Белгілі саясаткер Жер комиссиясы талаптарын ескермесе келесі отырысқа қатыспайтынын айтты
2016 ж. 17 мамыр
2546
12
Үкімет жанынан құрылған жер реформасы бойынша комиссияға енген оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова «комиссия құрамы қайта жасақталып, жұмыс істеу тәртібі өзгермейінше» оның жұмысына қатысудан бас тартты.
«Қазіргі кездегі комиссияның жұмыс істеу тәртібіне көңілім толмайды. Ондағы жеті-сегіз адамнан басқа комиссия мүшелерінің пікірлері бір-бірінен айнымайды. Премьердің орынбасарына есеп бергендей өздерінің жұмыстары жайлы айта береді. Комиссия құрамының жасақталуы, оның регламент процедурасы, дауыс беру рәсімі, дауыс беру арқылы көпшілікпен дауыс қабылданатындай жағдайы көңілден шықпайды» деді Зәуреш Батталова Азаттық тілшісіне.
Оның пікірінше, комиссияға белсенділер, әр аймақтан адамдарды кіргізу керек, ал шешім дауыс беру арқылы емес, консенсусқа келу арқылы қабылдануы тиіс. Зәуреш Батталова қандай да бір өзгеріс болмаса, комиссияның келісі отырысына қатыспайтынын айтады.
Қазақстанда жер мәселесі ушығып кеткен соң үкімет жанынан жер комиссиясы құрылған. Оның алғашқы отырысы 14 мамыр күні Астанада өткен. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық ететін бұл комиссияға парламент депутаттары, үкімет мүшелері, саяси партиялар мен агробизнес, салалық қауымдастықтар өкілдері, ғалымдар мен қоғам белсенділері кірген.
Дерек көзі: Азаттық