Асқар Мырзахметов: Қазақстан мен Қытай арасында жерді жалға беру туралы келісімге қол қойылған жоқ
2016 ж. 30 мамыр
3071
31
Қазақстан мен Қытай арасында ауыл шаруашылығы саласының келісімдерінде жерге және оны өңдеуге қатысты ешқандай шарт жоқ. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында мәлімдеді деп хабарлайды BNews.kz.
Отырыс барысында Мұхтар Тайжан Қытайға жерді жалға беруге қатысты келісімшарттарға қол қойылған деген мәселе жөнінде министрге сауал қойды.
«Қытайдың ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын карантин жөніндегі бас басқарма бар. Оның мәртебесі министрлікпен бірдей. Біз сол басқармамен арнайы жұмыс жоспары туралы қол қойғанымыз рас. Ол министрліктің тікелей жұмысы. Онда негізінен Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықты дамыту мәселесi қарастырылған. Өздеріңіз білесіздер, Қытай – әлемдегі үлкен экономиканың бірі. Ал осы нарықпен шекаралас бола тұра, оны қаншалықты тиімді пайдаланып отырмыз? Осы мүмкіндікті пайдалануға біз жақындай түстік. Онда негізінен шектеулерді алып тастау туралы мәселелер көтерілген болатын», - дейді Мырзахметов.
Министрдiң айтуынша, келісімшарт негізінен қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын Қытайға жеткізуге бағытталған жеңілдіктерді қамтиды. Осыған байланысты Қытай тарапынан арнайы комиссия да келген.
«Қытай мал өнімдеріне, органикалық өнімдерді сатып алуға қызығады. Одан неге бас тартуға тиіспіз. Олар кәсіпорындарымызды аралады, тауарларды өздерінің нарығына қаншалықты сатуға болатынын тексерді. Осы шараларды реттеу үшін біз Қытаймен келісімге келіп отырмыз, алайда онда жерге, жерді өңдеуге қатысты ешқандай баптар қамтылмаған», - дейді Асқар Мырзахметов.
Министр бұған дейінгі қол қойылған келісімшарттардың барлығы жалпы сауда-саттық бағытында екенін атап өтті. Оның айтуынша, қол қойылған меморандумдардың барлығы халықаралық келісімшарт емес. Оның құқықтық статусы жергілікті заң арқылы ғана рәсімделеді. Яғни, қол қойылған құжаттар бойынша жерге қатысты ешқандай мәселе туындамайды.
Дерек көзі: BNews.kz