Шекаралас елдердің компанияларына жерді жалға беру құқығын алып тастау керек - Перуашев
2016 ж. 24 мамыр
3012
4
Қазақстанмен тікелей шекараласатын елдердің компанияларына жерді жалға беру құқығын алып тастау керек. Бүгін Астанадағы Ұлттық кітапханада өткен «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысында «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осындай пікір айтты.
«Жеке меншiк - нарықтық экономиканың негiзi. Дегенмен, бұл жерде агроөнеркәсіп кешенін тиімді басқару үлгісі туралы да ескеруге тиіспіз. Мемлекет агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін қомақты қаражат аударып келеді. Алайда, оның тиісті жеріне жетіп, тиісті нәтиже беруі ойландырады. Осы саладағы квазимемлекеттік секторлардың ұдайы сынның астында қалуы да соның айғағы емес пе?» - деді А. Перуашев отырыс барысында.
Бұдан бөлек, депутат шетелдік компаниялардың Қазақстан жерін жалға алу мәселесіне де тоқталып өтті. Оның пайымынша, егер шетелдік компаниялар еліміздің ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар әкеліп, салаға инвестиция салып, оны жаңғыртуды жүргізсе, ондай компанияларды қолдауға болады.
«Әйтсе де, шетелдік компаниялардың қызметін, агротехникалық, экологиялық және басқа да нормаларды сақтауын бақылау ұлттық жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Осы ретте Қазақстанмен тікелей шекараласатын елдердің компанияларына жерді жалға беру құқығын алып тастауды ұсынамын. Бұл Қазақстанның интеграциялық міндеттемелерін ескере отырып, сепаратизм мен қоғамдық қатынастардағы қауіптердің алдын алу, болғызбау мақсатында жасалуы шарт», - деді А. Перуашев.
Бұдан бөлек Мәжіліс депутаты Қазақстанда жерге иелік ету құқығы бар компаниялардағы шетелдік құрылтайшылардың үлесін қайта қарау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні бұл шектеу 51 пайыз деңгейінде тұр. «Елбасы да жақында еліміздегі шетелдіктер үлесі басым компаниялардың иелігінен жерді алып, оны оларға жалға ғана беру туралы айтты. Ал ондай құрылтайшылардың үлесін 25 пайызға дейін төмендетуге болады», - деді А. Перуашев.
Депутаттың бұл ұсынысын «Нұр Отан» партиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед де қолдады. «Шекаралас өңірлердегі жерлерді шетелдіктерге жалға беру, бермеу өзекті. Бұнда белгілі бір шек қойылуы керек. Екіншіден, шетелдік азаматтарға жерді жалға берген күннің өзінде де оларға Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қатты қадағалау болуы шарт. Агротехникалық шаралардың сақталуын қадағалауға тиіспіз. Оны жалға беріп алып, он жылдан соң ол жерде түк өнбейтін етіп алмауға тиіспіз», - деді М. Құл-Мұхаммед.
qazaquni.kz