«АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
2016 ж. 02 наурыз
4976
2
АҚ ЖОЛ – ЕҢБЕК ЕТЕР КЕЗ КЕЛДІ |
Қымбатты отандастар! Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан елеулі табыстарға жетіп, зор мүмкіндіктерге ие болды. Тұрақты нарықтық экономика орнықтырылды, ауқымды әлеуметтік бағдарламалар іске асырылуда. Тиімді мемлекеттік институттар құрылды, азаматтық қоғам дамып келеді. Жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттердің ішіне кіру бойынша Ұлт жоспары қабылданды және белсенді түрде алға жылжуда. Қазақстандықтардың жаңа буыны өсіп жетіліп, өскелең өмірге қадам басты. Егемен Қазақстан жаһандық дүниеде лайықты орнын алды. Жас мемлекеттігіміздің бастауында тұрып, оның қалыптасуы мен дамуының куәсі әрі тікелей қатысушысы болуымыз бізді мақтаныш сезіміне бөлейді. Сонымен бірге қазіргі кезеңде еліміздің алдында уақтылы және лайықты назар аударуды талап ететін жаңа тарихи қажеттіліктер тұр. Сондықтан Қазақстан атқарылған істермен мақтанып қана қоймай, экономиканы нығайтумен, нарықтық және бәсекелестік ұстанымдарды дамытумен үнемі жұмыс істеп, қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің барлық салаларында жаңа көзқарастар іздеуі қажет. Басқа сөзбен айтқанда, бізге жақсылыққа қарай үнемі жаңа мүмкіндіктерді кеңейту және ашу қажет. «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы прогресшіл дамудың қолдаушысы болды, ал оны осындай мүмкіндіктерді іздестіру және іске асыру арқылы қамтамасыз етуге болады. Біздің партияның негізгі құндылықтары – либерализм, демократия, жеке адамның құқықтары мен бостандығы, этностар мен діннің тең құқықтылығы – біздің бағдарларымыз болып қала береді. Бүгін біздің партия бүкіл қоғам үшін жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыру жөніндегі өзінің нақты іс-әрекеттерінің бағдарламасын ұсынады. *** Парламентке өтіп, біз келесі өзекті міндеттерді шешу үшін жұмыс істейтін боламыз. 1. БИЗНЕСТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІККЕ БҰҚАРАЛЫҚ СИПАТ БЕРУ «АҚ ЖОЛ» партиясы әрдайым жеке меншікті, ең алдымен, шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдауды табанды түрде жақтап келеді. Қазіргі таңда еліміздің алдында жаhандық экономикалық дағдарыстың сын-қатерлері тұр, оны еңсермей одан әрі даму ғана емес, жетістіктердің қазіргі деңгейін сақтау мүмкін емес. Осы қауіп-қатерлерді жаңа мүмкіндіктерге айналдыру үшін келесі шаралар кешенін жүзеге асыру қажет: · ЖЖК-те (жылдық жиынтық кірісте) шағын және орта бизнеске жатқызудың шегін: - шағын бизнес үшін – 35-тен 100 мың АЭК дейін; - орта бизнес үшін – 3-тен 6 млн. АЭК дейін арттыру. · салық әкімшілігін жүргізу мен есептілікті оңтайландыру, шотқа тыйым салудан бас тарту (шығыс операцияларын тоқтату); · жеке кәсіпкерлер үшін салықтық есептілік бойынша, егер аталған есептілік мемлекеттік бюджетке тікелей залал келтірмесе, айыппұлды жою; · салық есептілігі бойынша талап қою кезеңінің өтіп кету мерзімін және өткен кезең үшін салықтық тексеруді бес жылдан үш жылға дейін қысқарту; · кәсіпорын құрылған кезден бастап нақты секторда үш жыл бойы шағын және орта бизнес үшін салықтың барлық түрлері бойынша, ҚҚС қоса алғанда, салықтық демалыс енгізу; · лауазымды адамның қызмет бабын пайдаланып заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату; · ҚҚС-ның басым салалар үшін 0%-дан (ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу) 6%-ға дейін (жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау) төмендетілген ставкаларын енгізу; · квазимемлекеттік сектордың экономикаға араласуын азайту, экономиканың бәсекелестік секторларында мемлекет қатысатын кәсіпорындарды жекешелендіру; · мемлекеттік сатып алу жүйесін, тиісті рәсімдердің барынша ашықтығын қамтамасыз етуді және мемлекеттік органдардың назарын делдалдарға емес, белгілі бір тауарлар мен қызметтерді тікелей өндірушілерге аударуды қоса алғанда, жетілдіру; · республиканың ішкі нарығында, мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор нарығын қоса алғанда, отандық өндірушілердің басымдығын қамтамасыз ету және шетелдік компаниялар тарапынан жосықсыз бәсекелестікке жол бермеу; · ЕАЭО және ДСҰ шеңберінде қазақстандық өнімді қолдау саясатын қамтамасыз ету; · отандық өнімдердің экспортын және қазақстандық кәсіпкерлердің шет елдердегі қызметін ынталандыру және оларды қолдау тетіктерін ұлғайту; · жеке меншік бизнесті қолдау жөніндегі ұлттық даму институттарының (Қазақстанның даму банкі, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау және дамыту қоры, Қазақстандық инвестициялық қор, және т.б.) қызметіне парламенттік мониторинг жүргізу, олардың кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін қамтамасыз ету; · Бәсекелестікті күшейту және тұтынушылар үшін бағаны төмендету мақсатында табиғи монополияның бірқатар секторларын іс жүзінде демонополизациялауды жүргізу. Мемлекет өзі табыс тауып, бюджетке салық төлеп жүргендерді және басқаларға жұмыс бергендерді қолдауға міндетті! 2. НАРЫҚТЫҚ РЕФОРМАЛАР ЖӘНЕ ӨНІМДІ ЭКОНОМИКАНЫ ҚҰРУ. Дамыған экономикасы және өзінің күшіне сенетін халқы бар мықты мемлекет ғана шын тәуелсіз бола алады. Экономикамыз бәсекелестікке төтеп беруі және еліміздің азық-түліктік, өнеркәсіптік, технологиялық және тауарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алуы тиіс. Сондықтан, біздің алдымызда экономиканы тұтынушылық сипаттан жан-жақты өнімді бизнеске көшіру міндеті тұр. · Мемлекет – әлсіз менеджер. Бәсекелестік алаңында жұмыс істеп, бизнестің несібесін тартып алып жүрген барлық мемлекеттік компаниялар мен кәсіпорындарды жекешелендіріп, оларға мемлекеттік қаражатты жұмсауды тоқтатып, оны қайтарымдылық негізде жеке секторға беру қажет. · индустрияландыру бағдарламасы жобаларының іс жүзіне асырылуына, оларға салынған мемлекеттік қаражаттың тиімділігіне және іске қосылған кәсіпорындардың шын мәнінде жұмыс істеуіне қол жеткізу; Индустрияландыру және даму бағдарламасы (ИЖДБ) жобаларының қызметіне олар іске қосылғаннан кейін 3-5 жыл бойы қоғамдық мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету; · ИЖДБ жобаларын құрауда міндетті болып табылатын ғылымды көп қажет ететін, технологиялық, экологиялық және энергияны үнемдеу критерийлеріне сай инновацияларды енгізу. · Қазақстанның транзиттік әлеуетін, Батыс Еуропа – Батыс Қытай жобасының экономикалық басымдығын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету, оның іске асырылуы мен салаға қызмет көрсетуге байланыстының бәрін – жол құрылысынан бастап жанар-жағар май материалдарын өндіру мен жабдықтауға және халықаралық тасымалдаудың орындалуына дейін дамытуды қамтамасыз ету. · жеке меншік бизнестің сауда-делдалдық саладан экономиканың нақты саласына қарай бет бұруын ынталандыруға жағдай жасау; · Қазақстанда жоғары қосылған құнмен жаңа өндірістердің құрылуын және өңдеудің жоғары деңгейімен өнеркәсіптің жаңа салаларының пайда болуын қамтамасыз ету; · бәсекелестіктің маңызды өрісі ретінде техникалық реттеу, метрологияны стандарттау жүйелерін дамытуға ерекше көңіл бөлу; · бәсекелестік секторларында баға белгілеуде мемлекеттік бақылаудан бас тарту және т.б. Халықтың зейнетақылық қорларына ұқыпты қатынасты орнықтыру, БЖЗҚ қызметінің ашықтығын және оның тиімділігін қамтамасыз ету, ол үшін: · әкімшілік шығыстар бабын және БЖЗҚ қызметкерлерінің еңбек ақы қорын тек қана инвестициялық кіріс есебінен қалыптастырып, бұл мақсатқа зейнетақы жинақтарын пайдалануға тыйым салу; · уәкілетті мемлекеттің органдардың халықтың зейнетақылық жинақталған қорларының шынайы ахуалына жауапкершілігін күшейту; · БЖЗҚ қаражаттарының ұлттық экономикадағы инвестициялық рөлін арттырудың тетіктерін қарастыру. 3. БІЛІМДІ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЫҚТЫ ҰЛТ – ҚУАТТЫ ЖӘНЕ АУҚЫМДЫ ЕҢБЕК РЕСУРСТАРЫ Қазіргі заманғы әлемде білім мен ғылым елдің және әрбір азаматтың бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы болып табылады. Азаматтардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында біз мыналарға қол жеткізуге ұмтыламыз: · мемлекеттің білім беру және ғылым жүйесін дамытуға арналған шығыстарын дамыған шет елдер деңгейіне дейін ұлғайту; · білім беру стандарттарын кәсіби (салалық) стандарттар талаптарына жақындату, бизнес бірлестіктерін стандарттарды әзірлеуге, білім беру мекемелерін аккредиттеуге және емтихандар өткізуге тарту; · білім берудің қазіргі заманғы стандарттарына қол жеткізу мақсатында барлық деңгейдегі және кез келген меншік нысанындағы білім беру мекемелеріне мемлекет тарапынан толықққанды қаржылай, әдістемелік және техникалық көмек көрсету; · білім берудің барлық деңгейі үшін оқу бағдарламаларының, оқулықтардың және оқу құралдарының сапасын жақсарту; · Бірыңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) жүйесін, оны жүргізу және қорытындысын шығару процесінде қоғамдық бақылауды енгізе отырып, жетілдіру; · ҰБТ-дің орнына оқуға түсу емтихандарын мектеп бітіруші түлектің өзінің қалауы бойынша таңдау құқығын енгізу; · жалпы білім беретін мектептердің жоғары сыныптарында жастарға кәсіби-техникалық бағдар беру пәнін енгізу; · тегін кәсіптік-техикалық білім беруді енгізу немесе жалпы білім беретін мектептерде 9-шы сыныптан кейін оқушылар үшін мемлекеттік гранттардың санын көбейту; · мемлекеттік гранттар есебінен оқыған колледждер түлектерінің кемінде 90%-ын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету; · жеке кәсіби-техникалық оқу орындарын ынталандыру; · ғылыми зерттемелер мен инновацияларды коммерцияландыру жүйесін құру және жан-жақты қолдау; · педагогтар мен жетістікті ғылыми қызметкерлерді даярлаудың және біліктілігін арттырудың сапасын жақсарту, жалақысын көтеру. Экономикадағы еңбек өнімділігі азаматтардың сапалы медициналық көмек алу құқын қамтамасыз ету және денсаулық сақтау жүйесін жақсартумен тікелей байланысты. Біз бұл салада мыналар қажет деп есептейміз: · мемлекеттің халыққа медициналық қызмет көрсету жүйесін дамытуға арналған шығыстарын дамыған шет елдер деңгейіне дейін ұлғайту; · мемлекеттік және жеке меншік медициналық мекемелерде, қалалық және ауылдық медициналық мекемелерде медициналық көмек көрсету сапасын теңестіру; · мемлекет кепілдік берген, профилактиканы және жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуді қоса алғанда, қазіргі заманғы медициналық стандарттарды және тегін медициналық көмек көлемін ұлғайту; · жиынтық табысы орташадан төмен отбасылар үшін медициналық сақтандыру көлеміне мемлекеттік субсидиялау жүйесін енгізу; · медициналық қызмет көрсетудің қазіргі заманғы стандарттарына қол жеткізу мақсатында кез келген меншік нысанындағы медициналық мекемелерге мемлекеттің толық қаржылай және техникалық көмек көрсетуі; · медициналық мекемелер желісін, әсіресе ауылдық жерлерде, кеңейту; · медициналық мекемелердің және медициналық қызметкерлердің жосықсыз медициналық көмегі және пациенттерге ізгілікті емес қатынасы үшін жауапкершілігін күшейту; · жеке медицинаны дамыту және ынталандыру; · медициналық қызметкерлердің табысын денсаулық сақтау жүйесіне нарықтық тетіктерді енгізу есебінен кезең-кезеңмен көтеру; · дәрігерлерді және басқа медициналық қызметкерлерді даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың сапасын жақсарту; · сырқаттану және жарақат алу профилактикасы жүйесін дамыту. Елдің басты байлығы – мұнай да, металл да емес, ол біздің дарынды және еңбексүйгіш халқымыз! 4. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ ЖӘНЕ ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТУ Барынша көп жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейін төмендету мемлекеттің аса маңызды міндеті болып табылады. Осыған байланысты біз мынаны ұсынамыз: · қоғамдық жұмыстар практикасын кеңейту. · Жеке меншік кәсіпкерлік субъектілерінің жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі қызметін ынталандыруды қамтамасыз ету. · Жоғары және кәсіптік-техникалық білім беру стандарттарын қазіргі заманғы экономика талаптарына жақындату жөніндегі қажетті шараларды қолдану. · Шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны еңбек нарығындағы жағдайға сәйкес келтіру, тиісті мамандықтар бойынша және қажетті көлемде, қазақстандық мамандардың даярлануына қарай бұл квоталарды қысқарта отырып, мемлекеттік міндетті гранттарды енгізу. · «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған» деп аталатын тұрғындарды мемлекеттік қорғау, бұл азаматтардың ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктері шараларын айқындау. · Шет ел капиталы қатыстырылатын ұйымдар мен кәсіпорындарда қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбек ақысын теңестіруге қол жеткізу. Әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру мақсатында «АҚ ЖОЛ» партиясы мыналар қажет деп есептейді: · әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес шынайы ең төменгі күнкөріс деңгейі негізінде есептеу; · ең төменгі күнкөріс деңгейінің нақты шамасын ескере отырып, кедейлікті еңсеру жөнінде нақты шаралар әзірлеу; Сондай-ақ ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес: · атаулы әлеуметтік көмекті есептеген кезде, оны балаларына жәрдемақы алатындардың табысына есептемеу; · баланы күтіп-бағу жөніндегі ай сайынғы жәрдемақыны, ол үш жасқа толғанға дейін, ең төменгі жалақы мөлшерінде төлеу; · Мүмкіндігі шектеулі (мүгедектер) адамдардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету. · атаулы тұрғын үй көмегінің мөлшерін есептеу әдістемесін, шығындардың жалпы сомасындағы тұрғын үй-коммуналдық қызметке шығындардың және ең төменгі тұтыну құнының іс жүзінде қалыптасқан арақатынасын негізге алып, қайта қарау; · жасына қарай берілетін базалық жәрдемақыны ең төменгі күнкөріс деңгейі нақты шамасының 60%-ы мөлшерінде белгілеу; Жұмыспен қамту мәселелерін шешу ең алдымен қоғамда табыстарды әділ бөлуді білдіреді. Дағдарыс жағдайында кедейлер мен байлардың табыстарының айырмашылығы тек өсе береді. Бұған өнімді экономиканы дамыту арқылы қарсы тұруға болады және солай істеу керек, сонда әрбір қазақстандық экономиканың жетекші компаниялары мен салаларының жетістіктерінен өздерінің үлесін алар еді. Жалпыға ортақ еңбек қоғамында – кез келген адал еңбек құрметке лайық! 5. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ МАҢЫЗДЫ ДРАЙВЕРІ Табыс деңгейі әртүрлі адамдарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету біздің басты басымдықтарымыздың бірі болып табылады. Біз мынаған қол жеткізуге ұмтыламыз: · халықтың күнкөрісі төмен топтары және жас отбасылар үшін әлеуметтік тұрғын үй салуды қоса алғанда, нарықтық құнынан төмен бағамен сатылатын немесе жалға берілетін тұрғын үй құрылысын ұлғайту; · үлестік құрылысқа қатысушылардың, құрылыс салушылардың дәрменсіздігіне байланысты ықтимал тәуекелдерді сақтандыру енгізуді қоса алғанда, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиімді жүйесін жасау; · ипотекалық кредитпен тұрғын үй сатып алған азаматтардың құқықтары мен меншігін жосықсыз банктердің озбырлығынан қорғау; · лажсыз жағдайға тап болған отбасыларына аз шамадағы әлеуметтік жағдайлар жасауға кепілдік беретін «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдау; · тұрғын үй құрылысы нарығындағы бәсекелестікті көтеру, сапалық көрсеткіштердің және қауіпсіздіктің ең заманауи талаптары мен стандарттарын енгізу. Әрбір қазақстандықтың баспанасы болуға тиіс! 6. АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕН – ЕЛДІҢ СЕНІМДІ ТІРЕГІ Өне бойы болып жататын дағдарыстар көрсетіп отырғандай, мұнай және металдардың бағалары тәуекелдіктерге және көтеріңкі құбылмалылықтарға ұшырауға бейім тұрады. Бұл өнімнен өзгешелігі, кез келген дағдарыстарда адамдар қалай болғанда да әрдайым ауқаттануы және киінуі тиіс. Сондықтанда ауыл шаруашылығында өндірістік жүйені және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалмайынша Қазақстанның табысты дамуы мүмкін емес. Біз мынаны қажет деп есептейміз: · Ауыл шаруашылығын кең ауқымды жаңғырту және қайта құруды жүргізу, нақты нарықтық тетіктерді енгізу, қазақстандық АӨК-ді бәсекеге қабілетті және жоғары рентабельді етіп жасау; · ауылдық жерлердің әлеуметтік инфрақұрылымдарын қалпына келтіруді және дамытуды қамтамасыз ету; · ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын ашу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың әлеуетін пайдалану және жеке меншік бизнесті ынталандыру; · мамандардың, әсіресе жастардың ауылдық елді мекендерде жұмыс істеу үшін келуін тұрғын үй сатып алатын көтермелеу жәрдемақысын және жалақысына үстеме беру арқылы ынталандыру; · экологиялық жағдайы қолайсыз немесе көші-қонның теріс сальдосы бар өңірлерді дамытудың арнайы бағдарламаларын қабылдау және іске асыру. · ауыл шаруашылығына арналған жерлерді ауыл шаруашылығын жүргізу ісімен айналысатын ауыл тұрғындарына басымдық беріп, тек қана Қазақстан азаматтарына беруді қамтамасыз ету; · пайдаланылмай жатқан жерлердің проблемаларын заңнамалық тұрғыдан шешу, олардың тиімсіз пайдаланылуының критерийлерін анықтау, оларды алып қою және ауыл шаруашылығы айналымына қайтару бойынша шаралар қабылдау; · ауылдық елді мекендердің тұрғындарына ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге, оның ішінде жер, мал, қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар, тұқым, тыңайтқыштар және т.б. сатып алу үшін арнайы несиелер беру; · жергілікті шаруашылықтарға оңтайлы жағдайда қызмет көрсететін машина-трактор станциялары желісін қалыптастыруды қамтамасыз ету; · ірі қалаларға және өзге де тұтыну нарықтарына ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу, сақтау және тасымалдау ұлттық логистикалық жүйесін құру; · ауылдық жерлерде тұтыну кооперациясы жүйесін дамытуға жәрдемдесу. Ұлттық экономиканың аграрлық секторын қарышты дамыту мақсатында біз ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражаттың пайдаланылу тиімділігі мәселелері жөнінде «ҚазАгро» ходингінің қызметіне парламенттік мониторинг енгізуге; оның ауыл шаруашылығындағы оңды өзгерістерге және агроөнеркәсіптік кешенде жаңа секторлардың пайда болуына нақты үлесіне бақылау жүргізуге қол жеткіземіз. Ауыл және агроөнеркәсіптік кешен – біздің сенімді адами және экономикалық ресурсымыз! 7. БИЛІКТІҢ ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ АШЫҚТЫҒЫ ЖӘНЕ ЕСЕП БЕРУШІЛІГІ Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы, бүгінгі таңда мемлекет алдында бірқатар маңызды және кейінге қалдыруға болмайтын міндеттер тұр, оларды жалпы қоғамның және әрбір қазақстандықтың мүддесі үшін шешу қажет деп есептейді. Бұл орайда жүрер жолымызды таңдау бір бағытта тұйықталып қалмай, оның балама нұсқалары болғаны өте маңызды. Таңдаудың жоқтығы – стагнацияға жол. Баламаларды салыстырып, таразылау ғана шын мәнінде ең жақсы таңдау жасауға мүмкіндік береді. Тек идеялар жарысы ғана жеке адамның дауысын естуге және оның пікірін бағалауға мүмкіндік береді. Біз үшін тек көпшіліктің позициясы ғана емес, әрбір адамның жеке пікірі де маңызды. Бұл тұрақты дамуды және проблемаға сыни көзқарасты қамтамасыз етеді, даңғойлықтың және жайбарақаттықтың алдын алады, тек ағымдағы мәселелерді ғана шешуге емес, неғұрлым асқақ және өзекті мақсаттар қоюға көмектеседі. Қазақстан қоғамының саяси мәдениеті өркениетті пікірсайысты қалыптастыру үшін пісіп жетілді. Біздің мақсатымыз баламалы шешімдер шығару болып табылады, бірақ қоғамды жікке бөлу емес, барлық дұрыс ойлайтын адамдарды біріктіру үшін; мемлекеттің іргесін шайқалту емес, демократиялық конституциялық құрылысты нығайту үшін. Біз Президентке өз дауысын естірткісі келетіндердің атынан және қызметі жөнінен емес, көзқарасы жөнінен патриот әрі мемлекетшіл адамдардың атынан жәрдемдесетін боламыз. «АҚ ЖОЛ» партиясы парламентаризмнің демократиялық институттары арқылы әрбір қазақстандықтың және әрбір қазақстандық отбасының өмір сүру сапасын тұрақты және қарқынды арттыруға қол жеткізу үшін осы сайлауға түсіп отыр. Қазіргі заманғы мемлекеттің ойдағыдай дамуының негізгі шарты азаматтардың мемлекетті басқаруға демократиялық қатысуы болып табылады: Біз мынаған ұмтыламыз: · биліктің өкілдік тармақтары – Парламенттің және мәслихаттардың барлық деңгейдегі атқарушы билік органдарымен өзара қарым-қатынастарын одан әрі дамыту; · облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттар депутаттарын сайлауды саяси партиялардың тізімдері бойынша өткізуге көшу; · жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту жөнінде қажетті шаралар қабылдау, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін қажетті ұйымдық және экономикалық ресурстар беру; · кез келген дәрежедегі мемлекеттік қызметшілердің өзінің отандастарына сайлаушылар және салық төлеушілер ретінде құрметпен қарауы. Біз күшті мемлекет болу жағындамыз, бірақ атқарушы биліктің ұлан-ғайыр өкілеттігі және олардың иелігіне сеніп тапсырылған мемлекеттік қаражаттар ашықтықты және тиімді пайдалануды керек етеді. Министрлер мен әкімдер, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары өздеріне жүктелген міндеттерін орындауы, істеген жұмысының нәтижелері және ең алдымен – мемлекетті каржының соңғы теңгесіне дейін қайда жұмсалғаны туралы өте ыңғайсыз сұрақтарға жауап беруге қабілетті болуы тиіс. Дәл осы себепті «АҚ ЖОЛ» партиясының депутаттары Парламентте және жергілікті жерлерде өз ісіне селқос қарайтын шенеуніктермен үнемі дауласты және олардан өздеріне жүктелген міндеттерін адал атқаруларын табандылықпен талап етті. Біз бұл жұмысты келешекте де бұрынғыдан кем емес қайсарлықпен жалғастыру ниетіндеміз. Мемлекеттік органдар қарапайым адамдарға қызмет етуге тиіс! 8. ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ-МӘДЕНИ САЛАСЫН ДАМЫТУ Қоғам алдында тұрған аса күрделі міндеттерді шешудің кепілі біздің рухани дүниеміз, тарихи дәстүріміз және мәдени мұрамыз болып табылады. «АҚ ЖОЛ» партиясы мыналарды қажет деп есептейді: · ұлттық мәдени мұраны сақтау мен көбейтуді, мәдениет пен өнерді дамытудың нысаналы бағдарламаларын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету; · рухани саланы «қалдықты» қаржыландыру принципін еңсеру, мәдениетті, өнерді, халық шығармашылығын дамытуға бюджеттік шығыстарды ұлғайту; · мәдени-бұхаралық іс-шаралар репертуарларында қазақстандық авторлардың шығармалары қамтылуын ұлғайту; · мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуы мен іс жүзіндегі нәтижелілігіне кепілдік беру; · 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 90%-ының мемлекеттік тілді шынайы меңгеруіне қол жеткізу; · жас ұрпақты тәрбиелеу ісін Қазақстанның ұлттық тарихына, қазақ тіліне және қазақ мәдениетіне, сол сияқты басқа этностардың тарихына, мәдениеті мен тіліне құрметпен қарау рухында жүргізу; · географиялық объектілердің, жаңа көшелер мен мекемелердің атауларында тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі жұмысты жалғастыру; · отандастарымызды тарихи отанына қайтару жөніндегі көші-қон саясатын күшейту, бұл орайда экономиканың қажетсінуіне, өндіргіш күштердің орналастырылу сипатына және Индустрияландыру бағдарламасына сәйкес қоныстандыруға ынталандырудың теңдестірілген көзқарасын қамтамасыз ету; · Қазақстан Республикасының азаматтығын қазақ тілін, ҚР Конституциясын және Қазақстан тарихын білуі жөнінен емтихан тапсырғаннан кейін беруді заңнамалық тұрғыдан бекіту. · Қазақстан халқының дәстүрлі діндерін қолдау, қоғамның рухани саласын жат секталардың және ағымдардың ықпалынан қорғау. 9. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖӘНЕ СОТ-ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМА Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімсіздігі, сот және құқық қорғау органдарына сенімсіздік қоғамды толғандыратын және билікке реніш туғызатын негізгі проблемалардың бірі болып қалып отыр. Бұл проблеманы шешу үшін біз мыналарға қол жеткізетін боламыз: · кез келген қазақстандықты билік иелері және оларға жақын жүргендер тарапынан жасалатын ауыр алым-салымдардан және бопсалаушылықтан, жеке бизнеске және өзге де меншікке қол сұғушылықтан қорғау; · мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының өздеріне бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілігі туралы, БАҚ-ында жағымсыз жарияланымдар пайда болғанда т.б. жағдайларда әрбір мемлекеттік қызметшінің өз абыройы мен қадір-қасиетін сот тәртібімен қорғау міндеттілігі туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың талаптарының мүлтіксіз орындалуы; · азаматтардың барлық даулары мен келіспеушіліктерін билік органдары өкілдерінің әділ, жария және ашық қарауын қамтамасыз ету; · қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністерін қабылдамау және оған төзімсіздік ахуалын қалыптастыру жөнінде шаралар қабылдау; · декларациялаудың ашықтығы мен бюрократтық емес сипатын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың кірістерін де, шығыстарын да жалпыға бірдей декларациялауды енгізу; · сыбайлас жемқорлықпен әшкереленгендердің жүріп-тұру, шет елге шығу, белгілі бір кезеңде меншікті және кәсіпорындарды иелену және басқару құқығын заңнамалық тұрғыда шектеу; · соттың шынайы тәуелсіздігі, судьялардың жұмыстан тыс уақыты мен зейнеткерлікке шыққан кезін қоса алғанда, жоғары дәрежеде әлеуметтік қорғалуы мен жеке қауіпсіздігі; · барлық ашық сот отырыстарының Интернет бойынша on-line режимінде тұрақты трансляциясын орнату; · қылмыстық заңнаманы барынша ізгілендіру: азаматтардың өмірі мен денсаулығына қасақана қатер төндірумен байланысты емес қылмыстар бойынша материалдық нұқсанның орнын толтыруға ерекше назар аудару орынды әрі ізгілікті; · дауларды соттардың ауыртпалығын жеңілдетуге мүмкіндік беретін медиация және төрелік арқылы қараудың соттан тыс рәсімін дамытуға барлық жағдайды жасау. Соттан тыс қаралатын мәселелер көлемінің аз болуына байланысты қаралған және ойдағыдай шешілген даулар бойынша медиаторлар мен төрешілер қызметін мемлекеттік субсидиялауды енгізу. «АҚ ЖОЛ» партиясы заңсыздықпен, жүгенсіздікпен және шектен шығушылықпен әрдайым күресті және солай болып қала береді. Біз әрбір қазақстандықтың жеке қадір-қасиетін, құқықтары мен заңды мүдделерін барлық мемлекеттік органдар және кез келген деңгейдегі олардың басшылары тарапынан құрметтеуді талап етеміз. Осы мақсаттардың бәрін Президент Н.Ә.Назарбаев жариялап, мемлекеттік органдардың оны орындауына қол жеткізіп келе жатқанын біз білеміз. «АҚ ЖОЛ» партиясы өзін-өзі даярлаған, өз елін сүйетін және өз Президентін бағалайтын, бірақ сыбайлас жемқорлықпен, міндетіне салқын қарайтын селқос шенеуніктердің әділетсіздігімен келіскісі келмейтін адамдар тарапынан Мемлекет басшысына жан-жақты қолдау көрсететін болады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрестің негізгі бағытының бірі шенеуніктер мен алаяқтардың біздің халқымыздан ұрлаған көп миллиардтаған қаржысын шет елдік банктерден Қазақстанға қайтару болып табылады. Ағынға айналған сыбайлас жемқорлық мемлекеттің мүмкіндіктерін төмендетеді, адал бизнестің абыройын түсіріп, жұтатады. Қазақстаннан сыртқа шығарылған қаржы сарапшылармен миллиардтаған доллар болып бағаланып отыр. Ал сол кезде басқалар жұмыс таба алмай жүреді, өйткені бұл миллиардтар Қазақстанда инвестицияланбайды. «Ақ жол» партиясы шетелдік банктердегі қазақстандықтардың есеп шоттары туралы ақпараттарды ашуды, оларды салықтық декларациялармен салыстырып тексеруді, иелері шығу тегін түсіндіре алмаған немесе түсіндіргісі келмеген ақшаларды табу және қайтаруды талап етеді. Бұл талап заң шеңберінде әрекет ететін адал кәсіпкерлер мен кәсіпорындар капиталының еркін ауыстырылуына қатысты емес. 10. ӘР ШАҢЫРАҚҚА - ҚАУІПСІЗДІК Тәуелсіздік және ұлттық мүдделер – біздің әрқайсымыз үшін басты құндылық. Біздің бабаларымыз: «Мемлекеттілігі жоқ халық – жетім халық» деген. Тәуелсіздігімізді сақтау үшін біз тайынатындай құрбандық жоқ, бұл жолда ештеңеден аянбауымыз керек. Сондықтан да Қазақстан Тәуелсіздігін баянды ету және оның ұлттық мүдделерін қорғау әрбір қазақстандық үшін аса маңызды құндылық болып табылады. Тәуелсіздік – жәй ғана қызыл сөз емес. Тәуелсіздік - біздің халқымыз, бізге бабаларымыздан қалған жеріміз және оның байлығы, ол мемлекеттік тіл, біздің көпұлтты халқымыздың бірлігі, ол біздің Ата заңымыз – Конституциямыз және біздің мемлекеттік құрылысымыз. Жаһандану, елдер мен өңірлер арасында өзара тәуелділіктің тереңдеуі, қауіпсіздіктің, соның ішінде халықаралық терроризм қауіп-қатерлері де бар, жаңа сыни қатерлерінің пайда болуы мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігін, ұлттық мүдделерді ескеретін сыртқы саясатты іске асыруды қамтамасыз ету бойынша талаптарды күшейту қажеттігін туғызып отыр. Осы міндеттерді орындау үшін біз мыналарға қол жеткізетін боламыз: · барлық азаматтарды экстремизм мен терроризмнен қорғау жөнінде шаралар қабылдау, мемлекеттің қоғамды үрейлендіретін әрекеттерге ойдағыдай қарсы тұра алатын және елдің кез келген нүктесінде терроризмді басатын қабілетіне қазақстандықтардың сенімді болуын қамтамасыз ету; · құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеру, олардың жоғары абыройы мен материалдық жағдайын қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасын олардың кәсібіне қатысты болмай қоймайтын тәуекелдіктерден әлеуметтік қорғау; · экстремистік сипаттағы құқық бұзушылығы, деструктивтік насихат жүргізгені және мұндай әрекетке жастарды тартқаны үшін жауапкершілікті күшейту; · терроризм қауіп-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралармен қатар жеке адамның азаматтық құқықтары мен бостандығын сақтауға кепілдік; · қазақ халқының және қазақстандықтардың дәстүрлі нанымына тән емес экстремистік діни ағымдардың қызметін заңнамалық тұрғыда шектеу және іс жүзінде олардың жолын кесу; · экстремизмнің әлеуметтік алғышарттарын тұрмыс деңгейін арттыру, жұмыссыздық, тұрғын үйлердің қол жетімділігі, адал емес шенеуніктердің сыбайлас жемқорлығы және жүгенсіздігі, ауыл жастарының өмірлік перспективасының жоқтығы проблемаларын шешу арқылы жою жөнінде батыл шаралар қолдану; · жеткілікті қамтамасыз етілмеген отбасыларды әлеуметтік қолдауды айтарлықтай күшейту жолымен, әлеуметтік мемлекет және әлеуметтік әділеттілік принципін іске асыру арқылы өте байлар мен өте кедейлер арасындағы табыс деңгейінің алшақтығын азайту жөнінде шұғыл шаралар қолдану. Біз қарқынды ішкі дамуды біздің ұлттық мүддемізді қорғауға және экономиканың өсуіне септігін тигізетін достық ниеттегі және ашық сыртқы саясатпен ұштастыру қажет екендігіне сенімдіміз. Сонымен қатар, республиканың аумақтық тұтастығына және мемлекеттік құрылысына сұғанақтық істеу ниетіндегі кез келген сыртқы күштерге тойтарыс беруге қабілетті, мықты да сенімді Қарулы күштер тәуелсіздіктің кепілі болып қызмет етуі тиіс. Қазақстандық әрбір үйге, әрбір қазақстандық отбасына татулық, тыныштық және қауіпсіздік! *** Қымбатты қазақстандықтар! «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясының өткен жолы қарапайым болған жоқ. Біз саяси кемелдендік және еліміз бен халқымыз үшін өз миссиямызды одан әрі алып жүруге дайынбыз. Біз қиын тағдырды бастан өткізген партиямыз. Біздің ол туралы тура айтуға батылымыз жетеді. Біз биікке шарықтауды да, құлдырауды да, жеңісті де жеңілісті де, одақтасуды да, жікке бөлінуді де бастан өткіздік. Бірақ біз солардың бәріне төтеп бердік! Біз шынықтық, қуатты әрі икемді, қырағы әрі тәжірибелі бола түстік. Біздің басты асуымыз және басты жеңістеріміз әлі алда. Біз қазіргі әлеуметтік, саяси және экономикалық проблемалардың сындарлы шешілуіне нақты іс-әрекетімізбен жәрдемдесуге дайынбыз. Біз сайлауға түсеміз, өйткені біздің еліміз бен халқымыздың алдында жарқын болашақ бар екеніне сенеміз. Біз қарапайым қазақстандықтарға адал қызмет ету үшін сайлауға түсеміз. Біз қазақ халқының дәстүрі мен демократиялық құндылықтарды тоғыстыру үшін сайлауға түсеміз. Біз сайлауға түсеміз, өйткені отандастарымызды шын жүректен сүйеміз және әрбір үйге, әрбір қазақстандық отбасына татулық пен ізгілік тілейміз. Жақсартулар үшін жұмыс жасамайынша, өмірді жақсарту мүмкін емес. Біз мұндай жұмысқа кірісетін кез келді деп санаймыз. Және біз барлық қазақстандықтарды бұл таңдауды бізбен бірге жасауға шақырамыз. АҚ ЖОЛ, ҚАЗАҚСТАН! |