Қазақ киелі жеріміз бен еліміздің иесіне айналмай нағыз демократияға қол жеткізе алмаймыз - Айдос Сарым
2016 ж. 12 сәуір
3828
5
Жақында «camonitor.kz» дейтін сайт қазақ қоғамындағы рухы ояу азаматтардың іс-әрекетін “шовинизм” деп бағалап, ұлттық мүдде мәселесінде бас көтеріп, сөз ұстап жүрген жанның бәрін агрессорлық идеяның соңындағы реакционерлер деп айыптады.
Ресми қатынас тілінде жарық көріп отырған аталған сайттың мақаласы әм ондағы пікір білдіруші Сұлтанбек Сұлтанғалиев деген саясаттанушының (бұрын-соңды есімін ел естімеген азамат) көксегені не? Бұл мақаланың мақсаты – ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабында айтылатын ұлтаралық араздықты қоздыру емес пе? Көпұлтты Қазақстандағы түрлі этника өкілдерін қазақ ұлтшылдарына қарсы қою – ұлтаралық жік тудырмай ма?
Осыған қатысты Абай.кз порталы Сұлтанбек Сұлтанғалиев өз сөзінде “шовинист” деп айыптаған саясаткерді сөйлетіп көрмекпіз.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Сұлтанбек Сұлтанғалиевтің қазақ ұлтшылдарын қаралаған пікірін оқып шықтым. Оқып отырып, ол азаматтың қазақ ұлтына жаны ашымайтынын, коммунистік идеологиядан әлі азат бола алмағанын байқадым. Меніңше, тәуелсіз Қазақстан жағдайында дәл осындай бағыт-бағдарда жүрген азаматтардың бар екендігінің өзі қорқынышты. Оларға ақпарат құралдары бетінен алаң беріп, газет шығарту, еліміздің саясатына қарсы ойларын ашық айтқызып қою – үлкен қауіп. Себебі, мен коммунизм идеясы дегенді қанішерлердің идеологиясы деп білемін. Болашақ ұрпақ үшін «коммунист» деген сөз «қанішер» деген сөздің баламасы болатынына сенемін. Ең өкініштісі сол, біздің билік ұлтымызды тарихтан жойып жіберу үшін жанын салған сол коммунистерге әлі күнге түрлі мінбер беріп, партия құрғызып, парламенттен орын бөліп отыр. Осындай кезде Сұлтанбек секілді жігіттердің бүйректен сирақ шығаруы – «қалыпты жағдай». Өз басым, олардың не деп жатқанына назар аудармаймын. Десек те, қазақ ұлтының оянуы, қазақ ұлтшылдарының мәртебесінің өсе бастауы кейбіреулер үшін өте үрейлі жағдай болып отыр. Сондықтан да олар ұлттың сөзін сөйлеп жүрген азаматтарды «халықтың жауы» етіп көрсеткісі келеді. Сол бағытта жұмыс жасап жатыр. Осылайша бізді билікке жамандап, елімізді ұлттық мемлекетке айналуына тосқауыл қоймақшы.
Жалпы, қазақ киелі жеріміз бен еліміздің иесіне айналмай нағыз демократияға қол жеткізе алмаймыз. Сұлтанғалиев қара күйе жағып отырған азаматтар бұл елдің иесі кім екенін айтып, жазып жүрген азаматтар. Оларды орта деңгейлі білімі бар азаматтар деп күстәналау да «сасқан үйрек артымен жүзедінің» кері. Мен өзімді айтпай-ақ қояйын. Мысалы, Расул Жұмалы 4-5 тілді еркін меңгерген, түрлі лауазымды қызметтер сатысынан өткен білімді азамат екенін елдің бәрі біледі. Ал, Мұхтар Тайжан Польшада экономикалық университет бітірген, әлемнің маңдайалды экономистерінен дәріс алған – сауатты жігіт. Мұхтар да бірнеше тілді жақсы біледі. Сауаттылық, білім жағынан Мұхтар Сұлтанбек Сұлтанғалиевті мың орап алады.
Біз шамамыз жеткенше қоғамдық жұмыстармен айналысып, еліміз бен жеріміз үшін бірталай шаруалар жасап жатырмыз. Ал, Сұлтанғалиев секілділер қандай игілікті іс тындырыпты? Бұл сұраққа жауап табу қиын. Тағы да бір мәселеге назар аударайық. Ұлтшыл азаматтарды сынап жатқан Сұлтанғалиев қазақ тілі мен орыс тілінен басқа қандай тіл біледі екен? Қазақ тілін де мандытпайтын болуы мүмкін. Сөйте тұра ұлттық мәселеге төрелік айтқысы келеді. Оған ешкім де жол бермейтінін түсінгісі келмейді. Бұл жігітке айтарым, алдымен біз жүріп өткен жолмен жүріп көрсін, біз басқан төбені басып көрсін. Сонда ғана бізбен бір жолда келе жатқан қазақтың жүздеген халық жазушысының, ақпарат құралдары басшыларының, жалпы қазақ элитасының бетіне қара күйе жағудың қандай ауыр екенін түсінер еді. Бұлай көпке топырақ шашу үшін алдымен қазақ тілін білуі, олардың ойларын, идеяларын түйсінуі керек. Ал, «сырттан тон піше» салу саясаттанушы үшін – ұят нәрсе.
qazaquni.kz