ҚАЗАҚ ЖЕРІН САҚТАП ҚАЛУ ҮШІН, ОЛ ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАУЫ ТИІС!
2016 ж. 06 сәуір
5992
14
Осыдан бірнеше күн бұрын, нақты айтсақ 2016-жылдың 30-наурызы күні ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру мақсатында 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, жергілікті атқарушы органдар 1,7 млн. гектар жерді аукцион арқылы саудалайтыны және оның Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам ұлттық жоспарының» ІІІ. «Индустрияландыру жəне экономикалық өсім» бағытын жүзеге асыру мақсатында жүзеге асып жатқандығы туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев ресми мәлімдеме жасады.
Содан бері бірнеше күн өтсе де еліміздің ұлтшыл азаматтары, саясаттанушылар бұл мәселе туралы тұшымды пікір білдіре қойған жоқ.
Мүмкін, биліктің елді ескертпестен, қоғамның талқысына салмастан бастап кеткен сойқан қадамы туралы азаматтар білмей де, білсе де көп жерін түсінбей отырған болар.
Ия, азаматтарымыздың жердің иесі болғанына еш қарсылығым жоқ, бірақ көп мәселені түсінбей отырғанның бірі менмін.
Себебі, жер мәселесі бойынша бірнеше негізгі сұраққа билік тарапынан жауап болмай отыр. Атап айтқанда:
1. Аукционға түсетін ауыл шаруашылық жерлерін шет елдік жеке немесе заңды тұлғалар сатып ала ала ма?
2. Аукцион арқылы жер сатып алған Қазақстанның азаматтары өздеріне тиеселі жерлерін шет елдік жеке және заңды тұлғаларға сата ала ма?
Осы екі мәселе мен үшін аса маңызды. Себебі, шаруа қожалықтары бүгінде жалға алып отырған жерлерін сатып алуға қауқарсыз. Сондықтан жердің көп бөлігі ақшалы шет елдіктердің қолына өтіп кете ме деген қаупім бар.
Шет елдік азаматтар немесе компаниялар жерді қалауынша сатып ала алатын болса еліміздің шұрайлы жерлерінде Чайна-таунтар мен Новороссиялар пайда бола ма деп қауіптенемін.
Сондықтан, Президенттің тапсырмасымен жасалып жатқан 100 қадамның соңы қасіретке айналмай ма? 3.5- қадамда көрсетілгендей «Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізуді» желеу етіп жердің бәрін сатып жіберіп, қазақ жерсіз қалмай ма?
Президенттің тапсырмасымен Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізілмекші. Ол өзгерістерде «ҚАЗАҚСТАННЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖЕРЛЕРІ ШЕТ ЕЛДІК ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА САТЫЛМАЙДЫ» және «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ӨЗІНЕ ТИЕСІЛІ ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН ШЕТ ЕЛДІК ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА САТУЫНА ТИЫМ САЛЫНАДЫ» деген сөздер міндетті түрде жазылуы тиіс деп есептеймін.
Бұл мәселеде Қазақ ұлттық кеңесі, желтоқсаншылар, ұлтшыл азаматтар, оның ішінде Мұхтар Шаханов, Бекболат Тілеухан, Бақытбек Смағұл, Құрманғазы Рахметов, Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым, Расул Жұмалы тағы басқа ұлтшыл азаматтар, қоғамдық ұйымдар, тіл, жер, ұлт жанашырлары белсенділік танытуы керек. Ал Үкімет, Парламент бұл мәселе туралы арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық ұйымдар мен белсенділердің қатысуымен түрлі кездесулер жасауы тиіс.
Жер мәселесін шешу халықтық референдумда шешілсе де артық болмайды. Себебі, миллиондаған, мыңдаған гектар жер шет елдік жеке немесе заңды тұлғаның қолына өтіп кетсе Қазақстанның қауіпсіздігіне, жерінің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.
Жер сату ісі екі-үш адамның ойындағысымен шешіле салатын мәселе емес. Президенттің де, Премьер-министрдің де, Ұлттық экономика министрінің де атасынан мұраға қалған жері жоқ. Жер тағдыры-ел тағдыры, жер тағдыры-ұлт тағдыры. Оған жүрдім-бардым, жеке бастың мүддесімен қарауға болмайды.
Мақсат Ілиясұлы
Заңгер
Дерек көзі: Қамшы.кз