Сенім құлдыраған мемлекеттерде лаңкестіктің ошағы пайда болады - Назарбаев
2016 ж. 23 маусым
2324
5
Нұрсұлтан Назарбаев елдер арасындағы сенімді арттыру қажет деп санайды. Бұл туралы Қазақстан жаңалықтары порталы хабарлайды.
«Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев әлемде соғыс жүріп жатқанын алға тартты.
"Соғыс жоқ, алайда соғыс жүріп жатыр. Бір жыл ішінде 167 мың адам көз жұмды. Бұл жайт ойландыратыны анық... Біреу мұны тоқтату қажет екенін айтуы тиіс. Осының барлығы алаңдатпай қоймайды. Сондықтан "Әлем. ХХІ ғасыр" манифесінде елдер арасындағы өзара сенімді жоғарылату үшін біздің атқаруымыз тиіс нақты алгоритм мен қадамдар қамтылған", - деді Назарбаев.
Сонымен бірге Президент ұлы державалар арасында өзара сенім төмендегенін сөз етті.
«Қазір қарап отырсақ, ұлы державалар арасында өзара сенім төмендеді. Сонымен қатар ядролық державалар арасында да сенім азайды. Бүгінде әлемде 15 мың ядролық оқтұмсықтар бар», - деп тоқталды президент.
Осы орайда Назарбаев оның ішінде 4 мыңы дайын тұрғанын алға тартты.
«Сенім әлсіреген кезде түрлі-түсті революциялар жүреді, құлдыраған мемлекеттерде лаңкестіктің ошағы пайда болады. Бұл кейінен өзге өңірлерге таралады», - деді мемлекет басшысы.
Еске салсақ, 23 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев «Россия 24» телеарнасына сұхбат берді.
Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік журналист Гусманмен әңгімелесу барысында халықаралық процестер, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатына қатысты кең ауқымды мәселелер жөніндегі сауалдарға жауап берді.
Дерек көзі: Қазақстан жаңалықтары