Парламент Мәжілісінің ең жас депутаты Геннадий Шиповскихпен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының ашылуынан кейін жүздесудің сәті түсті. Небәрі 26 жастағы азамат қарапайымдылығымен, қазақтың тіліне жанашырлығымен есте қалды. Айта кетейік, Геннадий Шиповских Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Елбасы алдында мемлекеттік тілде сөз сөйлеп, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілінің қадір-қасиетін танытып, оны құрметтеуге шақырып, елдің ризашылығына бөленген болатын. Қазақтың тілін мақал-мәтелмен өрнектеп, астарлап сөйлеуге деген шеберлігі жас депутаттың мерейін өсіргендей көрінеді.
— Геннадий, Мәжілістің алтыншы шақырылы-мына депутат болып сайланғаныңыз құтты болсын! Газетіміздің атынан жұмысыңызға сәттілік тілейміз.
— Рақмет баршаңызға!
— Әңгімені туып-өскен жеріңізден бастап, ата-анаңыз туралы да айта кетсеңіз..
— Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде 1989 жылы 22 қазанда дүниеге келіппін. Осындағы қазақ балабақшасына барып, қазақ мектебін тамамдадым.
Әкемнің аты-жөні — Геннадий Павлович Шиповских. Анам — Лидия Николаевна Куликова. Екеуі де қарапайым еңбек адамдары еді. Амал қанша, тағдырдың ісі ғой, екеуі де мен ат жалын тартып міне бастағанда мына дүниеден өтіп кетті. Содан соң балалар үйінде тәрбиелендім. Расын айтайын, ол жер маған ұнай қоймады. Бірнеше рет қашып кеттім. Ақыр аяғында еркіндікті аңсаған маған Алла Тағала үлкен тарту жасады. Қала іргесінде шаруа қожалығы бар жанұялы кісілердің (бес баласы бар) үйіне бір досым ертіп апарды. Менің жағдайыммен жете танысқан олар мені еш ойланбастан патронаттық негізде тәрбиеге алды. Осы отбасында жетімдік көрмей ержеттім. Мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қаққан әкем Мұрат пен анам Баянға қарыздармын.
— Білуімізше, сіз машинист көмекшісі екенсіз. Демек, оқудан қол үзбей, біліміңізді жетілдіре түскенсіз-ау?..
— Иә, ата-анам менің білім алғанымды қалады (Қара жұмысқа жегіп қойса да болар еді). Балаларының алды жоғары оқу орнында оқитындығына қарамастан, мен үшін бар жағдайды жасады. Қаладағы №6 мектептің кешкі бөлімінде оқуымды жалғастырдым. Мектептен соң Қазалы ауданындағы теміржол училищесіне түстім. Оны бітіргеннен кейін Қызылорда жөндеу локомотивінде жұмыс істедім. Осылайша өмір жолым жақсы адамдардың арқасында бір арнаға түскен секілді.
— Отбасыңыз бар ма?
— Әзірге бойдақпын.
— Жастығыңызға қарамай, Парламент секілді құзырлы органға жұмысқа келуіңіз кездейсоқтық емес пе? Әлде Елбасы алдында жастар атынан сөз алып, көзге түскеніңіздің пайдасы тиді ме?
— Мен бұл туралы нақты ештеңе айта алмаймын. «Нұр Отан» партиясының жиындарында белсенділік танытуым жолымды ашқан болар. Бәлкім бұл Алланың қалауы шығар. Расым осы. Ең бастысы, мен жұмысшы табының өкілімін. Партияның маған депутат болуға мүмкіндік беруі — мен үшін үлкен абырой. Парламентте түрлі саланың өкілдері жиналады. Ал мен жұмысшы табының мүддесіне өкілдік етемін. Алда үлкен жауапкершілік күтіп тұрғанын жақсы білемін. Қазақта «көш жүре түзеледі» деген жақсы мақал бар. Мен көтерген мәселелер әріптестерім арасында әділ шешіледі деген үміттемін.
Геннадий Шиповских: ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛДЫ ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҒАНА ЖОЛДАЙМЫН
2016 ж. 19 сәуір
2854
4