МӘЖІЛІС пен МӘСЛИХАТ: БАҚЫЛАУШЫЛАР ДАЙЫН. ӨЗІМІЗ ДАЯРМЫЗ БА?

49db1d44dd61fd3883d4c4ecb68b1f40

Орталық сайлау комиссиясының өкілі Татьяна Охлопкова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізіп, 2016 жылғы 20-наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау кезінде халықаралық ұйымдардан байқаушылар қызметін ұйымдастырудың негізгі қағидаттары жөнінде баяндап берді.

«Сайлауды байқау сай­лауға деген ұлттық және ха­лықаралық сенімді нығайтуға ықпал ететінін ескере келе, Қазақстан өз міндеттерін орындай отырып, 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауға байқаушылар институтын ашты, – деді ОСК өкілі осы туралы. – «Сайлау туралы» Заңға сәйкес халықаралық байқаушылар Сыртқы істер министрінің немесе ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының ресми шақыруы бойынша, сондай-ақ, Орталық Сайлау комиссиясы берген халықаралық байқаушының аккредитациялануы жөнінде куәлік болған кезде, ал шетелдік БАҚ өкілдері ҚР Сыртқы істер министрлігінің аккредитациялау туралы куәлігі болған кезде байқауды жүзеге асыра алады».

Т.Охлопкованың тоқталып өткеніндей, халықаралық байқаушылардың қыз­метін материалдық-техни­калық қамтамасыз ету оларды жіберген шет мемлекеттің немесе халық­аралық ұйымдардың қаражаты есебінен немесе байқаушының жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Аталған ереже халықаралық құжаттарда көрсетілген. «Қазақстанда 2016 жылғы 20-наурызға белгіленген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды байқауды үш халықаралық ұйымның миссиясы жүзеге асырады, – деді ол. – Атап айтқанда, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) – 1999 жылғы президенттік сайлаудан бастап, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы – 2004 жылғы Мәжіліс депутаттарын сайлаудан бастап және Шанхай ынтымақтастық ұйымы – 2007 жылғы Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлаудан бастап жүзеге асырып келеді». Бұдан кейін ОСК өкілі осы үш миссияның әрқайсысына тоқталып өтті. Оның атап өтуінше, сайлауды байқау жөніндегі миссия – ДИАҚБ қызметінің неғұрлым ауқымды нысаны. Оның құрамына сарапшылардың негізгі тобы, ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді байқаушылар кіреді. Миссияның құрамында, сондай-ақ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының, Еуропалық Парламенттің және басқа да парламенттік ұйымдардың делегациялары болуы мүм­кін. «ДИАҚБ-ның кез келген деңгейдегі сайлауды бай­қауға мандаты бар, – деп жалғастырды сөзін Т.Охлопкова. – ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Борис Фрлец Ортсайлауком төрағасы Қ.Тұрғанқұловпен 2016 жылғы 17-ақпанда болған кездесуде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы жергілікті сайлауды байқауды жүзеге асырмайтынын мәлімдеді. ЕҚЫҰ байқаушыларының қызметі сайлауды байқау жөніндегі нұсқаумен реттеледі». Орталық сайлау комиссиясы өкілінің хабардар еткеніндей, ТМД байқаушылары үшін негіз қалаушы құжат 2004 жылғы 26-наурызда Сыртқы істер министрлері кеңе­сінің шешімімен бекітілген президенттік және парла­менттік сайлаудағы ТМД-дан байқаушылар миссиясы туралы ереже болып табылады. ТМД миссиясының құрамына ТМД Парламентаралық Ассамблеясының, Беларусь және Ресей одағы жиналы­сының, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парла­мент­тік Ассамблеясының делегациялары кіре алады. «Ал ШЫҰ байқаушылары өз жұмысында Сыртқы істер министрлерінің 2006 жылғы 15-мамырдағы шешімімен бекітілген президенттік және парламенттік сайлаудағы, сондай-ақ, референдумдардағы Шанхай ынтымақтастық ұйымынан байқаушылар миссиясы туралы ережені басшылыққа алады, – деді Т.Охлопкова. – ТМД-дан және ШЫҰ-дан байқаушылар миссиясының жергілікті сайлауды байқауға мандаты жоқ, олар президенттік, парламенттік сайлауды және референдумдарды ғана байқауды жүзеге асыруға құқылы». Атай кетейік, 2005 жылы БҰҰ қабылдаған Халықаралық байқаушы тәртібінің кодексі байқаушылардан қорытын­дылар шығару кезінде байқау дәлдігі мен кәсібилікті қамта­масыз етуді талап етеді. Ұқсас талаптар ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның сайлауды байқау туралы нұсқау­ларында, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы байқаушыларының миссиялары туралы ережелер де бар. Миссиялар сайлауды әзірлеу мен өткізу барысында Орталық Сайлау комиссиясына аралық есептерін жібере алады. Сайлау науқаны аяқталған соң ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы баспасөз мәслихатында алдын ала тұжырымдар мен қорытындылар туралы мәлімдемесін жария етеді, ал сайлау үдерісі аяқталғаннан кейін шамамен екі айдан соң ол қорытынды есебін жариялайды. ТМД-дан және ШЫҰ-дан байқаушылар миссиясы әдетте баспасөз мәслихатында сайлауды бағалау жөнінде қорытынды мәлімдемесін жария етеді. ОСК өкілі Т.Охлопкова сөзі­нің соңында байқаушы­ларды аккредитациялау жайынан да хабардар етті. «Бүгінде Ортсайлауком Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясынан 40 байқаушыны және ТМД байқаушылар миссиясынан 12 байқаушыны аккредитациялады, – деді ол. – ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының құрамында 400-ден астам, ТМД-дан байқаушылар миссиясының құрамында 300-ден астам, ШЫҰ миссиясының құрамында 10-нан астам байқаушы келеді деп күтілуде. Ал Сыртқы істер министрлігі қазіргі кезде шетелдік БАҚ-тың 99 өкілін аккредитациялады. Халықаралық байқау сайлау үдерісі туралы екіжақты ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді. Берік халықаралық қатынастар мен ынтымақтастықты орнатуға жәрдемдеседі».

Айтпақшы...

Бір мандатқа – үш үміткерден

Жергілікті мәслихат депутаттығының 1 орнына 3 үміткерден келмекші. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының өкілі Марат Сәрсембаев мәлім етті. «Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды. Округтік сайлау комиссиялары барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына жалпы республика бойына 10825 кандидатты тіркеді. Осылайша, орташа бәсекелестік межесіне қарағанда, 1 депутаттық мандатқа 3 үміткерден келеді екен», – деді М.Сәрсембаев. Оның айтуынша, кандидаттардың 1592-сі – облыстық мәслихаттарға, 121-і – Астана қаласының мәслихатына, 130-ы – Алматы қаласының мәслихатына тіркелді. Аудандық мәслихаттар депутаттарының мандаттарына 6862 кандидат, ал қалалық мәслихаттарға – 2120 кандидат үміткер. «Тіркелген кандидаттардың 3407-і саяси партиялардан, 17-і – қоғамдық бірлестіктерден, ал 7401-і – өзін-өзі ұсынғандар. 2012 жылғы сайлаумен салыстырғанда, тіркелген кандидаттар саны 2016 жылы 1660 адамға көбейді. 2012 жылы 9165, ал 2016 жылы 10825 адамға жетті», – деді ОСК қызметшісі.

Сейілбек АСАН "Қазақ үні" газеті