Алатау бауырындағы Алматы қаласының көркін келтіріп, айбынын асырып тұрған Республика алаңы, оның төңірегіндегі бір кезеңде салынған Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің ғимараты (кейіннен Президент сарайы, қазіргі кезде қала әкімшілігінің жайы), Орталық мемлекеттік мұрағат, Президент резиденциясы, алаңның төменгі жағындағы бұрынғы Министрлік үйі, он алты қабатты екі тұрғын үй, «Мұхит» сауда орталығы тұтас құрылыс ансамблі ретінде бой көтерген болатын. Сол жылдары Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болып істеген Кеңес Мұстаханұлы Аухадиевпен бүгінгі сұхбатымыз осы күрделі құрылыстың қалай жүргізілгені туралы болмақ.
«Шаңқайдың» орнына түскен Орталық комитет ғимараты
— Кеңес Мұстаханұлы, Қазақстанға басшылық жасаған жылдары елімізде 44 қаланың тұрғызылуына тікелей басшылық жасаған ірі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың кезінде Алматы қаласындағы күрделі құрылыстың бірі — Республика алаңын салу басталған кезде қала басшысы ретінде сізге де жауапкершілік салмағын көтеруге тура келген болар?
— Өткен ғасырдың жетпісінші жалдарының ортасында ел игілігіне берілетін күрделі құрылыстар көптеп салына бастады. Өзге өңірлерді айтпағанның өзінде, Алматыда жаңа ғимараттар бірінен соң бірі бой көтерді. Бұрын қалада опера және балет театры болса, М.Лермонтов атындағы орыс драма театры, М.Әуезов атындағы қазақ драма театры, Оқушылар сарайы салынды. Ұйғыр театры күрделі жөндеуден өтті. Алматы мақта-мата комбинатының Мәдениет сарайы салынды. Еліміздің астанасы болған соң осы құрылыстардың барлығына Дінмұхамед Қонаев тікелей араласып, басшылық жасап отырды. Қаладағы құрылыстардың барлығы мемлекет басшысының қолдауымен басталды десек, ешқандай артықшылығы жоқ. Дінмұхамед Ахметұлының шақыруымен Орталық комитетте болған жиынға бөлім басшылары, құрылыс министрі Александр Коркин, Үкімет басшысы Бәйкен Әшімов, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров, өзге де құрылыс саласының жауапты мамандары қатысты. Алматыда бірнеше күрделі құрылыстар қатар жүріп, құрылысшыларымыз алып құрылыстарды салуға қабілет-қарымы жете бастаған кез еді. Дінмұхамед Ахметұлы СОКП Орталық Комитетінің шешімі бойынша Мәскеуден, оның ішінде СОКП Орталық комитетінің есебінен бөлінген қаржымен Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті ғимаратының құрылысын бастауға рұқсат алып келгенін айтты. Ең бастысы, қаржы мәселесі шешілген соң құрылыс жұмысын кешеуілдетпей бастау мен Орталық комитет ғимаратыныың орналасар жерін ақылдасып шешу мәселесін қойды. Тиісті басшыларға тапсырма жүктелді. Орталық партия комитеті ғимаратының орналасар жеріне байланысты әртүрлі ойлар айтылды. Ленин ескерткіші орналасқан төңіректі лайық көргендер болды. Сол маңдағы Үкімет үйінің төменгі жағында үлкен гүлзар бақ бар. Ленин ескерткішінің жоғары жағында да саябақ орналасқан. Сол кездегі Киров көшесі аралығына да салуға болады деген ұсыныстар болды. Бір айдың ішінде бірнеше мәрте бас қостық. Өзгелердің пікіріне құлақ асқан Димекең ақырында өзі ұсыныс жасап, тоқтамға келдік. Алғашында Димекеңнің ұсынысына бәріміз таңырқап та, тіпті, қисынға келмейтін шаруа сияқты болып көрінген еді. Ол кезде қазіргі Абай даңғылы «Арычная» деп аталатын. Ал, Абай даңғылының Фурманов көшесімен шектесетін жоғары жағын ел «Шаңқай» деп атап кеткен еді. Сол кезде Қытайда бірінің үстіне бірі опыр-топыр салынған қаланы «Шаңқай» деп атайды екен. Алматының «Шаңқайы» одан да бетер, тар көшелердің арасынан жүру қиын, батпақтан аяқ алып жүргісіз, тұрғындары төбесі балшықпен жабылған жатаған, тоқал тамдарды қалай болсын, солай салып алған еді. Олардың көпшілігі ерте бастан қоныстанып алған қазақтар, басқа да ұлт өкілдерінен тұратынын Димекең жақсы біледі екен. Мәскеуден бөлінген қаржының есебінен Орталық пария комитетінің ғимаратын салу арқылы талай отбасына баспана беруге болатынын, ал, ондай күрделенген мәселені республика бюджетімен шешудің қиын екенін де орынды көтере білді. Сонымен Орталық партия комитетінің ғимараты салынатын орын белгілі болып, арнайы шешім қабылданды. Алматыда салынып жатқан «уникальный объектілерге» Орталық комитеттің бір-бір бюро мүшесі жауапты ретінде бекітілетін. Оқушылар сарайы мен «Арасан» моншасының құрылысы басталғанда Димекең: «Бюро мүшесі емес, обком хатшысы ретінде бюрода жауап бересің» деп маған жүктеген еді. Республика алаңының құрылысын бастарда Дінмұхамед Ахметұлы: «Сенің жұмысың барлығынан да ауыр болайын деп тұр. Ертеңнен бастап кірісе берсең болады», — деп ескертті. Қандай бір құрылысты бастамас бұрын, әуелі оның жерін босатып алу керек. Сәулетшілер мен құрылысшыларды жиып, атқарылар істің барысы туралы ақылдасып, кеңестік.
Қала ауқымы жүгерілік алқаптың есебінен ұлғайды
— Сол кездің өзінде құрылыс жұмыстарының қауырт жүргізілуі қала көлемін арттыру талабын туғызған болар?
— Алматының сол кездегі тұрғындары қаланың орталық бөлігіне шоғырланып қалған еді. Республика алаңының құрылыс жұмыстары бөлек қаралды. Төмендегі Комсомол (қазіргі Төле би көшесі) бойындағы бұрынғы алаңның жоғары жағында екінші жаңа алаң пайда болатын болды. Алаңның төңірегі бос тұрмауы тиіс, үлкен кешенді құрылыс жасауымыз керек болды. Оның жобасы да кең түрде ойластырылды. Олар министрліктің қаржысына салынатын болды. Осы екі құрылыс жайы мен Фурманов көшесінің жоғары жағынан Ленин музейі орналасатын болды. Республика алаңы мен Орталық комитет ғимаратының орындарын жыпырлаған үйлерден босатуымыз керек. Шығысында Фурманов көшесі, батысында Мир (қазіргі Желтоқсан) көшесінің бойын жоғары қарай тазалау міндеті тұрды. Фурманов көшесінің Абайдан жоғарғы шығыс жағы да екі қабатты ескі үйлерден тұратын. Құрылыс орындарының жобасын дайындау Орталық комитеттің құрылыс жөніндегі хатшысы мен бөлімдеріне тапсырылды.
Ол кезде Алматыда үй құрылысы да қарқынды дамыды. Алматы үй-құрылысы комбинаты жарты миллион шаршы метрге дейін үй құрылысын салуға қуаты жеткен еді. Тығыз қоныстанған ел қалаға сыймауға айналды. Қазіргі бірінші және оныншы ықшамауданнан кейін Саин көшесінен ары қарай жүгері дақылы өсірілетін. Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болып тұрғанымда қаланың көлемін Саин көшесінен ары қарай ұлғайтуға тура келді. Сол кездегі Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы Семен Елагинмен жер мәселесін ақылдасқанда: «Ол жерлер ауылшаруашылық мақсатқа қажет. Жүгері дақылы жақсы өсіп жатыр», — деген уәж айтты. Оның алдында бір-екі рет жүгері өскен алқапты аралап көргенім бар. Кешкілік мезгілде ықшамауданның тұрғындары жүгерілік алқапты аралап, енді пісуге таянған собығының 70-80 пайызын жинап алғанын білдім. Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровқа барып, ол жерден жүгері өнімін алуға болмайтынын жеткіздім. Ертеңіне Семен Елагинді ертіп, үшеуміз жүгерілік алқапты аралап көріп, егістіктің қандай жағдайда екеніне көз жеткіздік. Содан кейін ол жерді қалаға қосып, ықшамаудан құрылысын салуға жол ашылды.
«Домалақ арыздан» соң Республика алаңының ені 12 метрге қысқарды
— Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүргенімізде Орталық партия комитеті мен Республика алаңының орнында тығыз қоныстанған ел жаңа пәтерге қарық болғанынан хабарымыз бар.
— «Шаңқайдағы» жыпырлаған үйлерде тұратын адамдарды көшіру оңайға түспеді. Бір үйде әке-шешесі мен бала-шағасынан бөлек, туған-туысқандары тіркеуде тұрғандықтан, әрқайсысына пәтер беруге тура келді. Екі жанға бір бөлмелі, одан көпке екі-үш бөлмелі пәтер бөлінді. Тек Республика алаңының өзінен 720 отбасы пәтерлі болды. Алаңның жоғары жағындағы Орталық комитет ғимаратының орнынан 785 отбасы, барлығы 1,5 мың отбасы пәтерлі болды. Сол уақытта бас-аяғы 5-6 мың адам үйлі болды. Республика алаңы мен Орталық партия комитетінің орнындағы ескі үйлер көшірілген соң құрылыс жұмыстары қолға алынды. Алаңның төменгі жағынан екі биік тұрғын үй, одан екі жаққа қанат болып шығып тұрған Министрлік үйінің жобасы жасалып, іргетасы қазыла бастады. Республика алаңының құрылысына кіріскен кезде біреулер Мәскеуге «домалақ арыз» жазып жіберді. «Алматыда салынып жатқан алаң Қызыл алаңның көлемінен артып кеткенін» жазған «домалақ арызды» Димекең маған көрсетіп: «Енді мынаны қайтеміз?» — деді. Қаланың бас сәулетшісі А. Қапанов қасына екі-үш адам ертіп барып, Кремльдің Қызыл алаңын өлшегенде біздің Республика алаңының ені 12 метрге артып кеткені белгілі болды. Димекеңмен ақылдасып, басы артық 12 метр алаңды тарылту үшін биік ағаш отырғызуға болмайтындықтан, қарағаш отырғызатын болып келістік. Қарағаштың қаншалықты пайдалы екенін жақсы білгенім сол кезде еді. Қырғызстанда қарағаш өсіретін питомниктен ағаш алдырдық. Кейіннен өзімізде де қарағаш өсірілетін болып, Республика алаңынан бөлек, Абай даңғылының, басқа да көшелердің бойына отырғыза бастадық. Бойы аласа, шеңберленіп өсетін қарағаш қалаға көрік беріп тұрды.
Құрылыс жұмыстарының орнын тазалап, енді кірісер алдында Мәскеуден Бас хатшы Л.И.Брежневтің өзі келіп, алаңның төменгі жағындағы он алты қабатты тұрғын үйдің ортаңғы бөлігіне дейін көтерілген темір қаңқасына ұзақ қарап тұрып: «Ох Димаш, куда ты железо гоняешь?» — деді әзілдеп. Ол кезде биік құрлыстардың қаңқасын темірден тұрғызуға болмайтын, ондай құрылысқа тек Мәскеу рұқсат беретін кезде Димекең үндемей қалды. «Орталық партия комитетінің ғимараты мен Республика алаңын жақсы жерге орналастырған екенсіңдер. Ана биік таудың көрініп тұрғаны қандай жақсы», — деп Леонид Ильич жақсы баға беріп, бізді қуантып кетті.
Алаңдағы ғимараттар тұтас ансамбльді құрайды
— Алматыға бөлекше көрік беріп тұрған Республика алаңы мен Орталық партия комитетінің ғимараты құрылысын жүргізуде қандай ерекшеліктер қолданылды?
— Республика алаңы — Алматы қаласының көпшілік, салтанатты және әскери шерулер, спорт мерекелері, өзге де көпшілік шаралар өткізетін тұрақты басты алаңы болды. Алаң Сәтбаев көшесінің бойына, Фурманов пен Желтоқсан көшелерінің аралығына орналасқан. Алаңның орталық бөлігінің солтүстік беткейі Байсейітова көшесіне қарай 45 градусқа бүйірленіп, кеңейтіле түскен. Оңтүстік жағы ансамбльдің басты бөлшегі – Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің ғимаратымен (кейін Президент сарайы, қазіргі кезде қала әкімшілігінің ғимараты) жалғасады. Бұл ғимарат тұғыры негізгі алаң мен мінберден біршама әрірек салынып, тау көрінісімен астасып, жарастық тапты. Алаң солтүстік жағынан екі бірдей әкімшілік-қызмет ғимараты және он алты қабат екі тұрғын үймен жалғасты. Республика алаңындағы композициялық құрылыс — Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті ғимаратының биік еңсесі алаңдағы басқа құрылыстардан оқшауланып тұрады. Оның сыртқы келбеті сәулеті қомақты да қарапайым пилондар жүйесін қайталау арқылы шешім тапқан. Әкімшілік-қызмет ғимаратының (солтүстік жағы) сәулеті көрікті де жинақы үлгіде тұрғызылған. Ғимараттың төменгі белдеуіне биіктігі үш қабат мөлшеріндегі арка орнатылған. Арка ақ мәрмәрмен қапталып, күнқағарлар мен қабырға жазығы суға ерімейтін ақ сырмен сырланған. Ғимарат керегесі құрастырмалы темір-бетонмен тұрғызылып, қабырғасы аспалы керамзит-бетон панельдерден салынған.
Сәтбаев көшесінің солтүстік, Байсейітова көшесімен қиылысар тұсында алаңға барар жолдың қос босағасына 16 қабат екі тұрғын үй тұрғызылды. Бұл үйлердің жоспары күрделі болып келеді және олар жоғарғы жағы зәулім де екі қабатты тұғыр көлемнен құрылған. Астыңғы екі қабатта кітап дүкені де, ал жоғарғы қабаттар — тұрғын пәтерлер болып келеді. Он алты қабатты тұрғын үйлердің негізгі конструкциялық ерекшелігі — жер сілкінісіне төзімді тұтас беріктік діңгегіне байланыстырып салынған. Ғимараттың керегесі темір құрсаудан тұрғызылған. Әр үйде 72 пәтерден бар.
Республика алаңының Орталық партия комитетінің ғимаратына ұласар тұсында мінбер орналасқан. Алаң өңірі түгелдей абаттандырылып, жасыл желекпен көмкерілген. Ғимараттың қос қапталында (шығыс және батыс) хауызды баулар бар. Алаң кешенінің құрылысы пайдалануға 1980 жылы берілді. Құрылыс ансамблінің авторлары – А.Қ.Қапанов, Қ.Ж.Монтахаев, М.П.Павлов, Д.А.Сейдалин, Ю.Б.Тумонян, инженер К.Қ.Нұрмақовқа 1982 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Республика алаңы — Алматының Сәтбаев көшесінен оңтүстікке қарай Фурманов пен Желтоқсан көшелерінің аралығындағы текпішекті төсектас үстіне салынған бұл ғимарат алаң бойындағы басқа құрылыстардан оқшау көрінеді. Республика алаңының тұтас бөлігі солтүстікке қараған. Оған түйісетін жаяу жүргінші жолдары текпішекті әсем басқыштар және пандустармен, жасыл желекті бау, көгалды гүлзарлармен айшықталған. Қарсы бетінің архитектуралық шешіміне ауқымды да қарапайым пилондар жүйесін қолдану және ырғақты үйлесім әдісімен негізгі кіреберіс бөлігін оқшаулай отырып, тұтас басқұрмен біріктіру тәсілі қолданылды. Ғимараттың оңтүстік бөлігі — сегіз қырлы пленум залы көлемін оқшаулай отырып, өтпелі галерея арқылы қызмет павильондарымен жалғасқан үш бөлікті құрылым түрінде шешімін тапқан. Ғимарататтың жалпы жобасы — ішкі аула, алты қабатты үш павильон мен екі қабатты екі павильон, мәжіліс залынан тұрады.
Басты павильонның үлкен дәлізі еңселі үлкен зал түрінде салынған. Одан жоғары тартылған басқыш, екінші қабаттағы мәжіліс залы негізгі дәлізге алып барады. 600 орындық мәжіліс залының жалпы жобасы шеңберленіп келген де, төбесі аспалы күмбезбен жабылған. Дәліз, кең де жарық кіреберіс пен зал сәулеті тұтас темір-бетон құрылымы арқылы шешілген. Алты қабат қызмет бөлмелері павильондары құрастырмалы тімір-бетон құрылымы арқылы өтетіндей қуыс қалдырылып, ірі керамзит панельдерінен жасалған. Барлық бөлмелер тұрақты қондырғы арқылы желдетіліп тұрады. Ғимаратты әрлеу ісіне мәрмәр, ұлутас, қиыршық тас сылақ қолданылды. Тұғыр бөлігі тегістелген гранит және «бұйра сылаққа» ұқсас бедерлі гранит тақталармен қапталған.
Құрылыстың жүргізілген уақыты — 1976 – 1980 жыл аралығы. Ғимарат жобасының авторлары — сәулетшілер Қ.Ж.Монтахаев, А.Қ.Қапанов, М.П.Павлов; конструкторлары — К.Қ.Нұрмақ, М.Д.Горохов, Б.И.Вагайцев.
Алматы қаласы орталық бөлігінің өзек түйіні болып табылатын Республика алаңы құрылыс кешенінің ансамбліне кіріп, осы алаңның оңтүстік-шығыс бөлігінде 1977 жылы В.И.Ленин музейі ғимаратының құрылысы басталған еді. Кейіннен ол Президент резиденциясы болды. Республика алаңындағы құрылыстар көгалға бай, ашық алаңда, Алатаудың қарлы шыңдарының аясында орналасқан. Президент резиденциясы ғимаратының басты қелбеті солтүстікке қараған. Алаң жағындағы декоративті субұрқақ және бассейн каскада түрінде резиденцияға алып баратын эспланада салынған. Ғимарат құрылысы 1995 жылы аяқталды. Авторлары: бас сәулетшісі — Қ.Ж.Монтахаев, сәулетшілері — С.Қ. Баймағамбетов, О.Е.Цай, бас конструкторы — Т.С.Алпысбаев, дизайнер — Де Шанель, мердігері — «Бунг» фирмасы (Франция).
Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ғимараты болған соң өзге елдерден қонақтар көп келеді. Ол ғимараттың Фурманов көшесі жағындағы қапталында әскери округтің жан-жақпен байланысып тұратын антенналардан тұратын алаңы болатын. Осы алаңды көшіру үшін 10 миллион сом қаржы керек болып, құрылысшыларымызды араластырып, екі қабатты ауруханасынан басқасының бәрін түгел бұздық та оның орнына Орталық мемлекеттік мұражайдың құрылысы басталды. Фурманов көшесінің Абай даңғылымен түйіскен маңынан бес қабатты үйлер, «Мұхит» балық өнімдерінің сауда дүкені ашылды. Осы құрылыс жайларының барлығы бір-бірімен сәйкестендірілген тұтас ансамбль болып шықты. Сол жылдары пайда болған Сәтбаев көшесі шығыстан батысқа қарай созылған қаладағы ең үлкен көшелердің бірі болды. Қазіргі Райымбек даңғылынан жоғары Төле би көшесі мен Абай даңғылдарынан кейін қалаға көрік берген, төріндегі шырайын ашқан көшеге Сәтбаевтың есімін беру туралы ұсыныс болғанда көпшілік қол шапалақтап, қолдаған еді. Кезінде Республика алаңына Л.И.Брежневтің атын беру туралы ел ішінде қауесет те тараған болатын. Республика алаңының аты «Жаңа алаң» деп аталып, жазылып жүрді.
Сұхбатты жүргізген — Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ.
almaty-akshamy.kz