Қытай адам құқықтарының әлсіздігін мойындады
2011 ж. 27 қаңтар
1365
0
Вашингтонда АҚШ президенті Барак Обамамен кездескен соң ҚХР басшысы Ху Цзиньтао «адам құқықтары тұрғысынан Қытайда әлі көп іс атқарылуы керек» деп мойындап, тың пікір айтты. Оның бұл сапары соңғы 30 жылда Америкаға барған Қытай жетекшісінің маңызды сапары деп аталып отыр.
Сәрсенбі күні Вашингтонда өткен кездесуде АҚШ президенті Барак Обама мен ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао екі ел арасында экономикалық және саяси әріптестікті нығайтуға міндеттеме алды.
Ақ үйдегі келіссөздерден соң екі ел басшыларының бірлескен баспасөз мәслихатында Барак Обама АҚШ адам құқықтарын қорғау мәселесінде «принципті ұстанымында» қалатынын кезекті рет қайталады.
«Құрама Штаттар әрбір адамның бостандығы мен ар-ожданы туралы ұғымдарды америкалықтар ретінде біз ажырамас бөлігіміз деп қабылдайтындықтан ғана емес, жалпыға бірдей бұл құқықтарды ұстанған барлық елдер, соның ішінде Қытай да, түптеп келгенде бұрынғыдан ары дамып, өркендейді деген сеніммен қорғайды», – деп мәлімдеді Барак Обама.
Ол «Қытайдың бейбіт түрде дамуы – әлем үшін де, Америка үшін де пайдалы болатыны» туралы пікірін білдірді.
Ху Цзиньтао Обамамен өзінің сегіз кездесулерінің барлығында адам құқықтары талқыланғанын, Қытай өз дамуының күрделі кезеңін өткеріп жатқанын атап өтті.
Сонымен бірге, бұл жолы ҚХР төрағасы «адам құқықтары тұрғысынан Қытайда әлі көп іс атқарылуы керектігін» мойындап, тың пікір білдірді.
Ақ үй екі ел басшыларының келіссөздері нәтижесінде қытай тарабы өз еліне құны 45 миллиард доллар АҚШ тауарын экспорттауға қатысты жаңа келісімдерді мақұлдағанын, бұл келісім 235 мың америкалықты жұмыспен қамтамасыз етуге жол ашатынын хабарлады.
Барак Обама Ху Цзиньтаоны қабылдап жатқан кезде Ақ үйдің қарама-қарсы бетіндегі көшеде Тибеттің тәуелсіздігін жақтаушылар наразылық пикетін өткізді. Бұған дейін осы маңда адам құқығын қорғаушы белсенділер жиналып, Ақ үй әкімшілігін «адам құқығын аяқасты етіп отырған» Қытай басшылығына қатаң талаптар қоюға шақырған еді.
АҚШ астанасындағы екі ел жетекшілерінің кездесуі туралы Қытай мемлекеттік телеарналарынан берілген хабарларда Ақ үй маңындағы наразылық акциялары көрсетілген жоқ.
Вашингтонға сейсенбі күні барған Ху Цзиньтаоның бұл сапары соңғы 30 жылда Америкаға барған Қытай жетекшісінің маңызды сапары деп аталып отыр.
Азаттық