ҚЫРҒИҚАБАҚ СОҒЫСТАР: ҚАНДАЙ ҚАТЕРГЕ БАС ТІГЕМІЗ?
2016 ж. 22 ақпан
4468
18
Лаңкестердің үздіксіз сойқаны, Батыс пен Ресей арасындағы тартыс, мигранттар ағыны, қытай экономикасының әлсіреуі және Еуропа одағынан Ұлыбританияның шығуы...
Міне, әлемнің білікті сарапшылары биыл күтілетін негізгі оқиғалар қатары ретінде осындай болжамдарын айтады.
Босқындардың Еуропаға ағылуы, Ресейдің «Ислам мемлекетімен» шайқасы, 130 адамның өмірін қиған Париждегі «Charlie Hebdo» редакциясына жасалған және басқа да лаңкестік шабуылдар – мұның бәрі сарапшылар мен саясаткерлердің 2015 жылға жасаған болжамына кірмеген тосын оқиғалар еді. 2016 жылда ИМ ұйымының географиялық аумағы мен күш-қуаты арта түсуі мүмкін. «Ислам дінін желеу еткендер іс-әрекеттерін Сауд Арабиясы, Египет, Йемен және Ливия сынды елдерде жалғастырмақ. Ұйымның қызу тірлігі араб әлемі шекарасынан да асып түсуі мүмкін: тропикалық Африкадан Оңтүстік-Батыс Азияға дейін», – деген болжамымен «Stratfor» сараптамалық агенттігінің негізін қалаушы және «Geopolitical Futures» орталығының директоры Джордж Фридман бөлісті.
Десе де, Фридманның пайымынша, Сирия мен Ирактағы жерін сақтап қалу ИШИМ-нің басты мақсаты болып қала бермек. Сарапшы болжағандай, содырлар Дамасктің немесе «ұстамды» көтерілісшілердің бақылауындағы аумақтың бір бөлігін де басып алулары ғажап емес. «ИШИМ-нің мүмкіндігіне тиісті мән бермеген Вашингтонның 2016 жылы жағдайды түзете алатыны екіталай», – дейді саясаткер.
«Ислам мемлекетінің» проблемасын тез шешу мүмкін емес деген пікірді «CENRG» аналитикалық орталығының директоры Ариэль Коэн да қолдап отыр. «2016 жылы Башар Асадтың кетуі туралы мәселе де, ИШИМ проблемасы да тиісті шешімін таппайтын сыңайлы. Сириялық қақтығыс та осы күйде қалуы ықтимал», – деді ол. «Ауқымды коалиция» құру мәселесі бір жағынан, Иран мен Ресей арасындағы, екінші жағынан Парсы шығанағы елдері мен Батыс арасындағы келіспеушіліктер салдарынан күрделі кедергілерге тап болады.
Ресей, Батыс және Сирияның аймақтық ойыншылары ұстанған бағытты одан әрі үйлестіру 2016 жылдың басты мәселесіне айналады. «Егер Ресей мен Батыс ИШИМ-мен күресудің ортақ майданын құру туралы келісе алмаса, Батысқа қарағанда біздің жағдайымыз тіпті күрделене түседі», – дейді Ұлыбританиядағы Ресейдің бұрынғы елшісі және ТМД істері жөніндегі экс-министр Анатолий Адамишин. ИШИМ-ге деген адалдығын Солтүстік Кавказдағы жасырын лаңкестік ұйымдар дәлелдеп берді. Ресейдің ресми өкілдері болса Ресей мен Орталық Азияда «исламистердің» шырмауына іліккендер саны мың-мыңдап артып жатқанын жасырмай отыр. «Soufan Group» компаниясының халықаралық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2015 жылдың аяғына қарай 2014 жылдың жазымен салыстырғанда ИШИМ үшін соғысып жүргендердің саны үш есе артып, 2,4 мыңға жеткен. Ыстық нүктелерден Ресейге қайтып оралғандардың 900-і қылмыс әлемінде көзге ілігіп үлгеріпті, деп хабарлайды РФ ІІМ.
2014 жылдың маусымынан бері Brent мұнайының баррелі үш есеге құлдырап, 2004 жылдың жазындағы деңгейде ауытқып тұр – барреліне $35-40. Ресей рублі де осы уақыт аралығында екі есеге арзандады. Сондай-ақ Қазақстан мен Әзірбайжан ұлттық валюталарының бағамын қайта белгілеуге мәжбүр болды, ал Сауд Арабиясы екі күрделі таңдаудың алдында тұр: 30 жыл бойғы доллар бағамына тәуелділіктен бас тарту немесе мұнай бағасы өседі деген үмітпен қордағы қаржысын «мұжи беру».
Экономикасы мұнай бағасына байланған барлық елдерді 2016 жылы аса күрделі сынақ күтіп тұр деп ескертеді «Royal Bank of Scotland» сарапшылары. Банк болжамынша, қуат көзіне деген сұраныстың төмендеуі мен Ираннан алынып тасталған санкцияларға байланысты қысқа мерзімде мұнай бағасы алдымен барреліне $26, соңынан $16 дейін құлдырап кетуі мүмкін. «2016 жылдың алғашқы тоқсанында-ақ мұнай бағасы күрт төмендеп кетеді деген қауіп бар», – делінген RBS-тің желтоқсан айындағы баяндамасында. ХЭА пайымынша, мұнайға деген сұраныс күрт төмендейді, ал шикізат қоймалары онсыз да қара алтынға лық толы деп түсіндірді мұны банк сарапшылары.
Алайда, «Bloomberg» агенттігі «2016 жылғы пессимист анықтамалығында» бұған мүлде қарама-қайшы болжам жасап отыр: ИШИМ тарапынан болуы мүмкін диверсия, Таяу Шығыстағы шиеленіс, Нигерияда өршіген қантөгіс, Венесуэладағы саяси дағдарыс мұнай бағасын барреліне 100 долларға дейін қайта қарыштатады. Бірақ желтоқсан айының соңында жарияланған ОПЕК баяндамасында барреліне 70 доллар бағаға кем дегенде бес жылдан кейін ғана қайтып келетініміз айтылған.
Ал Ариэль Коэн: «Мұнай бағасы $100 және одан жоғары тұрған дәуір өтті, 2016 жылда ешқандай баға шарықтау болмайды», – деген сенімде. Оның болжауынша, мұнай бағасы 2020 жылға дейін барреліне 50 доллар төңірегінде болады.
«Кейбіреулер Путин Украинадағы стратегиясы арқылы күш-қуатын асқан шеберлікпен көрсете алды деген болатын. Дәл қазір Ресей оқшауланып, экономикасы талан-таражға ұшыраған шақта Америка қуатты әрі одақтастарымен ұжымдаса білді», – деген еді 2015 жылдың басында АҚШ президенті Барак Обама. Ал Мәскеу «оқшаулау» туралы сөздерге қалжың ретінде қарап, аса мән бермеді де.
2016 жылда Ресей Украинаға қатысты Батыспен ортақ мәмілеге келеді деген үміт бар. Бірақ ол мәміле қалай жүзеге асатынын қазір айту қиын, дейді «Geopolitical Futures» өкілі Джордж Фридман.
Мәскеу Украинаға қатысты үш әрекеттің бірін таңдайды. Бұлар: қақтығысты ушықтыру немесе оны бәсеңсіту бетбұрысы, яки әлсіреген қарсы күштердің ғұмырын соза тұру деген пікірімен бөлісті «RAND Corporation» сарапшысы, АҚШ-тың Еуроодақтағы бұрынғы өкілі Джеймс Доббинс. Ал Фридман Мәскеудің негізгі мақсаты сол күйі қалады деген сенімде, яғни олар көршілердің саяси бейтараптылығын сақтап қалуға ұмтылады. Тәжірибе жүзінде бұл дегеніңіз Ресей өз әскери күшін нығайтып, АҚШ Ресей айналасындағы «тежеу шекарасын» сызумен болады дегенді білдірсе керек.
2016 жылда Қытайдың әлем экономикасында қарқыны бәсеңдейді. Әлем экономикасы үшін бұл мұнай мен басқа да шикізат тауарларына деген сұраныс қайта азаяды деген сөз. 2014 жылы қытай ЖІӨ-сі 1990 жылдан бергі минималдық дәреже – 7,4%-ға ғана өсті. Былтырғы көрсеткіш одан да аз болуы мүмкін – 6,3 пен 7% шамасында. Қытай тарапынан азайған сұраныс шикізаттық тауарлардың құнына кері әсер етті: Bloomberg Commodity индексі 2015 жылы 26%-ға құлдырап кетті, бұл – 2008 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш.
«Bloomberg» агенттігі өзінің «2016 жылғы пессимист анықтамалығында» мынадай сұрақ көтереді: ресми Қытай статистикасы ҚХР экономикасындағы бәсеңдеу ауқымын дұрыс бағалай алмай қалса не болады? Бұл жорамал жүзеге асып жатса, қуаттардың дұрыс қамтылмауынан бірінші кезекте зардап шегетін Қытайдың ірі индустриялық орталықтарында әлеуметтік шиеленіс туындайды. Оны басу үшін Бейжің, бір жағынан, сөз бостандығына қойылған шектеуді күшейте түсіп, екінші жағынан, халықтың назарын экономикалық проблемадан аластату үшін түрлі популистік компаниялар ойлап табады.
Осындай науқандарға мысал ретінде «Bloomberg» Оңтүстік-Қытай теңізіндегі қауіп-қатер арта түсуі мүмкін дегенді алға тартып отыр. Қытай үкіметі шекаралық даудың ушығуы сынды «көзбояушылықты» «халқына ҚХР-дың аймақтағы алдыңғы қатарлы күшке айналғанын» көрсету үшін пайдалануға тырысады деген пікірмен Фридман да келісіп отыр. Ол шын мәнінде әскери тайталасқа ешқандай негіз жоқ деген сенімде.
Коэннің айтуынша, 2016 жылдағы ҚХР экономикасының бәсеңдеуі Қытайдың ғана емес, оның сауда серіктестеріне де салқынын тигізуі әбден мүмкін. Қытайдың баяу даму қарқыны мен қатаң аймақтық саясаты Бейжіңнен көрші державаларды аластатып, олар өз кезегінде АҚШ-пен ынтымақтастығын кеңейтуге ден қояды дейді сарапшы. Осы орайда өткен жылы бекітілген Транстынықмұхиттық сауда серіктестігі туралы шарт АҚШ пен Шығыс Азияны жақындастырудың алғашқы қадамына айналуы мүмкін.
Қазір Еуропа дүйім жұрттың ажалына себеп болған Таяу Шығыстағы соғыстың зардабын кеңінен тартып отыр. Салдарынан аймаққа Сирия, Ирак пен Ауғанстаннан бассауғалап қаншама босқын лап берді. 2015 жылда Еуроодақ елдерінде ресми түрде тіркелген босқындардың саны 1 млн. адамнан асады – бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен төрт есе артық. Осынау миграциялық дағдарыс ЕО елдері арасындағы еркін қозғалыстың кепілі болған Шенген келісімін сынға алды. Парижде болған сериялы лаңкестіктердің кесірінен Франция, ГФР мен Швеция бастаған бірқатар мемлекет уақытша мерзімге шекаралық бақылау орнатты.
Енді, 2016 жылдың жазында Еуропа заңсыз миграцияның кезекті толқынына төтеп беруі керек болады дейді Ариэль Коэн. «Bloomberg» жаңа жылға арналған писсимистік болжамында Париждегідей жаңа лаңкестіктер орын алуы мүмкін деп ескертеді, соның негізінде ксенофобиялық көңіл-күй қалыптасып, оның соңы үлкен саяси сілкініске алып келеді, тіпті, ГФР канцлері Ангела Меркельді тағынан тайдыруы ықтимал дейді сарапшылар.
Осылайша, істі насырға шаптырмас үшін, еуропалық елдердің билігі сөз бостандығына шектеу енгізуі мүмкін дейді Коэн. «Лаңкестікпен күрес жалауымен азаматтық еркіндік, оның ішінде сөз бостандығы мен адамдардың жеке өмірі мен құқықтары үлкен қысымға алынады», – деді сарапшы. Миграциялық дағдарыспен күресудің тағы бір амалы бар: ЕО сыртқы аумағындағы шекаралық бақылауды күшейту. Джордж Фридман болса, 2016 жылы келісім іргесіндегі әр елдің ұлттық үкіметтеріне емес, тек Брюссельге тікелей бағынатын арнайы шекаралық полиция түзіледі деген сенімде.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті