Міне, бір жұмадан асып барады, жер сатуға орай қазақ арасы абың-күбің. «Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады» дейді, ол — рас. Бірақ таспен бірге шөп-шалам, қоқыс-қалдықтар да шығатыны жасырын емес. Ұзынқұлақ деген бар, бүгінгінің ұзынқұлағы әлеуметтік желілер болып отыр. Әлеуметтік желі — аяғыңды шешіп, тазаланып кіретін ғибадат үйі емес, ол — Абай айтатын «көрінген ит кетеді бір бір сарып» мекенге айналып барады…
Мұндай толқымалы кезеңдерде Мұхаң, Мұхтар Омарханович айтатын «толыспаған толстойлар мен шала шекспирлердің» Құдайы беріп қалады. Сондайлардың бір тобы, тобы емес, тобыры тағы да бірсыпыра шығармашылық интеллегенцияға айтағын қосуда. Не әдебиетте, не өмірде жолы болмаған бейшаралармен сөз жарыстырудың керегі де жоқ. Американдықтардың «loser» дейтіндері — осылар. Бұл оларға жауап емес.
Бірден бір нәрсенің басын ашып алайық. Менің, мына Үкіметпен алты аласым, бес бересім жоқ. Мен өзімді бұл Үкіметке қарызбын деп есептемеймін. Елдің оған қарызы жоқ, керісінше, ол — елге қарыз. Демек, мақсат билікті мақтау емес, біреулерді даттау да емес. Бізге ел арысының тыныштығы керек.
Жастар, шығармашылық жастар аға буыннан ақыл кеңес сұрайды. Әдебиеттің айналысында ағайындардың хабары бар, олардың жиі соғатын адамының бірі менмін. Біз, әлбетте, қадари-қалымызша дұрыс жол көрсетуге тырысамыз. Ол — парыз. Жастардың өз тыңдайтын адамдары бар, олар аз емес. Бірақ тыңдамайтын адамдары тыңдайтындардан гөрі көбірек. Ресмилердің ойланатын кезі осы. Хемингуэйден қалды дейтін бір сөз бар: «әлемнің қай түкпіріне барсаң да, бір-бірінен аумайтын кәсіп иелері бар — олар: көше сыпырушылар, таксистер, полицейлер, саясаткерлер және көше жезөкшелері» деген. Классик тағы айтады: «бұлардың ұқсас болатыны қай-қайсының да өз заңдары бар және олар сізбен бізбен санаспайды» деп.
Мен кеше ақыл сұрап келген жастарға «көшеге шығып, көтеріліс бастаңдар» демеген себебім (мен де соны айттым — А.Ә.), ең біріншісі, олардың амандығын ойладым. Шығыс шайырларынан қалған сөз: «Сақтықпенен қорқақтықтың екеуі, белгілі ғой сырттан ұқсас екені» дейді.Егер, ел амандығын ойлау қорқақтық болса, онда сол тізімге мені де жазыңыз. Біз қазір таяқтан болса да, қазақ жасап алғымыз келіп жүрген елміз. Қақтығыста, ал, қақтығыстың болғанын қалап отырғандар аз емес, міндетті түрде жастар зардап шегеді, ең бірінші таяқ соларға тиеді. Кеше Желтоқсанда да, Жаңаөзенде де, Ақтөбеде де солай болды. Полицияның өз заңы бар. Олар ,әдетте «біз бұйрықты орындаймыз» дейді. Басқа сөз жоқ. Осындай кезде «өзі ура!» деп айқай салды, бірақ окоптан шықпай қалады» демекші, жастарды айдап салып, тығылып қалатын ағалары барын олар білмеуі мүмкін. Сондай «данышпандар» жастар арқылы өз есептерін түгендеп алады. Жастарда да жастар бар, біз оны да білеміз. Қуаныштысы — интеллектуалдық деңгейі ауыл мектебінің төңірегінде қалып қойған шала сауаттылырдан гөрі, шын мәніндегі мәдениетті талантты жастар көбірек. Біздің жанымыз екеуіне де ауырады, бірақ соңғы топқа көбірек ашиды.
Сөз соңында, ресми билік шығармашылық интеллигенциямен, шығармашылық одақтармен жұмыс істей алмай отырғанын ашық айтуымыз керек. Саясатта бос орын болмайды. Сіз бір жерді елеусіз қалдырыңызшы, ол жерге ертең-ақ әлдебіреулер отыра қалады. Әңгіме — сол әлдебіреулікте болып отыр. Әлдебіреулік деген кездейсоқ адамдар, кәсіпқой емес адамдар деген сөз. Олар неғұрлым өктем сөйлесе, соғұрлым өтімді сөйледім деп ойлайды. Неғұрлым Абай айтатын қара наданның сөзін айтса, соғұрлым ел қамын жеген есіл ер болып көріндім дейді. Неғұрлым қатты айқайласа, батыр боп көріндім дейді. Неғұрлым мәдениетті кісілерге жексұрын болса, қара тобырға соғұрлым сүйкімдімін деп шешеді.
Көрдіңіз ғой, мен Жер сату туралы ештеңе айтпадым. Ол — басқа әңгіме. Әрине, ол сатылмауға тиіс. Бұл сөзді екі жақ та айтып жатыр. Бірақ, көріп отырғаныңздай, халықпен сөйлесе алатын, халыққа айтқанын тыңдата алатын адамдардың жоқтығы немесе аздығы байқалады. Кешегі кемеңгер Кекілбаев жоқ, біреу ұнатар, біреу ұнатпас Мұхтар Мағауин алыста жатыр.
Ал, біздің отырысымыз мынау — ауыл арасының айтқышбек, айтқышгүлдерімен алысып.
Екі жақпыз. Екі ұдай күй кешіп отырмыз. Екеумізге де ойланатын кез келді. Ақын айтпақшы, «Айқасқадан түсші бір, батыр, айналып алды артыңды көрші бір, батыр, аржағын өзің білерсің» дегіміз келеді.
Есенғали Раушанов
gu-gu.kz
Есенғали Раушанов: ЕЛ АМАНДЫҒЫН ОЙЛАУ ҚОРҚАҚТЫҚ БОЛСА, ОНДА СОЛ ТІЗІМГЕ МЕНІ ДЕ ЖАЗЫҢЫЗ
2016 ж. 05 мамыр
8329
11