АУДАНДЫҚ ГАЗЕТ МҰҚАНОВТЫҢ АТАСЫНАН ҚАЛҒАН МҰРА МА?
2010 ж. 14 желтоқсан
3370
3
Жұмыстан босатылған Жұмабек редакцияның есік-терезесін тас қып жауып, тайып тұрыпты...
Республикалық «Жас қазақ үні» газетінің биылғы 4 желтоқсандағы №47-48 санындағы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара аудандық «Шардара тынысы» газетінің бас редакторы Жұмабек Мұқановтың ауданның қоғамдық-саяси ауанына тигізіп жатқан зияны мен ол басқаратын «Әйтеке би» қорының елдің ақшасын Әйтеке би кесенесіне жұмсамағаны жөніндегі және Әйтеке биді үні бірге үш биден бөлектеп алып, жеке ескерткіш салып, ел бірлігіне нұқсан келтіріп жатқаны жайында бір топ мақала жарияланған болатын.
Газет мақалалары оңтүстік өңірін дүр сілкіндірді. Редакциямызға келіп жатқан хаттар, телефон қоңыраулары күннен-күнге көбеюде. Жаңа айғақтар да табылып жатыр... Бұл мақалаларды еліміздегі ең үздік интернет порталы Аbai.kz сайты, Шымкенттен шығатын «Айғақ», «Төртінші билік», «Шартарап - шарайна» т.б. газеттер көшіріп басып, үн қосты. Еліміздегі латын алфавитінде сайты бар алғашқы газет «Жас қазақ үнін» әлемдегі барлық қазақтар оқи алатындықтан, шетелдерден де хабарласып, Мұқановқа деген ашу-ызасын білдіріп жатқандар аз емес. Елді ашындырып жүрген жағдайдың бетін ашып, ақиқатты жариялаған газетті қолдаушылар да көп.
Шардарада «Әйтеке би» қорының президенті Жұмабек Мұқановтың елден жинаған ақшасын қайтару жөнінде қоғамдық комитет құрылатын түрі бар. Сонымен қатар, аудандық мәслихат аясында зиялы қауым мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінен, тиісті органдар мен қаржы полициясы қызметкерлерінен құрылған аталмыш қор мен аудандық газет редакциясының есеп-қисабын тексеру комиссиясын құру туралы ұсыныс жасап жатқандар да жетерлік.
Ал, «Жас қазақ үні» газетінің сынынан кейін, 6 желтоқсанда аудан әкімінің бұйрығымен орнынан алынған экс-редактор Жұмабек Мұқанов бұйрыққа қол қойған соң, ойы бұзылып, аудандық газетті атасынан қалған мұрадай көріп, редакцияның есік-терезесін тас қып жауып, кілтті қалтасына салып алып, тайып тұрыпты. Редакция қызметкерлерін өзінің ертең бұл орынға қайтып келетінін, сол кезде қазір жұмысқа шыққандар сазайларын тартатынын айтып, сес көрсетіп, азғырған. Қазір «Шардара тынысы» газетінің жұмысы қалпына келіп, өз уақытында шығып жатыр.
Аbai.kz пен «Жас қазақ үні» газеті сайтындағы пікір білдіріп жатқан елдің ашу-ызасында шек жоқ. Жұмабек секілділер жұмылған елдің бірлігіне қаламы мен қауқарын қарсы жұмсап, бір қазақты бөліп жатса, көрнекті ақын, қазақ қана емес, дін мұсылман шешен халқының ерлігіне дастан арнаған Шешенстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбек редакцияға хабарласып, газеттегі «Үні бірге үш биден Әйтекені бөліп әкету – ұлы билер ұлағаты мен Елбасының ел бірлігі саясатына қарсылық» атты мақаланың қатты әсер еткенін жыр жолдарымен жеткізіпті. Ол газетімізде жарияланып отыр.