А.Перуашев: Көрші елдердің компанияларына жерді жалға бермеу керек
2016 ж. 21 мамыр
4375
15
«Ең алдымен, ауыл шаруашылығын қаржыландыру мәселесін жүйелі түрде шешіп алу керек. Бұл салада түйткілдер жетіп артылады. Мысалға, осы жылдың 1 қаңтарынан гектар бойынша субсидиялау толықтай тоқтатылды. Бірақ, заңмен де, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен де гектар бойынша субсидиялау жағдайы қарастырылған болатын. Ауыл шаруашылығын қаржыландырудың дұрыс тетігін таппай, асығыс жекешелендіру арқылы жағдайды шүйліктіріп алуымыз мүмкін», - деді Азат Перуашев жерді Қазақстан азаматтарына жеке меншікке беру ұсынысын қолдай отырып.
Екінші мәселе ретінде «Ақ жол» партиясының жетекшісі әрі мәжіліс депутаты жеке меншікке берілетін жердің көлеміне тоқталды.
«Біреуде он сотық жер, біреулерде мыңдаған гектардан асады. Осыған байланысты жер көлеміне қатысты сұрақтарды ретке келтіру керек, тым болмаса бастапқы деңгейде. Осы орайда жергілікті халықтар үшін артықшылықтар қарастырылғаны дұрыс. Өңірлердегі жергілікті шаруалар қай жер бос, бос жатқан жерлердің иесі кім екені туралы нақты ақпарат ала алмай отыр. Былтыр Салық кодексіне жақсы өзгерістер енгізілді. Оның ішінде бос жатқан жерлерге төленетін салықтың салмағын көбейтуге қатысты. Яғни, егер жерді пайдаланбасаң, артық салық төле», - деді Азат Перуашев.
Депутаттың тағы бір көтерген мәселесі – ауыл шаруашылық саласында пайдаланылатын агротехнологиялардың тазалығы, атап айтқанда, қандай тыңайтқыштар қолданылады, генді-модификацияланған өнім, дәнді дақылдар қоры және т.б. Қағаз жүзінде болғанымен, осы мәселеге қатысты бақылауды ешкім жүргізіп отырған жоқ дейді халық қалаулысы.
Сондай-ақ ел ағасы жер учаскелерінің қазіргі жай-күйіне тексеру және түгендеу жұмыстарын жүргізу керек деп есептейді. Онсыз алға қарай жылжып, жекешелендіру жұмыстарын жүргізу, жер тарату дұрыс емес дейді ол.
Сөз соңында Перуашев мырза жерді шетел азаматтарына жалға беру мәселесіне тоқталды.
«Көрші елдердің компанияларына жерді жалға беруден бас тартқанымыз дұрыс. Себебі бұл жерде сепаратистік мазмұндағы дау туындауы мүмкін», - деп қорытты «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі.
Фото: Азамат ӘЛИЕВ