Сын сағаты соғар сәт алыс емес
2016 ж. 16 наурыз
4228
0
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Татьяна Охлопкова мен Марат Сәрсембаев дауыс беру күні exit poll жүргізу тәртібі туралы, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру тәртібі, орны және уақыты жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаевтың атап өткеніндей, «Сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабы 9-тармағына сәйкес сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау caлу нәтижелерін жариялаған кезде, бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында дауыс беру күні алдындағы бес күн ішінде, яғни 15 наурыздан бастап және дауыс беру күні 20 наурызда қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi жариялауға жол берілмейді. Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады», – деді М.Сәрсембаев осы мәселе жөнінде.
ОСК мүшесі, сондай-ақ, ҚХА сайлайтын депутаттарға дауыс беру қалай өтетініне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру Ассамблея Кеңесінің хатына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өзінің жұмысын 21 наурыз күні сағат 08.00-де бастайтын болады. «Дауыс беруге арналған пункт Ассамблеяның сессиясы өтетін ғимаратта орналастырылады және сессия жұмысының басталуынан бір сағат бұрын, яғни сағат 07.00-де ашылады, – деді М.Сәрсембаев. – Дауыс беруге арналған пунктте ол ашылған сәттен бастап дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін халықаралық және қазақстандық байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сонымен қатар, Ассамблея сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың сенім білдірілген адамдары қатысуға құқылы».
Ал Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Т.Охлопкова дауыс берудің одан кейінгі үдерісінен хабардар етті. Оның айтуынша, Ассамблеяның жұмысына оның мүшелерінің жалпы санының үштен екі бөлігі қатысқан жағдайда, ол өткізілген болып есептеледі. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында 446 мүше бар. Сессияда Астана қаласының қалалық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беруді өткізу тәртібін түсіндіргеннен кейін Ассамблея мүшелерін дауыс беруге арналған пунктке шақырады. «Сайлау бюллетеніне Мәжіліс депутаттығына тіркелген 9 кандидаттың барлығы енгізіледі, – деді ол әрі қарай. – Дауыс беруге арналған сайлау бюллетені Ассамблея мүшесіне сайлаушылар тізімінің негізінде оның жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғанда беріледі. Әр сайлаушы жеке өзі дауыс береді. Дауыс беру және дауыстарды санау аяқталғаннан кейін қалалық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасап, қол қояды. Дауыс беруге қатысқан Ассамблея мүшелерінің 50 пайыздан жоғары дауысын жинаған кандидаттар сайланған болып есептеледі».
Брифинг өткізуші ОСК мүшелерінің баян еткеніндей, сессия қалалық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманы жария еткеннен соң жабылады. Қалалық сайлау комиссиясының хаттамасы Ортсайлаукомға сайлау өткен күннен екі күндік мерзімнен, яғни 22 наурыздан кешіктірілмей ұсынылады. Сайланған Мәжіліс депутаттарын тіркеуді Ортсайлауком жүзеге асырады. Ал Мәжіліс депутаттарын сайлаудың жалпы еліміз бойынша қорытындыларын Ортсайлауком 2016 жылғы 27 наурыздан кешіктірмей анықтайды, сайлау қорытындылары туралы хабар БАҚ-тарда 30 наурыздан кешіктірілмей жарияланады.
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос шетелдегі сайлау учаскелерінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері жөнінде баяндап берді. Төраға орынбасарының сөзіне қарағанда, 2016 жылғы 20 наурызда партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттары сайлауында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттары сайлауында дауыс беру, жалпы алғанда, 9 840 сайлау учаскесінде өтеді. Дауыс беру күні Қазақстаннан тыс жерде болатын азаматтар да өздерінің сайлауға қатысу құқығын іске асыра алады.
«Ол үшін шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанында Сыртқы істер министрлігінің аумағындағы сайлау округіне қатысты сайлау учаскелері құрылады, – деді В.Фоос осы мәселеге байланысты. – Сайлау заңнамасына сәйкес шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанындағы сайлау учаскелері бойынша сайлаушылар тізімдеріне тиісті шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзімді іссапарда жүрген және Қазақстан азаматының төлқұжаты бар барлық азаматтар енгізіледі. Сонымен қатар, еліміздің шет мемлекеттерде жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарларда жүрген азаматтары, олар учаскелік сайлау комиссиясына жүгінген және Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты болған жағдайда, сайлаушылар тізімдеріне енгізіледі».
Төраға орынбасары брифингте 2016 жылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша түрлі шет мемлекеттердегі консулдық есепке Қазақстан Республикасының 14 мыңнан астам азаматы қойылғанын да атап өтті. «51 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанында 65 сайлау учаскесі құрылды, 25 учаске Азия елдерінде, 4-еуі Оңтүстік және Солтүстік Америкада, 1-еуі Африкада, 20-сы Еуропада, 15-і ТМД-да. Ал шетелдік учаскелерде Қазақстан Республикасының азаматтары партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда ғана дауыс бере алады», – деді төраға орынбасары В.Фоос.
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттен тағы 37 байқаушыны аккредиттегені жайлы айтты. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаевтың мәлімдеуінше, 9 наурызда Орталық сайлау комиссиясы «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттің байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша сайлауды байқау жөніндегі екі миссиядан, бір халықаралық ұйымнан және бір шет мемлекеттен тағы 37 байқаушыны аккредиттеді.
«Олардың ішінде: ТМД-дан байқаушылар миссиясынан 19 байқаушы, ШЫҰ миссиясынан 8 байқаушы, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан 7 және Украинадан 3 байқаушы бар, – деді М.Сәрсембаев. – Осылайша, 2016 жылғы 9 наурыздағы жағдай бойынша Ортсайлауком үш халықаралық ұйымның миссияларынан (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ТМД және ШЫҰ), екі халықаралық ұйымнан (Ислам ынтымақтастығы ұйымы және Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы) және он шет мемлекеттен 345 байқаушыны тіркеді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2016 жылғы 3 наурыздағы жағдай бойынша 28 мемлекеттен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 116 өкілін аккредиттеді».
Ортсайлауком шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді 2016 жылғы 14 наурызға дейін жүзеге асырады. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12 және 37-баптарына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға 451 сайлау бюллетені дайындалатынын белгіледі.
Сондай-ақ, ОСК Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетенінің мәтінін бекітті. Бюллетеньдер Астана қаласының сайлау комиссиясына 2016 жылғы 19 наурыздан кешіктірмей жеткізілуі тиіс.
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі ұсынған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына тіркелген кандидаттардың сапалық құрамы жөнінде ақпараттандырды. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтің мәлім етуінше, кандидаттардың сапалық құрамы мынадай болып келеді: кандидаттардың 7-еуі ер адам немесе 77,8 пайыз, әйелдер – 2 немесе 22,2 пайыз. Барлық 9 кандидаттың да білімі жоғары. Кандидаттар арасында үш дипломды инженер, 1 дәрігер, 1 заңгер, 1 оқытушы, тағы үшеуі – басқа мамандық иелері. «Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына тіркелген кандидаттардың төртеуі ғылым, мәдениет және білім қызметкерлері болса, үшеуі V шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары. Бір қызметкер мемлекеттік емес меншік нысанындағы ұйымның қызметкері және біреуі орталық мемлекеттік органда жұмыс істейді», – деді ол осы жөнінде.
ОСК хатшысының атап өтуінше, Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың орташа жасы 57,5 жасты құрайды. Сонымен әлемнің әр елінен келген бақылаушылар біздегі демократиялық таңдауға баға беруге дайын. Сын сағаты соғар сәт алыс емес, халық өз таңдауын жасар күн де жақын қалды. Ең бастысы, Қазақстан азаматы ретінде өз құқығыңызды пайдаланып, ел болашағын анықтауға атсалысыңыз. Елдің ертеңі - сіздің де болашағыңыз екенін есте ұстаңыз.
Сейілбек Асан
"Қазақ үні" газеті