп алған халықтың арасындағы жолаушылардың кептелісі күнегі жайттардың бірі болып қалыптасып қалғалы қашан. Мұнда да бағалардың шарықтап тұрғаны баршаға аян. Астана тұрпатындағы, атын айтсаң жер мен көк білетін қаламыз үшін жараспас тұстар, шынын айтқанда, осылар болуы керек. Бір қалыпты бағамен тікелей мемлекет тарапынан қадағаланатын асхана, буфет, дүкендерді ашып қою керек деп ойлаймын. Жекеменшік сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлерге көпшілік орындарында елді талан-тараж етуіне жол берілмеуі керек-ақ. Бірақ оны ойлап отырған биліктегі бір лауазымды адам жоқтың қасы ма деп те ойлайсың амалсыздан.
Егемендігіміздің дәмін татып, бөрігін аспанға атқан дәуірдің түтіні сейіле де қойған жоқ. Әлемдік дағдарыстың алдын орап, ел президенті халықтың әлеуметтік жағдайын ең бірінші орынға қойғанын жолдаудан естідік. Марқайып та қалдық. Десе де, сатушыдан еститініміз «Айлықтарыңыз 25 пайызға көтерілді, сондықтан да барлық заттар қымбаттап жатыр» Ал бұған қандай сарап сала қоямыз? Сонда халықты сәби баладай алдап, бергенді қайта қайтарып алса, ондай «сыйдың» бізге қажеті бар ма? Құлақты көпірген сөзге түрмей-ақ өз пайымымыздың дұрыс жолға бағытталғанына куә бола алдық. Енді шартарапқа айғай салып, «25%-ға жалақы көтерілді!» дегенді естісек жағымсыз жаңалықтар қатарына еш ойланбастан қоса салуымыз керек екен-ақ!
Шүкір дейік, иә, шүкіршіл халықпыз ғой! Шүкір, күні ертең қысқы Азия ойындары өз жалғасын қазақ жерінен алуы біздер, жастар үшін үлкен абырой, болашаққа деген үмітіміздің нығая түсуі болмақ. Бірақ, әлемді дүр сілкіндірген «жасауыл» кәрі құрлық Азияның ойыншыларын қарсы алу кезінде жаманымызды жасырып үлгере алмай қалып жүрмейік деген ой ғой мендегі...
Ардақ ҚҰЛТАЙ