Қазақстанды "миллиардер" мемлекетке айналдырар жол
2016 ж. 20 наурыз
4983
9
«Елдігін көрсете алмаған ел – ел емес».
/Қадыр Мырза-Әлі/
Мемлекет үшін ең маңызды мәселе
«ӨЗЕГІМДІ ӨРТЕГЕН ЕҢ ҮЛКЕН ӨКІНІШ...»
Тоқсаныншы жылдардың ортасында біздің еліміздің алдында тұрған ең басты экономикалық мәселе – шет елдік инвесторлар арқылы экономикаға қаржы тарту болатын. Қазақстанның инвестиция құямын деген жеке тұлға немесе компаниялар үшін аса тартымды ел екенін насихаттау, көрсету, дәлелдеу мақсатында Әкежан Қажыгелдин бастаған Үкімет делегациясы 1995 жылы наурыз айында АҚШ-қа, қараша айында Ұлыбританияға барды. Екі сапарда да делегация құрамында Жауғашты Нәбиев болды. Жауғашты жаз айының бірінде Лондонда ІҒС (Интернейшнл файнэншл корпорейшн) – Халықаралық қаржы корпорациясы деп аталатын аса беделді ұйымның басшыларының бірімен кездескен еді. Сұхбат барысында әлемдегі дамыған елдер арасында инвестиция тарту мәселесін шешудің аса қолайлы, әбден сыналған,ең тимді әдіс – Өзара инвестициялық қор құру жайы сөз болды. Мұндай қор тек дамыған елдерде ғана емес, дамушы елдердеарман ететін «портфельдік инвестиция». Кезінде құрылған Chile Fund, Morgan Stanley India, Korea Fund, Morgan Stanley Asia-Pasific қорлары өзін керемет ақтады, тізімде көрсетілген елдердің экономикасын күрт көтеріп тастады. Және ол солай болуға тиісті де, себебі кемеңгер Ленин айтқандай: «дұрыс жасалған экономикалық бағдарлама мергеннің оғы секілді – бір атқаннан құлатады», ал, ӨИҚ сондай бағдарламалар қатарынан еді.
Ал, ол қордың немесе мемлекет қолға алып жатқан қандай да болсын экономикалық жобаның сыртында ІҒС тұрса, бұл іске халықаралық қаржылық ұйымдар өте зор мән береді, өйткені олар оның болашағына сенеді деген сөз. Жауғаштыға осы қор жайлы идеяны тастаған ІҒС басшылығы:
-Егер сіздер Американың инвестициялық банкін бұл қор құруға тарта алсаңыздар,ал, ондай мүмкіндік Қазақстанда толығымен бар, онда біз де қордың құрылтайшылары қатарынан көрінетін боламыз және әлемдік деңгейдегі банктердің әріптестігін қамтамасыз етеміз, - деп уәде берді. Бұл – үлкен табыс еді.
Қарашада Қазақстан Үкіметінің делегациясы Лондонға келетіні шешілген күннен бастап Жауғашты ІҒС басшыларын Ә.Қажыгелдинмен кездестіруге күш салды. Бірақ одан ештеңе шықпады.
Жауғашты түсіне алар емес. Америкаға барғанда АҚШ-тың Эксимбанк және «Боинг» басшыларымен кездесуді Қаржы министрі Павловқа ысыра салғаны анау. Бүгінгісі – мынау... Президенттің қайта-қайта, шегелеп айтатыны: «Біздің еліміз үшін ең басты мәселе – инвестиция тарту!»
Ойы онға, санасы санға бөлінген Жауғашты резиденция маңайындағы саябаққа барды. Өзін-өзі сабырға шақырды. Дамушы елдер үшін қол жетпес арманға айналған жоба біздің басымызға бақ құсы болып кеп қонып отыр. Оны енді қалайда ұшырып алмаудың жолын қарастыру қажет...
Жауғашты осы кезде саябақта жайлап серуендеп жүрген вице-премьер Сарыбай Қалмырзаевты көріп қалды. «Іздегенге - сұраған» осы болар ма? Ол енді жайлап бұл мәселеге Сарыбайды тартты. Әділдігін айту керек, Қалмырзаев Жауғаштының көптеген мемлекеттік ұсыныстарына қолдау көрсетіп жүрген жан еді. Әкежанның атын тікелей атай алмаған Жауғашты:
-Сәке, - деді ағылшын жерінде жолыққан отандасына, – мен өзіміздің жігіттердің біразына Өзара инвестициялық қор құру жайлы идеяны айтып жүрмін. Көбісі елп етіп қоштай қоймайды, соған сіз ат салыссаңыз дұрыс болар еді.
-Ол қандай қор?
Жауғашты қысқаша сипаттағанан кейін Сарыбай ықыластана жауап қатты:
-Мынау өзі шынында да өте қажет жоба сияқты ғой. Ендеше неге оны қолға алмаймыз?
Жауғашты америкалықтарды Қалмырзаевпен кездестірді. Америкалықтар да қорға кіретін болды. С.Қалмырзаев Алматыға келген соң осы мәселені қолға алуды өзінің орынбасары Е.Никитинскаяға тапсырды. Қазақстан жағынан құрылтайшы болып бір компания кіруге тиіс болды. Америкалықтар мен ІҒС бір жағынан, Қазақстандық компания екінші жағынан «Қазақстан секъюритис» атты қаржылық инвестициялық компания құрады. Өз кезегінде бұл компанияның құрылтайшылары ретінде отызға жуық: Маңғыстаумұнайгаз бірлестігі, ҮМЗ, Балқашмыс, Алматыэнерго, Эксимбанк секілді қазақстандық мұнай, металлургия, фосфор салаларындағы экспортқа бейімделген экономика мен банк алыптары бой көрсетуі тиіс. Құрылтайшылар өз кәсіпорындарын техникалық және технологиялық жағынан жаңғырту мен дамыту жайлы ұсыныстарын берсе, Халықаралық қаржылық корпорация мен банктер бейнесіндегі андеррайтерлер аудиттерді, халықаралық кеңесшілер мен сарапшыларды іске тартады, технико-экономикалық негіздеме жасайды, қажетті инвестиция көлемін анықтайды. Ең бастысы, олар халықаралық компаниялар арқылы бұл кәсіпорындардың әлемдік нарықтағы бағасын шығарады.
Бұл алыптардың қатарында Жауғашты басқаратын «Қазақстан-Коммерцияның» да бой көрсетуге тиістігі өз-өзінен түсінікті нәрсе болатын. Және болашақта құрылатын компанияны осы жобаны қолға алып, барлық істі ұйымдастырып жүрген Жауғашты басқаруға тиісті екендігі де заңдылық еді. Сарыбай Қалмырзаев:
-Жақа, сен құрылтайшы болуға тиіс ірі кәсіпорындардың басшыларының бәрін танисың, олар да сені таниды, сондықтан іске кіріс, - деді.
Әлгі болашақ құрылтайшылардың атына 1996 жылдың 20 мамыры күні С.Қалмырзаевтың орынбасары Е.Никитинская қол қойған, 1/2657 нөмірлі хат жіберілді. Ол хатта былай жазылған еді: «Сізге резидент ретінде әлемдік қаржы орталығының бірінде (АҚШ, Англия, Германия және басқа да) тіркелетін және өзге өңірлерде өкілеттігі болатын қазақстандық-шетелдік бірлескен инвестициялық қор құру жөніндегі жоба-бағдарламаны жіберіп отырмыз. Жоспарланып отырған инвестқордың және оның активтерін басқаратын компанияның Теңқұрылтайшысы болуға қызығушылық танытсаңыз, осы жобаны талқылауға дайын екендігіңізді білдіріп хабарласыңыз».
Қор АҚШ-та тіркелетін болып келісілді. Мемлекеттік мүлік комитеті мұнымен де шектелген жоқ – болашақ Құрылтайшылар атына 1996 жылы 4 маусым күні тағы хат жіберді: «Келешекте қазақстандық-шетелдік бірлескен өзара инвестициялық қордың Теңқұрылтайшысы болатын «Қазақстанның бағалы қағаздары» АҚ («Kazakhstan Seсurities») қызметін білікті басшылықпен қамтамасыз ету мақсатында осы қоғамның президенті мансабына «Қазақстан Коммерция» АҚ президенті Жауғашты Нәбиевті ұсынамыз».
Осыдан бір жарым айдай өткенде, 1996 жылы 15 шілдеде Мемлекеттік мүлік комитеті Премьер-министрдің міндетін атқарушы Вице-премьер Г.Штойктың атына «Kazakhstan Securities қазақстандық-америкалық өзара инвестциялық қор құру жобасы» жайлы ҚР Үкіметі алдында бастама көтерген 2/3751 нөмірлі хат жолдады. Штойк хатқа «С.Қалмырзаевқа. Көрсетілген Жобаны іске асыруды дайындау үшін. Ө.Шөкеевке (Экономика мин-гі), А.Павловқа (Қаржы мин-гі), Н.Балғымбаевқа (Мұнай мен газ өнеркәсібі мин-гі), Х.Оспановқа (Өнеркәсіп және сауда мин-гі), В.Храпуновқа (Энергетика және көмір өнеркәсібі мин-гі), Б.Ізтілеуовке(Эксимбанкке): «Аталған Жобаға кәсіпорындардың жүзеге асыру мен қолду көрсетуін қамтамасыз ету тұрғысынан қарауларыңызды өтінемін» деген бұрыштама соғады.
Тура бір ай өткенде, 1996 жылы 15 тамызда Мемлекеттік мүлік комитеті Г.Штойктың атына жоғарыда аты аталған министрліктердің Жобаға оң пікір білдірілген жауап бергенін айта келіп, қазақстандық-шетелдік бірлескен өзара инвестициялық қордың Теңқұрылтайшысы болатын «Қазақстанның бағалы қағаздары» АҚ құрылуы қажет деп есептейтіні жөнінде және осы мақсатпен Үкіметтің арнайы Қаулысын қабылдауды ұсынған, қосымшада Қаулының жобасы да көрсетілген 2/4283 нөмірлі хат жолдайды.
Қазақстанды "миллиардер" мемлекетке айналдырар жол
Іске асуға дайын тұрған жобаның нақты нобайы қандай еді?
-Бірлескен шетелдік-қазақстандық ӨИҚ құрылады және ол резидент ретінде әлемнің қаржы орталығының бірінде (АҚШ таңдалып алынғанын жоғарыда айттық) тіркеледі;
-Қазақстан жағынан «Қазақстанның бағалы қағаздары» («Kazakhstan Securities») АҚ теңқұрылтайшы болады, ал, оның құрылтайшылары ӨИҚ қатысушылары болып табылатын ұзын саны 30 шақты ірі өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындар, банктер мен жеке компаниялар. Қазақстан жағының шығаратын үлесі он миллион доллар ғана еді, оны жинау ешқандай қиындық тудырмайтын.
-«Kazakhstan Securities» құрамына кірген қазақстандық кәсіпорындар мен банктер ұсынған жобалар портфелі құрылады;
-Экспортқа өнім шығаратын, ӨИҚ қатысушы қазақстандық кәсіпорындардың нарықтық бағасына аудит жасалғаннан кейін акцияларды эмиссиялау жүргізіліп, олар енді портфелдік инвесторларға – дамушы елдердегі тәуекелділігі жоғары жобаларға қаржы салумен айналысатын көптеген мамандандырылған қаржылық институттарға жіберілуі арқылы әлемдік қор нарығына орналастырылады. Мысалы, «Павлодар алюминий зауытының» (ПАЗ) бүгінгі жарғылық бағасы 2 миллион АҚШ доллары болса, шетелдіктердің болжауы бойнша оның нарықтық бағасы 60 миллионнан кем болмау керек. Міне, қайда жатыр байлық деген!
-Мемлекеттік мүлік комитеті:
а)жоғарыда көрсетілген акциялардың 60-80% инвестицялық қорларға ақшаға ауыстыруға береді;
б)ең ірі деген (мүмкін, тендер жариялау жолымен болса да) бірнеше инвестициялық банкті (мысалы, Merril Lynch, Morgan Stаnley, Salomon brothers деңгейіндегі) шет елдердегі акциялардың бас андеррайтері ретінде тартады. Соңғылар өзге де андеррайтерлік құрылымдарды «субмердігер» етіп шақырады және солармен бірге акцияларды түпкі тұтынушылар – шетелдік түрлі синдицирленген инвестициялық қорлар мен компаниялар – арасына орналастырады.
Инвесторлар мен инвестиция тартудың бұл әдісінің кәсіпорындарды шетелдік компанияларға басқаруға берумен салыстырғанда әлденеше артықшылығы бар еді:
-біріншіден, монополист-инвестормен («Шеврон» сияқты – жобаны тоқтатып қоюға мүмкіншілігі бар) және өзінің қатаң шартын жүргізуге толық хақысы баріс басқарушы фирмамен («Испат» сияқты - тоздыруға ұшырататын) жоба иесі елдің,яғни Қазақстанныңарасындағы қарама-қайшылық мәселесі шешіледі;
-екіншіден, қашан жоба іске асырылғанша кәсіпорын біздің қадағалауымызда болады;
-үшіншіден, жоба іске аспай қалған жағдайда (акциялар түгелдей сатылмаса) мемлекет ешнәрсе жоғалтпайды. Сатылмай қалған акциялар пакетіне (жарғылық қордың 30-дан 10 пайызына дейін) иелік ететіндіктен Қазақстан кәсіпорынның қожайыны болып қала береді, себебі қалған акциялар ондаған немесе жүздеген инвесторлар арасында шашырап кетеді. Оның үстіне инвесторларды бірінші кезекте кәсіпорынға бақылау жасау мәселесі емес, акциялар бағасының өсуі қызықтырады;
-төртіншіден, андеррайтингтің нәтижесінде пайда болған қаржы қазақ елі жағында қалады, енді ол қарызын жауып, өндірісті өз қалауынша қайта жарақтандыруға кірісе алады;
-бесіншіден, қаржы ҚР қалатындығы себепті аралас кәсіпорындардың барлығы мен өндірістік инфрақұрылымды түгелдей аяғынан қайта тұрғызуға және дамытуға мүмкіндік туады (құрылыс, монтаж, қайта жарақтандыру, іске қосу, реттеу жұмысының бәрі мен тасымалдауға мердігерлікті жергілікті фирмалар алатын болады);
-алтыншыдан, шет елдерден құрал-жабдық сатып әкелумен отандық сауда фирмалары, ал, оны есептеу қызметімен қазақстандық банктер айналысатын болады;
Осылайша, эмитент-кәсіпорын барлық аралас-кәсіпорындарды, спутник-қаланы, мүмкін тіпті облысты сүйреп шығаратын локомотивке айналады, қосымша жүздеген, мыңдаған жұмыс орны ашылады, төлемеушілік құрсауы үзіледі және біртіндеп мемлекеттік бюджетке табыс құя бастайды. Сонымен бірге қазақ жағы әрқашан оны өзінің толық бақылауында ұстап отырады.
Сондай-ақ а)андеррайтинг синдикаты; б)менеджмент тобы кіретін Қаржылық-өндірістік менеджмент консорциумы құрылады (өнеркәсіптік кәсіпорындар, олармен аралас кәсіпорындар, сыртқы сауда, бағалы қағаздар нарығы, қаржы облысындағы ең ірі бизнес өкілдері).
Андеррайтинг синдикаты банк құрылымдар мен инвестициялық қорлардан, және, мүмкін, ірі брокерлік фирмалардан құрастырылады. Оның міндеті – кәсіпорындардың акцияларын, ең бірінші кезекте шетелдік, бағалы қағаздар нарығына шығару.
Менеджмент тобы аталған облыстардағы өндірістер мен ең ірі жекеменшік кәсіпорындар мен құрылымдардың өкілінен құралады. Міндеті – акцияларды сатудан түскен қаржыны біліктілікпен жұмсай білу.
Мемлекетті "миллиардерге" айналдырмаған нұсқау
Осылайша аса үлкен маңызға ие іс шешілуге таянып қалды. Енді тек Үкіметтің Қаулысы қабылданса болды, алдын-ала дайындық шарасының бәрі атқарылды. Бірақ... Бірақ, премьер-министр Ә.Қажыгелдин мырза ұшуға дайын құстың қос қанатын бірдей қырқып түскен тапсырма берді: «С.Қалмырзаевқа. 1.Қолдағы бар меншікті меңгеруді үйреніп алуды ұсынамын. 2.Сіздерге мұндай іспен айналысуға тыйым салынған, ол аз десеңіз, мемкәсіпорындар жанындағы барлық еншілес коммерциялық құрылымдарды жойғандарыңыз жөн. 3.Бағалы қағаздар нарығы басқа «заңдармен» жүреді. Олар әкімшіліктің еркіне бағынбайды. Бұл А/Қ жоғарының нұсқауынсыз өз еріктерімен құрылуы тиіс. Талқылаудан алып тастаңыз. Барлық орынбасарларымды таныстырыңыз».
Парадокс! Елдің Президенті өмір бойы «экономикаға тікелей инвестиция тарту керек!» деген сөзді ұран етіп ұстанумен, жалау етіп көтерумен болады, - және бұл шынында да жаппай қаржысыздық жайлаған заманда жалғыз ғана тура жол еді! - ал, қалай сол инвестицияны тартуға нақты қимылға көшу басталады, солай істің әлпеті өткелдегі түйенің теңіндей қарама-қарсы жаққа ауып жүре береді. Елдің премьер-министрі мемлекеттің мүддесін қолдамайды. Бұл не болды сонда?!..
«Трактебел». «Боинг». «Маңғыстау мұнай өңдеу зауыты». Бұл тізім, қолдан сусып шығып кеткен керемет мүмкіндіктер тізімі, дәлірегі жеке бастың мүддесі үшін құрбандыққа шалынған қайталанбас, қайта оралмас мүмкіндіктер тізімі осымен тоқтап қалмайды, бұдан кейін де жалғасатын болады. «Көп екен көргеніңнен көрмегенің», Жауғаштыны алда әлі талай соққы күтіп тұр еді...
Ал, әзірге талай дамушы елдердің көсемдерінің түнде түсіне кірген, өңінде өмірлік арманына айналған, бірақ, кірерге мүмкіндігі болмаған Өзара инвестициялық қор осылайша көзден бір-бір бұлбұл ұшып, қол бұлғап кете барды. Өздеріңіз көріп отырғандай, ӨИҚ-ды ірі инвестициялық банк немесе солардың консорциумы және әлгі елдің активі құрады. Бұл үшін ол елдің аса күшті тартымдылық, қызықтырғыштық қасиеті болуы, қазақша айтқанда тұнып тұрған қазба байлығы болуы тиіс. Бұл тұрғыдан қарағанда Қазақстан инвесторлар үшін нағыз Клондайк еді!
Осылайша мүмкіндігі барлық жағынан жетіп артылатын Қазақстан мемлекеті, мемлекетттің миллиондаған халқы есігінің алдына өз аяғымен келіп тұрған теңдессіз несібесінен қағылды. Мүмкіндік деп нені айтып отырмыз? Қазақстанда тек қана қазба байлық емес, Қазақстанда көптеген дамушы елдерде жоқ жолға қойылған тау-кен өндірісі мен өңдеуші кәсіпорындар бар еді. Ең бастысы - сол кәсіпорындардың жұмысын сағаттай сыртылдатып жүргізіп отырған сауатты жұмысшы табы мен білімді де білікті, тәжірибелі мамандары жеткілікті еді. Егер ӨИҚ сол кезде құрылып, адымдай алға басып кеткенде әлемнің небір мықты қаржылық құрылымдары біздің елге капиталын арқалап жетуге асығар еді. Себебі, олар біздің экономиканың болашағы қандай жарқын екенін – мемлекеттік тұрғыдан! - біздегі басшылардан артық көріп отырған болатын. Шет елдердегі алпауыт қаржы компаниялары Қазақстан әлемнің нақты қай бұрышында екенін ол кезде нақты білмеуі мүмкін еді, ал, Балқашмыс дегеніміз не, Жезқазған түсті металлдар бірлестігі дегеніміз не, Өскемен мырыш-қорғасын комбинаты дегеніміз не екенін жақсы білетінін тағы қайталап айтамыз. Олар бәрінен бұрын біздің елдегі осындай компаниялардың әлемдік бағамен құны қанша болатынын өте жақсы білетін...
Ең бастысы, андеррайтерлер халықаралық компаниялар арқылы қазақстандық кәсіпорындарды әлемдік нарықтағы бағамен бағамдайтын болғандықтан, біздің еліміз миллиардер-мемлекетке айналар еді, онымен жұмыс істеуге, бізге келіп қаржысын құюға әлемдегі ең бай, ең құдыретті инвестициялық институттар кезекке тұрар еді...
Жарты жылғы ерен еңбек суға сигендей болып, далаға кетті. Адал инвесторларды «әке-көке» деп шақырып келіп, маңдайынан бір тептік, ал, сол ісімізден не таптық? Қираған өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, сутегінге кеткен - Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты канадалықтарға бар-болғаны 60 млн.долларға сатылды – өндіріс ошақтары мен қазақ индустриясының арқасында пайда бола кеткен бірнеше шетелдік миллиардерлер мен оларға сол жағдайды жасап берген өзіміздің жігіттер. Ешкім олардың маңдайына мылтық тақап тұрып жасатпаған. Әрине, тегін жасап та бермеген... Қанша ақшаға жасап бергендері бір Алла мен өздеріне ғана аян.
Әзірге күш солар жағында. Жауғашты тағы жеңілді. Және оңбай жеңілді. Жоқ, біз қателестік, Жауғашты жеңілген жоқ. Оны қолында билігі барлар қағып өте шықты. Қиындықтан қашсаң, ешқашан одан қашып құтыла алмайсың. Оның жеңудің жалғыз жолы – қасқайып қарсы жүру. Күреске шығу. Рас, жеңілуің де мүмкін. Бірақ, «елу де елу». Жеңіп кетуің де мүмкін. «Күш атасын танымайды» емес пе?Ал, күреске шықпасаң – анық жеңілгенің осы. Алла-Тағала қолыңа беріп тұрған елу пайыз мүмкіндіктің біреуін де пайдалананып қалуға жарамай, жеңісті қолдан бергенің. Күресте күшім аз деуге болмайды, күресте ісің ақ па, түптің түбінде мәселені сол шешеді. «Қара қазан, сары баланың», яғни, қазақтың қамы үшін, халқының намысы мен ары үшін алысып өткен Махамбет:
...Жапанға біткен бәйтерек,
Жапырағы байқасаң,
Жайқалмағы желден-ді.
Хан, төренің кешігіп,
Кідірмегі елден-ді.
Кешіп өтпек сайдан-ды.
Шығынды бөлмек байдан-ды.
Ақ бөкеннің орғытып,
Жүгірмегі майдан-ды.
Батыр болмақ ойдан-ды.
Айғайласып жауға ти,
Тәңірім білер, жігіттер,
Ажалымыз қайдан-ды? - демеп пе еді?
Жауғаштылар – бүгінгі күннің Сырымдары мен Исатайлары. Көптің қамын ойлау – олардың қанында бар қасиет. Сол себепті де Жауғашты туабітті мемлекетшіл адам. Оның мемлекеттік деңгейде ойлауы, халықтың қамын ең алдыңғы орынға қоюы – оның өзгеден артықшылығы. Өзгешелігі. Бойындағы қасиеті. Басындағы бағы. Құнанбай қажы айтты делінетіндей, соры да сол. Өйткені, ол шын мәнінде өзінің баюын емес, елінің баюын көздеді. Ал, байлық – қолдыц кірі, ертең-ақ өзі келеді. Ең бастысы елдің еңсесін көтеруі, қатарға қосылып алуы. Бұның жеке басына соншалықты көп дүние керек пе?
Сыртқы саудаға елдің бәрінен жақын тұрған Жауғашты еді. «Жауғашты, сен сыртқы сауданы ал қолыңа, оны сенен артық білетін адам жоқ!» дегенде ғой Президент! Сол кезде бұл мұрнынан қан кетпек тұрмақ, кеудеден жан кеткенше жұмыс істер еді ғой...
Өмірзақ Ақжігіттің «Жауғашты Нәбиев – істің адамы» кітабынан үзінді