Қай тілде сұрақ қойылса, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ немесе өтiнiш жасалған тілде жауап берілу керек
2016 ж. 16 ақпан
13682
35
Елбасы Тіл туралы заңның сақталуын талап етті
Бүгін Алматыдағы жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барлық облыс бойынша "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңының сақталуын тексеруді тапсырды.
Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыны дамыту жөніндегі және 2017 жылғы Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың дайындығы жөніндегі жиналыс кезінде айтты.
"Тіл туралы мәселеде бізде заң бар. Бізде Конституцияда жазылған. Адам орыс тілінде сауал жолдап, жауапты қазақ тілінде алып жататын жағдайлар туралы қауесеттер жетіп отыр. Прокуратура неге тексермейді? Егер адам орыс тілінде сұраса, жауап та орыс тілінде болуы керек. Мен білемін, көп президенттер бір тілде ғана сөйлейді. Путин орыс тілінде, түріктікі түрік тілінде сөйлейді. Ал мен екі тілде сөйлеймін. Бұл маған өте ұнағандықтан емес, мені барлық тұрғындар түсінсе деймін. Президент Әкімшілігіне барлық облыс бойынша тексеруді тапсырамын. Бұлай жасайтындардың барлығын жұмыстан шығару керек", - деді Назарбаев.
Осы орайда көптеген БАҚ президенттің сөзінің негізіне бойламай, аттандап жатқаны белгілі. Дегенмен санасы бар адамның сөз астарына мән бергені абзал. Тіпті Елбасының осы сөзі үшін қуануы керек еді. Себебі, жергілікті билікке қандай да бір сауал жолдаған сәтте мемлекеттік тілде жазатын болса, мұндай мәселенің туындамасы анық. Және Нұрсұлтан Назарбаевты тіл туралы заңнан аттап кеткендей етіп көрсету де, ел мен Елбасының арасына іріткі салудан басқа түкте емес. Әйтпесе, кеше ғана "Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін" деген Президент бүгін өз сөзіне өзі қарсы шығады дегенге кім нанады?!
Президенттің: "Егер адам орыс тілінде сұраса, жауап та орыс тілінде болуы керек"-деген сөзін: "Егер адам қазақ тілінде сұраса, жауап та қазақ тілінде болуы керек,-деп ұғуға тура келеді. Өйткені, тіл туралы заң бойынша, егер адам қай тілде сұрақ қойса, сол тілде жауап берілу керек. Мемлекет басшысы айтқандай: "Егер ол орыс тілінде сөйлесе, ол жауапты орыс тілінде алуы керек." Ендеше, "Егер ол қазақ тілінде сөйлесе, ол жауапты қазақ тілінде алуы керек." Ал сіз қазақ тілінде сөйлесеңіз, сізге орыс тілінде жауап берсе, онда Президент айтқандай: "Бұлай жасайтындардың барлығын жұмыстан шығару керек!" Ал бұған қазақ тілінің еліміздегі 134 тілдің бірі емес, Конституция бойынша МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ екенін де қосыңыз. «ҚР Тілдер туралы» Заңның «Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап» деп аталатын 11-бабында: «Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi», -деп тайға таңба басқандай жазылған.
Президент сөзін "Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейту өз қолдарыңызда. Жоғарыға жолдайтын хаттарыңызды тек қана мемлекеттік тілде жолдаңыздар. Сол кезде басы артық әңгіме болмайды" - деп түсіну санасы бар адамға тайға таңба басқандай анық екенін байқау қиын емес.
Біреуді кінәлап, біреудің мінін іздегенше сөз астарына (!) мән берген абзал болар.
Ержан Жаубай
qazaquni.kz
Дереккөз: GU-GU.kz