Жер үшін шынымен жаны ауыратындардың бәрі өз сөзін айтуы керек - Нұрсұлтан Назарбаев
2016 ж. 19 мамыр
2459
1
Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен елдің 2016 жылғы 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған кеңес өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдері қатысқан кеңесте елдің 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, негізгі мемлекеттік бағдарламаларды өңірлерде жүзеге асыру мәселелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы талқыланды.
Мемлекет басшысы экономикадағы қиындықтарға қарамастан, елдің өңдеуші өнеркәсібінде өсім байқалып отырғанын, ауыл шаруашылығында көлем 2,6%-ға, көлік саласында 4%-дан аса, құрылыста 6,5%-ға ұлғайғанын атап өтті.
- Елдің тоғыз өңірінде өндіріс көлемінің өсімі қамтамасыз етілді. Былтыр инвестициялар индустрияландыру бағдарламасының басымдығы бар салаларында, соның ішінде машина жасау өндірісінде 7 есеге, тамақ өнеркәсібінде 30%-ға, мұнай өңдеу өнімдері өндірісінде 81%-ға өсті. Бұл - аталған салаларға тікелей шетел қаражатын салудың нәтижесі. Жалпы, негізгі капиталға салынатын инвестициялар ел бойынша 15%-ға артты. Бұл инвесторлар тарапынан мүдделіліктің сақталып отырғанын айғақтайтын көрсеткіш, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев егіс науқаны аясында елдің ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер барлық қажетті нәрсемен қамтамасыз етілгеніне, соған байланысты бұл салада жақсы нәтижелерге үміт артуға болатынына назар аударды.
Қазақстан Президенті әлеуметтік саладағы оң көрсеткіштерге де тоқталды.
- Біз жұмыссыздықтың артуына жол бермей, оның деңгейін бұрынғы 5 пайыздың деңгейде сақтай алдық. Бюджет түсімдерінің қысқарғанына қарамастан, мен мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға нақты тапсырма бердім. Халық тұрмысының төмендеуіне жол беруге болмайды. Бұл - барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың негізгі міндеті. Біз биыл бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын білім беру саласында - 29%-ға, денсаулық сақтау саласында - 28%-ға, өзге салаларда 40%-ға көтердік. Студенттердің стипендиялары, сондай-ақ мүгедектікке және асыраушысынан айрылуға байланысты жәрдемақы көлемі 25%-ға ұлғайды. Ынтымақты зейнетақы төлемдерінің көлемі 9%-ға көтерілді. Осының бәрі дағдарысқа қарсы уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесі болып саналады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Бес институционалдық реформа аясында құрылымдық өзгерістер жүргізіліп жатқанын, олар экономиканың кез келген жаһандық сын-қатерге қарсы тұру қабілетін нығайтуға бағытталғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысқа қарсы шаралардың маңызды бөлігі индустрияландыру және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру болып саналатынын айтты.
- Индустрияландырудың алты жылының қорытындысы бойынша барлық өңірде 900-ге жуық жаңа кәсіпорын іске қосылды. Дәл осы кәсіпорындардың жұмысы экономикамыздың қазіргі жағдайына тірек болды. Бұл ретте іске қосылған кәсіпорындардың бәрі бірдей жобалық қуатына жеткен жоқ. Мәселен, 21 жоба тоқтап тұр, 13 жоба проблемалы нысан ретінде тізімнен шығарылған. Биылғы төрт айдың статистикасы индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру нашар жүргізіліп, экономиканы әртараптандыру ісімен айналыспаған жерде құлдырау болатынын көрсетіп отыр. Кемшіліктерді ескере отырып, бағдарламаны жүзеге асыру қағидаттарын бәсекеге қабілеттілік, бизнес-модельдің тиімділігі мен қаржы нәтижелілігі өлшемдері негізінде қайта қарау қажет. Қайтымы болатын жобаларды ғана қаржыландыру керек, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті биылғы экономикалық саясаттың ұстыны «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы болғанына назар аударды.
- Ол өзінің әлеуметтік салаға бағдарланғандығымен маңызды. Бірақ мұны әкімдердің бәрі бірдей түсінбеген сияқты көрінеді. Бағдарламаны жүзеге асыруға қаржы бөлу жөнінде мен ақпанда хабарлаған болатынмын. Биыл 840 миллиард теңге бөлу қарастырылған, наурызда қызу жұмыс жүріп жатуы тиіс еді. Алайда, бүгінде осы қаражаттың өңірлерге тек 8%-ы түскен, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы - 2020» аясындағы инфрақұрылымдық жобалар құрылысы бойынша жұмыстың тиісті деңгейде басталмағанына да назар аударды.
- «Жол картасына» бағытталған ақша баспана, жол, аурухана, сумен қамту нысандары құрылысы арқылы халыққа қызмет етуі және пайда әкелуі тиіс, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасын, сондай-ақ «Жұмыспен қамту-2020» жол картасын жүзеге асыруға бөлінетін қаражатты уақтылы және сапалы игеруді қамтамасыз етудің маңыздылығына да тоқталды.
Бұдан бөлек, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне жұмыс орындарының сақталуын, өндірістік кәсіпорындардың тұрақты жұмысының қамтамасыз етілуін және олардың өндіретін өнімдерінің облысаралық кооперация арқылы да жеткізілуін қадағалау тапсырылды
Қазақстан Президенті 5 мамырдағы кеңес барысында өзінің бірқатар маңызды тапсырма бергенін еске салды.
- Мен жер туралы заңнаманың бірқатар ережелерінің іске асырылуын тоқтату туралы жарлыққа қол қойдым. Тиісті комиссия құрылып, өз жұмысын бастады. Оның алғашқы отырысы зор резонанс тудырды. Комиссия мүшелері жер туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі үйлесімді ұстанымдарын әзірлеуге тиіс. Жер үшін шынымен жаны ауыратындардың бәрі өз сөзін айтуы керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне бұл мәселені халық арасында түсіндіру жұмысын белсенді түрде жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев алда келе жатқан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қазақстандықтарға және бүкіл әлемге жеткен жетістіктерімізді көрсетудің жақсы мүмкіндік беретінін айтты.
- Еліміздің жетістіктерін бағалай білу қажет, болашақ ұрпақ онымен мақтануға тиіс. Осы кезеңде бізге сырттан сынай қарап отырғандар көп. Біз әлем алдында ұятқа қалмай, күрделі мәселені сындарлы сұхбатпен шеше алатынымызды паш ете білуіміз қажет. Алға қойған мақсатына жұмыла ұмтылатын ел екенімізді көрсетуіміз керек, - деді Мемлекет басшысы.
Дерек көзі: ҚазАқпарат