КЕШЕ – ДЕПУТАТ, БҮГІН – СПИКЕР, ЕРТЕҢ – ?
2016 ж. 23 маусым
2992
2
ҚР Парламентінің төменгі палатасының спикері болып кеше ғана депутат атанған, ҚР Президент Әкімшілігінің экс-жетекшісі Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин тағайындалды.
Президент пәрмен беріп, Нығматулинді аталған орынға ұсынған болатын. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымының пленарлық отырысында депутаттар бір ауыздан Нығматулиннің кандидатурасын қолдады. Ал осыған дейін спикерлікті атқарып келген зейнеткер, Атырау облысының экс-әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Республикалық «Ардагерлер» ұйымының төрағасы болып сайланды.
Мәжіліс төрағасының креслосына аз ғана уақыт жайғасқан Ізмұхамбетов Президенттен «өз еркімен» отставкаға жіберуін сұрапты.
-Құрметті әріптестер! Мемлекет басшысының шешімі бойынша, Президенттің маған артқан міндетіне және сіздердің қолдауларыңызға ие болып, мен біраз уақыт Мәжіліс төрағасы болдым. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда маған көрсеткен сіздердің қолдауларыңыз үшін алғысымды айтамын. Меніңше біз алдағы уақытта да бірлесіп жұмыстар атқаратынымызға сенімдімін. Бүгін қайта сайланған төраға мырзаның жұмысына сәттілік тілеймін! Сіздерге көп рақмет, - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Естеріңізге сала кетейік, Нұрлан Нығматулин осыған дейін 2012-жылдың қаңтары мен 2014-жылдың сәуірі аралығында Мәжіліс спикері болып қызмет атқарған болатын. Одан кейін Президенттің ықыласымен ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі қызметін 2015 жылдың мамыр айынан бастап атқарған. Сондай-ақ, Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин Қарағанды облысының әкімі болды. Кейін Бас партия (Нұр Отан ХДП) төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалды.
Нұрлан Зайроллаұлының депутат болуына қатысты қазақстандық саясаткерлер түрлі болжамдар айтқан еді. Нұрлан Нығматулиннің кеше ғана депутат болып сайланып, бүгін спикер атануының астарында не бар? Әсіресе, Мәжілістің спикерлігіне Нығматулиннің келуі – көптен бері айтылып жүрген «парламенттік-президенттік басқару» жүйесіне өтудің алғашқы қадамы шығар. Нығматулиннің Мәжіліс төрағалығына келуіне қатысты осындай болжамды көзқарастар білдіруде. Егер болжамдар шын болатын болса, Мәсімовтің міндеті ауысады ма? Мәсімовті Тәжин ауыстыруы мүмкін деген болжамдар қаншалықты шындыққа жанасады?
Нұрзат Тоғжан