Рафаэль НИЯЗБЕК. АЛЫП ТАУДЫҢ ҮШ ШЫҢЫ
2010 ж. 14 желтоқсан
5265
1
Рафаэль НИЯЗБЕК, Шешен Респуликасының ең жоғары Мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік және Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтардың лауреаты
АЛЫП ТАУДЫҢ ҮШ ШЫҢЫ
"Үні бірге үш биден Әйтекені бөліп әкету ұлы билер ұлағаты мен елбасының ел бірлігі саясатына қарсы шығу! Кез-келген иманды қазақ намазында да бірге атап, дұға бағыштайтын, ел бірлігі үшін күрескен қасиетті үш биімізді қара бастың қажеттілігіне қарай жеке-жеке бөліп алып, әруақтарды алалау ұлы билер ұлағатын теріс тепкен имансыздық болмай ма?!"
«Жас қазақ үні» газеті
Айым туып тұрғанда қияқтанып, Өткен күннен сыр шертсем күй ақтарып. Үш биі елдің тірлікте қатар жүрген Алып таудың үш шыңы сияқтанып. Құрсағында жетілген арлы ананың, Абыздары болған соң сардаланың. Бұл үш биге ескерткіш орнатылған Ақ самала төрінен Шардараның. Бірақ елдің тұнығы қайдан тұнған, Сайқал көп те ұйлығып, сайтан туған. Әйтекені үш биден жеке бөліп, Ескерткішін тұрғызды қай антұрған! Бұған қалай жол берген ел ағасы, Кімнің қайғы жұтпады шерлі анасы. Ел болудан қалдық ба, жазған құдай, Татулықтың бұзылып шекарасы. Жұрттың бәрі толысқан кемел күнде, Бөлінеді бұл қазақ неге елімде? Үш биі елдің үш кеме секілді еді, Тұнық ойдың бір жүзген тереңінде. Қасиетін сіңірген жұмыр жердің, Үш би барда мықты еді бірлігі елдің. Әруақтарды алалап бөлетіндей, Не күн туды басына тірілердің. Ей, ағайын, естілмей айбынды үнің, Күннен-күнге тұр артып қайғы-мұңың. Бір тұғырда бұл үш би қатар тұрса, Сырқырайды мүйізі қай бұғының. Қалқан болып тұра алмай, шым қорғаны, Кие қашты далама жын толғалы. Тірісінде бөлініп жүрген қазақ Әруақтарды бөлсе егер кім – болғаны?!